«ЖАЙЛАУДЫҢ АЙҚАЙ БАСЫП ОЙЫ, КӨГІН, БҰЛ КӨКПАР АЛЫП КЕТТІ ТОЙ ІЛЕГІН…»

«ЖАЙЛАУДЫҢ АЙҚАЙ БАСЫП ОЙЫ, КӨГІН, БҰЛ КӨКПАР АЛЫП КЕТТІ ТОЙ ІЛЕГІН…»

Жайлаудың айқай басып ойы, көгін,
Бұл көкпар алып кетті той ілегін.
Мертіккенге пысқырып қарамаған,
О, көкпар, өр халқымның ойыны едің, – деп әр қазақтың делебесін қоздырып, қанын ойнатады.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде ат спорты, оның ішінде көкпар ойындары ерекше дамыды десек, оған біздің облыс шабандоздарының, ат спорты мамандарының қосқан үлесі көп. Облыс көкпаршылары Қазақстан Республикасының чемпионатында 12 мәрте, ҚР жастар арасындағы чемпионатта 8 мәрте жеңімпаз атанғаны осы сөзімізге нақты дәлел. Кейінгі жылдары көкпардан Азия, Әлем чемпионаттары өте бастады. Оның барлығында Қазақстан құрамасына тең келетін команда табылған емес. Осы Қазақстан көкпаршылар құрамасының 40 пайызға жуығын біздің жамбылдық майталман жігіттер құрайды.

Облыс көкпаршыларының негізгі ошағы Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында шоғырланған десек, қателесе қоймаспыз. Себебі, бұл ауылда Сияқұл Сейітов есімді атбегі, көкпаршы, ұлттық ат спортының жанашыры болған қария ғұмыр кешкен. Ол кісі көкпар мен бәйгенің керемет мықты аттарын дайындап, суытып, баптаумен де айналысқан. Қай кезде де белбеуінен ат кетпеген. Сияқұл қарияның балалары Сейсенбек, Райымбек, Ақылбек, Нұрлыбек тегіс мықты көкпаршылар болса, бұлардың балалары да аттың жалында жүріп жетілгендер. Ал Сейіт қарияның Мариям есімді қызынан туған Нәби, Күліпбай, Ағабек, Қалабек бәрі де көкпаршылар болып, өсіп жетілді. Әсіресе Нәби Момыновтың есімі төңірекке ерекше жайылды. Сол Нәби көкпаршы кейіннен ауылдық округ әкімі болып қызмет те атқарды. Әкенің көкпаршылық өнерін баласы Нұрдәулет Момынов жалғады. Жоғарыда айтылғандай, көкпардан Қазақстан чемпионатын біздің облыс 12 рет ұтып жатса, бұл жетістікке Нұрдәулет Момыновтың қосқан үлесі өте қомақты. Ол бірнеше жыл тақымынан көк серкені бір елі босатпаған, майталман, аңыз көкпаршы болды. Облыс құрамасының капитаны ретінде де көзге түсті. Ал қазір өңірдегі барша көкпаршылардың бапкері ретінде жеңістерге жетіп жүр.

Енді облыстағы негізгі көкпар құрамасының жағдайына тоқтала кеткен жөн шығар. Қазіргі таңда ересектер арасында көкпардан өңіріміздің намысын Әлем және Азия чемпионы Бағлан
Шырынбаев, Азия чемпионы Құрманбек Тұрғанбек және Жасұлан Қожақұл, Құлажан Тоғайбаев, Манарбек Дүйсенбаев қорғап жүр. Құрманбек Тұрғанбек Қырғыз жерінде өткен халықаралық көкпарда 37 мәрте салым салып, «Ғасыр ойыншысы» атанды. Мұндай жетістікпен неге мақтанбасқа? Көкпардан Қазақстан құрамасының сапында да осы шабандоздар бар. Сол сияқты Елдос Асыл, Ернар Жарылқасын сынды жігіттер де нағыз шебер екендерін көкпар жарысы сайын дәлелдеуде. Ал команда капитаны – қорғаныс пен шабуылда бірдей майталман көкпаршы Есжан Құрманбай. Есжанның
есімі айтылған сәттің өзінде талайлар ығып тұратынын естіп жүрміз.

