Жамбыл облысы Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов тұрғындарды жеке қабылдап, көкейдегі көптеген мәселелерге құлақ түрді.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде азаматтар өздерін толғандырған әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін тікелей жеткізуге мүмкіндік алды. Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан білім беру саласындағы түйткілдер, кәсіпкерлікті дамыту, жастарды қолдау, шаруалардың жайылымдық жерлермен қамтамасыз етілуі, азаматтарды тұрғын үймен және көгілдір отынмен қамту, сондай-ақ балық шаруашылығын дамытуға қатысты ұсыныстар мен өтініштер қаралды.
Аудан басшылығының бастамасымен ұйымдастырылып келе жатқан мұндай жеке қабылдаулар халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, шешу жолдарын нақтылауға бағытталған тиімді құралдың бірі. Аталған кездесуде әр тұрғынның мәселесіне мұқият көңіл бөлініп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.
Бұл жыл басынан бері өткізілген 36-шы жеке қабылдау. Осы уақыт аралығында жалпы 176 тұрғын қабылданып, 192 мәселе қаралған. Оның ішінде 77 өтініш бойынша нақты шаралар қабылданып, тиісті шешімдер табылған. Ал 26 мәселе түпкілікті шешілгенге дейін тұрақты бақылауға алынған. Қалған сұрақтар бойынша азаматтарға қолданыстағы заңнама шеңберінде жан-жақты түсініктемелер берілді.
Мұндай кездесулердің мақсаты – тұрғындар мен жергілікті билік арасында ашық байланыс орнату, азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететін өзекті мәселелерді тиімді әрі дер кезінде шешу. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың әрбір өтініші назардан тыс қалмайды, олардың көпшілігі нақты нәтиже беріп, оң шешімін табуда.
Аудан әкімі атап өткендей, халықпен кездесулер тек есеп беру сипатында емес, нақты мәселелердің шешімін іздеуге арналған.
– Әрбір тұрғынның өтініші біз үшін маңызды. Халықпен тұрақты байланыс орнату – жергілікті атқарушы органдар жұмысының өзегі. Біз тұрғындардың сенімін ақтау үшін әрбір мәселені жеке бақылауда ұстаймыз, – деді ол.
Жеке қабылдаулар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға және жергілікті басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы
Тұрар Рысқұлов ауданы















