Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды орындау мақсатында өңдеуші секторларға қойылатын талап күшейіп келе жатыр. Ендігі жерде елімізде шикізатты терең өңдеуді дамытумен қатар өндірілген шикізатпен ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз еткеннен кейін барып сыртқа экспорттау жүзеге асырылатын болмақ. Бұл туралы 2026 жылы 11 наурыз күні Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді»,- деген еді. Президент осы сөзін тарқата отырып: «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Қолдау шарасын ұстанымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кәсіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек»,- деген болатын. Бұл өз кезегінде саланы дамытуға берілген тапсырма әрі сақталып отырған кемшіліктерді оңалтуға берілген нұсқау тәрізді маңызды сөз еді.
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ішкі өңдеу ісіне байланысты отандық өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға кірісті. Министрліктің таратқан ақпаратында: «Ішкі қайта өңдеуді дамытудағы тиімді құралдардың бірі – отандық кәсіпорындарды негізгі базалық металдармен (мәселен, алюминий, мыс және мырыш сияқты металдар) қамтамасыз ету тетігі. Бұл механизм мынадай ыңғайда жүзеге асырылады: ірі өндіруші компаниялар бірінші кезекте ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз етеді. Бұл компаниялар отандық кәсіпорындар алдындағы міндеттемелерді орындағаннан кейін ғана өнімін экспортқа жібере алады»,- делінген екен.
Бұдан бөлек отандық кәсіпорындарға да жеңілдік беру жағы қарастырылған. Ол қамтамасыз етілген өнімді қайта өңдеуге байланысты болмақ. Яғни, Президент айтып отырған тереңдей өңдеу, дайын өнімдерді экспортқа шығару туралы нұсқаулар осылай біртіндеп жүзеге асады деген сөз. Жеңілдік көлемі мынадай: дайын өнім үшін – Лондон металл биржасы (LME) бағасынан 5% жеңілдік, аралық өнім үшін – 1% жеңілдік берілмек.
-Осы мемлекеттік қолдау шарасын іске асыру шеңберінде Министрлік 2025 жылы өтінімдер қабылдады, қажетті сараптамалар жүргізді және катодты мыс, бастапқы алюминий және металл мырышын жеткізуге 18 кәсіпорынмен үшжақты келісімдерге қол қойды,- дейді таратылған ақпаратта.
Сенімді дерекөздердің айтуынша елімізде жыл өткен сайын өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары тарапынан шикізатқа сұраныс өсіп келеді екен. Мәселен, 2025 жылы мысқа деген қажеттілік 18,6 мың тоннаны құрады. 2026 жылы сұраныс 20,4 мың тоннаға дейін (10%) артады деп күтілуде. Алюминий саласында ішкі нарықта қайта өңдеу көлемі 2025 жылы 57,4 мың тоннаны құрады, ал бастапқы алюминийге қажеттілік 2026 жылы 77,7 мың тонна деңгейінде күтілуде, бұл 35%-дан артық.
Сұраныстың өсуі мырыш өндірісінде де байқалады. 2026 жылы мырышқа қажеттілік 2,6 мың тоннаны құрап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 45%-ға артық (2025 жылы – 1,8 мың тонна).
Біз бұл көрсеткіштерді мақтанышпен айтқымыз келеді. Себебі жер қойнауынан қазып алынған шикізаттар бұдан былай сол күйі вагондарға тиеліп, шетел аспайтын болады. Бұл «дәстүрлі өндіріс» мемлекеттің тікелей қолауы арқасында біртіндеп жоғалады деген сөз. Екінші бір жаңалық- елімізде отандық кәсіпорындар көптеп ашыла бастайды. Ірі кеніштерде өндірілген шикізаттар немесе жартылай өңделген өнімдер сол кәсіпорындар арқылы онан ары түрлене түсетін болады. Ендігі жерде Павлодарда өндірілген алюмин кесектері емес, сол алюминнен өңделген түрлі түсті кабельдер мен алюмин бүйымдар «Қазақстанда жасалған» дейтін тауар белгісімен шетелдегі нарыққа тіке кетіп бара жатса таң қалмайтын боламыз. Ал мұның экономикаға тигізер орасан зор пайдасын өздеріңіз бағамдай беріңіздер.
Ерқазы Сейтқали
Фото Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сайтынан алынды