Былтыр осы жігіттердің мықтылығымен көкпардан облыс құрамасы еліміздің федерация кубогы сарапқа салынған додада да, «Ұлы дала рухы» ойындарында да жеңімпаз атаныпты.

Ал облыс жастар құрамасының сапында 21 жасар Бекзат Шәкір (Талас ауданы), Бекзат Рәт (Жамбыл ауданы, әкесі Рәт, немере ағасы Ислам кезінде дода бұзған үздік көкпаршылар болған екен), Мұстафа Ертаев, Ерғалым Жақсылық және команда капитаны Ернат Мәлімбай (ересектер құрамасында да өнер көрсетеді) бастаған нағыз мықты, сайдың тасындай жігіттер бар екен.

Бұл топқа енді өнер көкпарының жігіттері де қосылды. Былтыр Тараз жерінде өткен бір маңызды республикалық жарыста облысымыздың өнер көкпар құрамасы түркістандықтардан айқын жеңіліп, жерлестер сенімін ақтай алмай қалған еді. Бұл жағдай жамбылдық жанкүйерлердің де көңіліне қаяу салып, облыстағы көкпар саласының мамандарының намысын келтірген көрінеді. Кейіннен облыстың өнер көкпар командасы Елордада өткен республикалық жарыста қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанады. Көкпар тартқан – сол жігіттер. Мұның себебін «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы» мекемесінің директоры, өңір көкпаршыларына үлгі болып жүрген Нұрдәулет Момыновтан сұраған едік.

– Рас, алдында Таразда өткен жарыста жамбылдық өнер көкпарының жігіттері жеңіліп қалған болатын. Ол бәсекеге өздері мүмкіндігінше дайындалған еді. Себебі, ересектерді кезекті чемпионатқа дайындап жүріп өнерлі жігіттерге көңіл бөле алмадық. Ал осы сәтсіздіктен кейін көкпар тартамын деген өнерпаздардыңбәрін жинап алып, сұхбат құрдық. Өзгерген ешкім жоқ, сол жігіттер ғой. Бірақ, оларға мән беріп, жұмыс істедік. Өздеріне сай аттарына мінгіздік, қабілеттеріне қарай міндеттерін айттық. Кім қорғанысқа мықты, кім шабуылға шығуы қажет екендігін пысықт ап, физикалық шеберлігіне де мән бердік. Бұл бағыттағы жұмыстарды танымал балуанымыз Шыңғыс Жақыпов және Жандос Сметов жүргізді. Сонымен Бақберген Сметов, Мақсат Файзолла бастаған өнерпаз жігіттерді сақадай сай деңгейге жеткіздік. Келесі жарыста құрамында Тәуекел Мүсілім, Бағлан Әбдірайымов бар Жетісу командасын 5:2 есебімен жеңіп, алдында бізді ұтқан түркістандық өнерпаздардан да ірі есеппен басым түсті. Танымал әнші ағамыз Досымжан Таңатаров: «Кішкене жай ойнап, ақмолалықтарды қонақ деп сыйламайсыңдар ма?» деп әзілдеп қойды. Өнерпаздардан құралған көкпаршылар командасын да осындай биік дәрежеге жеткіздік. Себебі, даңқы шыққан Әулиеатада барлық деңгейдегі көкпаршылар ұятқа қалдырмауы тиіс. Жамбыл өлкесінің көкпардағы жеңісті жолы жалғаса берсе дейміз, – деді Н.Момынов. Біз орайы келіп тұрғанда Нұрдәулеттен неге көкпарды ерте қойып кеткенін, қазіргі әулиеаталық көкпаршылардың жақсы атпен қамтылу деңгейін сұрадық.

