Айбектің әскери бронды машиналары

Айбектің әскери бронды машиналары

Маңдайымызға біткен ірі шайырларымыздың бірі  Светқали Нұржанның ( Айт-Ман) «Қараған босаға қырғыны» деген тарихи деректерге толы, ерлікті, өрлікті жырлаған дастанын оқығаннан кейін туған ойымызды қағазға түсіргенді жөн көрдік.

 1856 жылы ежелден туыстас, төсекте басы қосылып, өрісте малы бірге жайылып жүрген екі халық араға әзәзілдер кіріп, аяқ астынан бір-біріне жау болып шыға келеді. Оның арты, әрине, ел шауып, мал тонауға ұласқаны белгілі. Түрікпен қарақшыларымен Маңғыстау түбегінде болған қанды қырғынның бір оқиғасына қатысты дастанда қазіргі заманға да керекті жерлері бар екен.

Біздің көзқарасымыз бойынша, 1915 жылы 97 жастағы қарт батыр Тұрманбет Төлеғожаұлы (1818-1915) 60 жыл бұрын шәйіт болған жан досы – халық батыры Балуанияз Мүсірепұлының (1818-1856) моласына келіп, мұңын айтып сырласқаны, дүниеде болып жатқан оқиғаларды досына келіп естірткені еріксіз көзге жас үйіртеді...

 «...Хабар сұрар жөнің бар түрегеліп,

Отырмын ғой қасыңда, міне, келіп...

Сен өлгелі алпыс жыл, Балуанияз,

Алпыс батыр таусылды түгел өліп.

Көңіл – талық.

Көз – жабық.

Сезім – жарық.

Саған жетті сол жарық төзімді алып.

Жылы орының суытпа, жан досым-ай,

Сол хабарды айтайын өзім барып.

Жағаластан қаусады ақыл, қайрат,

Бүгін мені алып қал, батыр, байлап!

Біздің қару өтпейтін шапқанменен,

Келе жатыр далаңды кәпір жайлап...» – дейді де, қарт батыр одан әрі:

Көрдім, ұқтым заманның ғаламатын,

Тажал шықты танымас адам атын,

Бүгін мені қал, батыр, қасыңа алып,

Балалардың көрсетпей жаманатын!..

Біле алмайсың төре кім, көрдемше кім?

Босағадан ант кетті!

Төрден – сенім!..

Арманың да жоқ екен, Балуанияз,

Өзіңдеймен алысып өлген сенің! – деп налыған батырдың тілегін Жаратқан Ие қабыл алып, ертесіне дүниеден озған батырды жан жолдасының жанына жерлепті.

     Бұл жерде біздің айтпағымыз: қарақшылардың қолындағы ағылшын маузерінен атылған қой құмалағындай жалғыз оқ Балуанияз батырды қыршынынан қиып еді. Одан беріде қаншама ерлер «орыстың от құсқанынан» (зеңбірек, винтовка мен пулемет т.б. қарулар) мерт болды. Яғни сол замандағы көзі қарақты аталарымыз өзіміздің қару-жарақты аңсап өткендері белгілі. Өкінішке қарай, басшылық қызметтерге көбіне Мәскеуге тәуелді адамдарды қойғандықтан, жағдайымыз оңала алмады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін де өндіріс саласына жауапты шенеуніктердің керітартпалықтары әскери салаға көп кедергілер келтіріп жатыр десек болады.

      Мысалы, әскери салаға қатысты қару-жарақ түрлерін шығарамын деп жанталасып жүрген Айбек Барысовтың жанайқайының түбі сол баяғыда өткен батыр аталардың армандарымен ұштасып жатыр. Ол кезде де жау жағына шығып, сатқындық жасағандар аз емес еді. Сол себепті де «...Біле алмайсың төре кім, көрдемше кім?» – деп бармақтарын шайнап өтті-ау! Қазір Айбекке де сол «көрдемшелердің» ұрпақтары «бүйректен сирақ шығарып» қарсылық көрсетіп жатыр! Сонда жүз пәленбай жыл бұрын өз қаруымызды аңсаған бабалар арманы қашан орындалады екен?

    Біз бүгін осы мақала авторының Айбек Барысов жайлы материалын жариялауды жөн көрдік.

