Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) – Қазақстандағы ең ірі оқу орындарының бірі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігінде өзінің жоғары бәсекеге қабілетті оқу орны. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – дәстүрі бай, оқу-ғылыми қызметте көп жылдық тәжірибесі бар университет. Университет бірлескен халықаралық оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, студенттермен алмасу және тағылымдамадан өту үшін әлемнің 418 ірі халықаралық университеттерімен ынтымақтасады.
Халықаралық ынтымақтастық бағдарламасына сәйкес, біз «География және табиғатты пайдалану факультеті, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО» кафедрасының «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығының 2 курс магистранттары білімімізді шыңдау мақсатында 28-11 наурыз аралығында, Стамбул қаласы «Босфор» университетінде 2 апталық тағылымдамадан өтіп келдік. Босфор университеті 1863 жылы АҚШ-тан тыс жерде құрылған алғашқы американдық жоғары оқу орнының бірі. Түркия елінің мықты университеттерінің бірі болып саналатын Босфор университетінде тәжірибе алмасып оқу біз үшін үлкен жетістіктің бірі болды.
Тағылымдамадан өту барысында жаңа ақпараттармен білімімізді толықтыра отырып, шетелдік білім беру жүйесімен таныстық. Екі аптаға созылған оқу барлығымызға жақсы септігін тигізді. Яғни, біз елімізде алып жатқан білімімізді шет елде көрсете отырып, ол жақтың да оқыту тәсілін, зертханалық жұмыстардың өтуін меңгеріп, жаңа құрылғылармен қамтамасыз етілген аудиторияларында білім алдық.
Оқу кезінде қазіргі уақытта маңыздылығын жоймаған экологиялық мәселердің маңыздылығы мен оларды шешу жолдары туралы дәрістер өттік. Сонымен қоса, магистрлік диссертацияны жазу, уақытты тиімді пайдалану мақсатында жоспар құру бойынша дәрістер қарастырдық. Тәжірибе алмасуға барған барлық магистранттармен жеке жұмыс жасалып, диссертациялық жұмыс бойынша талқылаулар өткізіліп отырды. Түрік елінің профессорлары дәріс сабақтарын барынша қызықты әрі түсінікті етіп өткізді.
Университет қабырғасында шетелдік студенттермен танысып, оларға жазып жатқан жұмыстарымызды көрсеттік. Жұмыстарымызды талқылау барысында екі елдегі диссертациялық жұмыстың жазылу жолдарымен, тақырыбын таңдаудағы маңыздылығымен бөлісіп жаңа ақпараттар алдық, сонымен қатар жаңа достар таптық. Университет кітапханасын аралап, керекті деген мәліметтерді өзіміге жазып алдық. Халықаралық қатынастар факультетінің доктаранттары, бізді жылы қарсы алып университет құрылымымен таныстырды.
Екі апталық тағылымдамадан өтіп болған соң, барлығымыз университет сертификаттарымен марапатталдық. Бұл біз үшін үлкен жетістіктің бірі болды және алдағы оқуда өзімізге тәжірибе ретінде қолдануға да мол мүмкіндік берді.
Осындай үлкен мүмкіндік беріп, шетелге барып тәжірибе алмасып, оқып келуімізге септігін тигізген Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне, кафедрамыздың ұстаздарына алғыс айтамыз!
Жанбота Шекербекова,
Лаура Дастанбек,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығының 2 курс
магистранттары,
Д.М.Акубаева,
т.ғ.к., м.а.доценті