– Біз чемпионатқа қатысып жүргенде салым тайқазанға салынатын. «Тайқазан» деген қазандық Қырғыз елінен шыққан. Олар әуелі өздері бірер жыл ішкі чемпионаттарында тәжірибеден өткізіп, төселіп алды да, Орта Азия деңгейіне енгізіп жіберді. Бірнеше жыл сол «Тайқазан» тәсілі бойынша өнер көрсеттік. Соңғы мәрте 2017 жылдың басында Қазақстанның кезекті рет чемпионы болдық, сол ойыннан соң «Тайқазанға» тастау тоқтады. Оның орнына шеңберге тастау әдісі енгізілді. Бұл шеңберге тастау қазақтардікі. Бірақ, бірге дода бұзған Жұлдызхан Тайырбеков екеумізге бұл әдіс сәйкес келмеді. Шеңберге тастау тәсіліне білектің күші онша қажетті емес. Мықты жүйрік атқа серкені бір салып берсең, жеткізбей шауып барып, салымды шеңбердің дәл ортасына салуына мүмкіндік бар. Бірақ, шеңбердің сыртына серкенің бір тал жүні шығып жатса, салымға саналмайды. Оның да ережесі жеңіл емес.

Бұрын қазандыққа топтасып, кимелеп әдіс жасаушы едік. Жаңа тәсілде ол жағы да керек болмай қалды. Сонымен, «Жұлдыз досым, екеуміз көкпаршылықтан кетіп, жастарға орын берейік. Өзіміз бапкер болайық» деп оны көндіріп, екеуміз жаттықтырушылыққа ауыстық. Ойыншының қатарынан кетсем де, осы «Әулиеата» көкпар клубының төңірегіндемін. Көкпардан кету біздің жасымыздың келгендігінен емес. Мәселен, 46 жастағы Манарбек Дүйсенбаев әлі де «Әулиеата» көкпаршыларының сапында көкпар тартып жүр. Оның шеберлігі, жылдамдылығы, күш -қайраты жас жігіттерден еш кем емес. Ойынында да еш қателік жоқ. Ондай ойыншыны неге шығаруға тиіспіз? Құлажан Тоғайбаев, Жасұлан Қожақұл деген 35 жастағы жігіттер де 20 жасар жігіттерден кем еңбектеніп жүрген жоқ. Физикалық дайындықтары мықты.

Біздің клубта көкпардың жақсы аттары бар. Алайда аттың саны жеткіліксіз. Тіпті аз деп айтуға да болады. Себебі, ойынға қатысатын көкпаршылар ауысқанымен, аттар демалмайды. Барлық деңгейдегі чемпионаттарға қосылады. Кейде көкпардан бөлек «Ауыл спорты ойындары» деген жарыстарға да біздің аттарды алдыртады . Көкпардан Азия, Әлем чемпионаттары, халықаралық жарыстар өтсе де біздің аттарға тыным жоқ. Қысқасы, көкпардың белді аттарын пайдаланғысы келетіндер көп. Бірақ, сондай сапалы аттардың санын көбейту, оларды да демалдырып, бабын жасап, шаршата бермеуді ойлап жүргендер аз. Шабандоздар мінетін аттың бағасы да арзан емес. Сондықтан бойында қазақы қаны ойнаған мықты жігіттер біздің көкпар клубын сапалы атпен қамтуға қолдау білдіріп жатса, дұрыс болар еді. Бұл мәселе облыстық деңгейдегі жиындарда да көтеріліп, айтылып жүр. Қазіргі таңда аудандарда да көкпар ойыны дамып жатыр. Ауылдарда да салымды командалық жүйемен салу жолға қойылып келеді. Шеңберге салым салу әдісі аттарға зақым келмеу, ойыншылардың зақымданбау жағын да азайтты.