 «Бұны істеген – қазақ»

 Қазақ топырағында бронды машиналарды шығарып жатқан Айбек Барысовтың жанайқайы билік басында отырғандарға жететін күндер де алыс емесі анық! Құдайға шүкір! Елдің де, отандық орта өндірісті ұршықша иіріп отырған А. Барысов сияқты жігерлі, қайратты кәсіпкерлердің күннен-күнге дәлелді уәждері де зорайып келеді. Бұл Мәжілістегі мемлекетшіл депутаттардың да құлақтарына жеткендіктерінің бірден-бір дәлелі деуге де болады.

      «Бұны істеген – қазақ» деп Айбектің баса айтуында да негіз бар. Өйткені өткен ғасырлардан мұра болып қалған «қазақтың қолынан қой баққаннан басқа ештеңе келмейді» деген кемсітушіліктің зардаптары әлі түгел жойыла қойған жоқ. Қазақ халқының қолынан бәрі келетіндігін Қаныш Сәтбаевтар 100 жыл бұрын дәлелдеп кетсе де, кейбір өзіміздің «шанышқыдан жырылғандар» әлі күнге отаршылдар таңған осындай кемсітушілік мақсатта айтылған мағынасыз сөздерден арыла алмауда. Сондықтанда болар, кейбір әскери қуатымызға жауапты шенеуніктердің Барысовтың шығарып жатқан машиналарына танауларын шүйіріп қарауы.

      Әрбір жақсы идеялардың қарсыластары да көп болатыны белгілі ғой. Айбектердің де қарсыластары жетерлік екені даусыз! Бірақта, түбінде ақиқат бәрібір жеңетіні анық. Сондықтан да, Айбектің өзіне, командалас серіктеріне тек қана табыс тілейміз.

Депутаттар бұл іске неге немқұрайлы?

Қазақияда БРОНДЫ машиналар шығарып жатқан отандық кәсіпкер А. Барысов өзі аттарынан төрағалық ететін Қорғаныс-өнеркәсіптер комплексі Ассоциациясының атынан белгілі үш депутатқа ресми хат жолдады.

 Қысқаша мазмұнын келтіре кетелік.  Депутаттарды Астана қаласының төңірегінде орналасқан зауыттың шығарып жатқан өнімдерімен танысуға шақырыпты. Сөйтіп,  қорғаныс саласына жауапты шенеуніктермен бірлесіп, келелі мәселелерді талқыламақшы екен. Ал депутаттардың  қайтарған жауаптары  бір-біріне ұқсас көрінеді.

 Үстіміздегі жылдың мамыр айында жоспарланған ресми іссапармен Батыс Қазақстандағы қорғаныс зауыттарына – мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары мен қорғаныс өнеркәсібінің өнімдерімен танысуға шығамыз деген сыңайдағы сырғытпа жауап беріпті.

Негізгі  Барысовтардың зауыты Астана маңында орналасқан. Олар зауытты Марста салып жатқан жоқ қой.

 Барам, көрем деген депутаттарға еш қиындығы жоқ! Жылдың аяғында ма, ортасында ма, қай уақытта барарларын ашық айтпаған.

    Оның үстіне Оралдағы әскери өндіріс саласына байланысты жұмыс жасап жатқан зауыттың 85 пайызын түрік кәсіпкерлеріне сатады немесе береді деп те жазылып жатыр. Сонда қорғаныс саласын қайтсем күшейтемін деп тер төгіп жүрген қазақ кәсіпкерлерінің жанайқайын кімдер түсінеді?  «Отандық кәсіпкерлерді қолдау керек» деп Мәжіліс залынан кеңірдек кере айқайлағандары кімге керек?

    Әрине, істеліп жатқан жұмыстар баяу болса да, жүріп жатыр. «Үмітсіз шайтан» демекші, мүмкін сендер бел шеше кіріссеңдер, шиеленісіп тұрған істері оңға басар деген сәулелі үміттің ұшқыны болар ма екен дегеніміз ғой. Мәжілістің қорғаныс және халықаралық комитетінің депутаттары мамыр айына дейін немен шұғылданады екен? Қарап отырсаңыз, айналаның бәрі жедел қарқынмен қару-жарақтарын дайындауға көшті.

