Өткен аптада елордамыздағы еңсесі биік, абыройы асқақ тұрған Ұлттық академиялық кітапханада тамаша бір оқу құралының тұсауы кесілді. Тарқатып айтар болсақ, филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы-синхронист, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Камал Әлпейісова дайындап шыққан мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған тиімді әдістемелік құрал – қазақ- орыс-ағылшын фразеологиялық сөздігінің тұсаукесері өтті.
Айтулы шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы ұйымдастырды. Тұсаукесерге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи, жазушылар, ғалымдар, ЖОО оқытушылары, ҚХА мүшелері, лингвистер, сондай-ақ аударма ісі мен мәдениетаралық диалогты дамыту саласындағы мамандар қатысты.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш еңбек Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай баспадан шыққан екен. ҚХА-ның басты бағыттарының бірі мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау екендігін ескерсек, бұл еңбек қалың оқырман қауым үшін таптырмас көмекші құрал болары сөзсіз.
Сөздікті жасап шығарушы ғалым Камал Әбілқасымқызы: «Бұл сөздік білім беру, журналистика, саясат және мәдениетаралық байланыс салаларында қолдануға бағытталған. Қазақ мақал-мәтелдері мен тұрақты сөз тіркестерінің (фразеологиялық бірліктердің) орыс және ағылшын тілдеріндегі мағыналық аудармасын білу сөздік қорын кеңейтуге мүмкіндік береді және қазақ тілін терең меңгеруге ықпал етеді», – дейді.
Аталмыш сөздің бұған дейін 2006, 2011 және 2016 жылдары қазақ-орыс нұсқаларында басылып шыққан. Ал араға 9 жыл салып барып қайтадан жарық көрген сөздіктің ерекшелігі ағылшын тіліндегі аудармалармен толықтырылғандығында болып отыр.