Көкпар –спорттың төресі. Оны жігіттің жігіті тартады. Ал қазір ауылдарда көкпарсыз жиын өтпейтін жағдайға жақындап қалдық. Бұл – қазақтығымыздың, ержүрек намысымыздың, болмысымыздың оралуы. Мен басқаратын орталықта ұлттық спорттың басқа түрлері де қамтылған. Екі рет «Жылдың үздік мекемесі» атағын жеңіп алдық. Соңғы жетістігіміз тоғызқұмалақ ойынын дамытқанымыз үшін берілді. Еңбегімізді бағалап жатқан облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековке рақмет. Мүмкін болса белгілі спортшыларды қолдауға күш салып жатырмыз. Мәселен, жақында қазақ күресінен бірнеше ірі жарыстардың жеңімпазы, «Қазақстан барысы» турнирінде де сәтті өнер көрсеткен Дәулетхан Жақыпов мен басқаратын мекеме директорының орынбасары болып жұмысқа кірісті. Енді Дәулетхан екеуміз бас болып бірнеше жоспарларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз, – деді ұлттық спорттың жанашыры. Аталған мекемеде ұлттық спорттың жеті түрінен спортшылар дайындалады. Барлығы 210 спортшы бар. 15 жаттықтырушы тер төгуде. Олардың ішінде ҚР еңбек сіңірген спорт шебері –үшеу, ҚР спорт шебері – 3 1, спорт шеберлігінен үміткер спортшы– 30. Ересектерден жасақталған ұлттық құрамада – 19, ұлттық жастар құрамасында – 11, ұлттық жасөспірімдер құрамасында 1 спортшы бар екен.

Мекеменің қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Аударыспақтан былтыр сәуір айында Тараз қаласында ересектер арасында өткен ҚР чемпионатында 74 килода Дәулет Ержепбаев пен 84 килодағы Нұржігіт Әмзеев чемпион атанса, 82 келідегі Қайсар Маханбетов қола жүлдеге қол жеткізіпті.

Жамбы атудан 2021 жылдың мамырында Алматы облысында өткен ересектер арасындағы ел чемпионатында Бақдәулет Бабажан алтыннан алқа тағынса, командалық есепте жамбылдықтар үшінші орыннан көрініпті. Ал өткен жылдың маусым айында Көкшетау қаласында жамбы атудан жастар арасындағы ҚР чемпионатында Серікбол Жалғасұлы қола жүлдемен оралған. Өткен жылдың маусым айында Қарағанды қаласында жасөспірімдер арасында өткен ҚР біріншілігінде жамбы атудан Әліби Әкімбек күмістен алқа тағыныпты.

Ал былтыр қазан айында Ақтау қаласында өткен республикалық «Ақбидай» ауыл ойындарында Бақдәулет Бабажан мен Абзал Тулыбеков екінші жүлделермен оралыпты. Теңге ілуден Қарағанды қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында Нұрислам Намазбай күміс медальді еншілеген екен.

Құсбегілік өнерден де кенже қалып жатқан жоқпыз. Былтыр ақпан айында Өскемен қаласында өткен ителгі, бүркіт, қаршыға ұшырудан кезекті ҚР чемпионатында Жалғас Әкімбеков екінші (қаршыға ұшыру), Бақдәулет Бабажан (ителгі) үшінші жүлделермен оралып, қуантыпты.

Асық атудан былтырғы наурызда Түркістан қаласында ересектер арасында өткен ҚР чемпионатында да жамбылдықтар ешкімге дес бермеген. 2021 жылдың мамыр айында асық атудан Қостанай қаласында жасөспірімдер арасында өткен чемпионатта жерлестеріміз күміс жүлде еншілеген. Ал осы жастар құрамасы Көкшетау жерінде өткен жарыста қола жүлдеге ие болыпты.

Тоғыз құмалақтан да жеткен жетістіктеріміз жаман емес. Былтырғы наурызда Павлодар қаласында өткен жастар арасындағы ҚР чемпионатында Нұрбол Әлдибай классика және рапид түрлері бойынша чемпион атанған. Семей қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы чемпионатта классика бойынша Айдана Молдабек чемпион атанса, рапид түрі бойынша 11 жасар Ернат Күнтубай қола жүлдегер иесі атаныпты. Қостанай қаласында өткен ҚР кубогында Нұрболат Әлибай чемпион болған.

Мұндай толағай жетістіктің бәрі қажырлы еңбекпен, мықты ұйымдастырушылықпен келетіні белгілі. Осы жұмыстардың бастауында танымал көкпаршы, ұлттық спорт жанашыры Нұрдәулет Момынов тұр.

 

Есет ДОСАЛЫ, АҚ ЖОЛ ГАЗЕТІ
22.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 86
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 94
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 191
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 191
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 329
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 332
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 555
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 501

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9205
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8602
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11829
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9599
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10813