     Президент Қ. Тоқаев барып, көріп, оң бағасын берген әскери өндірістік комплекске депутаттардың аяқтары неғып жетпей қалды екен? Кейбір сарапшылар айтып жүргендей, депутаттар да «ескі Қазақстанның» жасырын жансыздары ма екен? Олай демеске де лажымыз жоқ.

Жетібай мұнайшыларының да мұң-зарларын Президент Қ. Тоқаевқа жеткізбей отырған да осы депутаттар емес пе деген де ойдың мазалайтыны шындық.

 ЖАТҚАНДА БАСҚА ЖҰРТТАР ҚАРУ ЖИЫП,

МЕН КЕЛДІМ ДОМБЫРАМЕН ҚАРУЛАНЫП...

90-жылдары Алматыда өткен республикалық айтыста Алматы облысы Жамбыл ауданының бір ақыны осылай деген еді.  Ол кезде сол өлкеде шешен тентектерімен қақтығыстар болған. Зал толы, бәріміз де риза болып, алақанымыз қызарғанша шапалақ ұрған едік. Қазіргі көзқарасымыз тұрғысынан ойлап қарасақ, адасқан екенбіз! Айтқан ақында жазық жоқ. Қазақтың рухани дүниесін  айтқысы келген болуы керек.

Ал қазір тәуелсіз елміз. БҰҰ мойындаған өзіміздің шекарамыз да бар. Енді, сол шекараны қорғайтын әскерилеріміздің қару-жарақтары да осы заманға сай жетілген болуы керек қой. Бізді сырттан жау келсе, қорғайтын алпауыт елдердің кепілдіктері бар ғой деп... арқаны кеңге жайып, аяқты созып көсіліп жатуға, той тойлатып, арзан күлкіге қарық болып жүре беруге болмайтынын байқап жүрміз.

    Мысалы, КСРО-да бірге болған Украинаның тағдыры анадай болып жатыр. Алпауыт мемлекеттер оларға: атом ядролық қаруларыңды Ресейге өткізіп берсеңдер, қауіпсіздігіңе де біз кепілдік береміз деген болатын. Қазір Украина Америка мен Еуропаға тәуелді болып тұр. Жалынғандай болып, алақан жайып, қару, қаржы сұрауда.

    «Соғысты болдырмау үшін соғысқа дайындал!» деген қағиданы ескерсек, Жаңа Қазақстан құрушылар сыртқы күштерге жалтақтамай, өзіміздің әскери өнімдерімізді шығарып жатқан Айбек Барысов сияқты мемлекетшіл кәсіпкерлердің жанайқайына көңіл бөлу керек. Соңғы кездері YouTube-тан, TikTok-тан, басқа да тәуелсіз басылымдардан А.Барысовтың айтқан сөздері көптеп шыға бастады. Солардың да әсері болуы мүмкін, көптеген бюрократтық кедергілерге қарамастан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұл хабарлар жетті. Барысовтың бронды машиналар шығаратын зауытына арнайы барып, көзімен көріп, ырза болған сыңайлы.

Ендігі кезекте қорғаныс саласына жауапты шенеуніктердің ар-ұятында.

Айбек: «Мен таспен  атқандарға аспен, еңбекпен, жұмыспен жауап беріп жатырмын», – деді. Бронды көліктерге өзі отырып, тіпті минаға қарсы сынақтардан өткізді. Сапасы мықты екеніне көптің көзін жеткізді. Бұдан артық қалай дәлелдеу керек?! Қорғаныс министрі және қару-жарақ өнімдерін сатып алу жөніндегі өкілеттіктер Президент Тоқаевтың мына айтқандарына «Усилить поддержку отечественных предприятий. Я здесь подчёркиваю – поддержку отечественных предприятий» деген тапсырма сөздеріне неге көңіл бөлмей жатыр? Президент қатаң түрде зілді дауыспен қайталап және айтып тұр. Қорғаныс министрі не себепті өзін тағайындаған Президенттің ескертуіне аса мән бермей жүргені көңілге кірбің түсіреді екен. «Өз әскерін қамтамасыз ете алмаған мемлекет өзге елдің әскерін қамтамасыз етуге мәжбүр болады» деген де сөз бар екенін ұмытпаған жөн.

10 қарашада «Қорғаныс министрінің лауазымды өкілі қамауға алынды» деген ақпарат тарады. Бұл еліміздің қорғаныс саласына жаңаша көзқарас тұрғысынан реформа жасау керек дегенді білдіреді.

«Қарметті» Лаврентьевке неге бердік?

      «Қарметті» ақыры, көптеген адам шығындарының өтеуі ме екен, «Өкімет алыпты» дегенде «Ее, дұрыс бопты» деп едік!  Енді «АрселорМитталды» кімдерге береді деп те бас қатырдық. Біздің билік қазақстандық кәсіпкерге бердік деп жатыр. Онысын құп делік!

      Ендігі жерде «Қарметке» иелік етуші Андрей Лаврентьев Allur компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы екен.

Ресей азаматы болған министр Қанат Шарлапаев та А. Лаврентьевпен 2022 жылдан бері 11 рет кездестік  деген уәж айтты.

Біздің билік кімге бергісі келеді, соған бере салады ғой... Халықтың пікірлеріне құлақ асып қайтеді. Сонда да, Қазақ Елінің азаматтары ретінде өзіміздің ойымызды ортаға тастайық та... Мысалы; «Қарметті» басқаруына алғысы келген ұлты қазақ отандық кәсіпкерлердің ішінде Бронды машиналарды шығарып жатқан Айбек Барысовтың да аты аталған болатын. Биліктің А. Лаврентьевті таңдағаны талай еріксіз ойларға жетелейтіні рас! Статистика бойынша, Қазақстанда 20 миллион халық бар. Қазақтардың саны 67-70 пайыз деп атайды. Демек, 15 миллион қазақ бар деген сөз! Сонда қалай, 15 миллион қазақтың ішінде бір Андрей Лаврентьевке теңесе алатын қазақ кәсіпкерінің болмағаны ма? Өкінішті ме? Әрине! Өкінішті! Біздіңше, бұндай шешім арқылы тағы да қазақтың тауын шағып, еңсесін тіктеп ұстауларына кедергі келтіру сияқты көрінеді.

     Ресей депутаттары айқайлап айтып жатыр: «Қазақстан СССР құрамынан шыққан жоқ!» – деп... (Федоров деген депутат)

 Өзіміздің оғландарымызды өзекке тебу арқылы «тырнақ астынан кір іздеушілерге» таптырмас саяси тақырыптар тауып беріп отырған жоқпыз ба? Қалай...

Қарметті» қалай десекте, таза қазақ кәсіпкерлеріне беру керек еді. Ұлттық намыс үшін!!!

Мысалы, осы жер үшін, қаншама хан, би, батырларымыз жандарын пида етті. 1986 жылы Желтоқсанда да жастардың жазықсыз қандары төгілді. Солардың бәрі не үшін? Солардың аманаттарына адалдық қайда? Олар Тәуелсіздік деп армандап кетті емес пе?!

 Енді, Тәуелсіз Қазақстанда неге негізгі байлықтар қазақ кәсіпкерлеріне бұйырмай келеді? Осынысы біздерге түсініксіз.

 БАРЫСОВ ТАҒЫ ДА БІР ЖАҢА ҚЫРЫНАН КӨРІНДІ

  Бронды машиналар шығарумен елімізге танымал болған  Айбек Барысов тағы да елді елең еткізген сыңайлы. Бұл жолы Алматы қаласынан ол жоғары дәрежедегі инженерлік мектеп ашпақшы екен. Ол оқу орнында 500 талапкер білім алады деп күтілуде. Грантпен тегін оқытамыз деп жатыр.

Оның үстіне бітірген соң, жүз пайыз жұмыспен қамтамасыз ету де ойларында бар екен.

 Айбек сияқты білімді, алғыр, отаншыл кәсіпкерлеріміз көп болса ғой, шіркін! Айбектердің алға қойған мақсаттарының орындала беруіне тілектес болайық, ағайын!

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ
16.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 50
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 578
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 692
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 607
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 616

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8753
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8153
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11382
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9136
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10367