Алыстағы ағайынның алтын арқауы, күміс жалғауы еді...

Алыстағы  ағайынның  алтын арқауы,  күміс  жалғауы еді...

Мынау тірлік бізді қай сапарға бастамады. Қытай тілінде шығармаларының ІІ томдығы шығып, Қытай астанасы Пекинде болған шуақты күндердің бірінде ізетшіл де ізденімпаз, ілтипаты бөлек Сержан бауырым іні болып табысқан. Араға біраз жыл салып, сол інімді қасыма алып, Құлжа бетке жол түсті. Ата-анасына сәлем берейін, туып-өскен елін көрейін дедім. Содан Тоғызтарау мен Текесті асып, Мұңғұлкүре ауданын басып өтіп, тау қойнауына тығылған Ақдала ауылына тізгін тарттық. Ұлы Тияншанның бір саласы – Аттың тауының күнгей беткейіне, Текес өзенінің сағасына орналасқан, табиғаты тамылжып тұрған кішкене ғана ауыл екен.

Осы сапарда Тоқтасын Байсалов есімді ағамызбен таныстым. Жо, жоқ, жай таныстық емес, рухани табысуым осылай басталған. Шаңырақтың желбауындай ұл-қызды, немере-шөберелі, құт дарыған отбасы екен. Жеңгеміз сабырлы да салихалы бәйбіше, айналасына алтын шуақ үйіріп жүрді. Ол кісі де ағартушы ұстаз, филолог. Сонау өткен ғасырдың (ХХ ғасыр) елуінші жылдары Шынжаңдағы алғашқы жоғары оқу орнының бірі – Шынжаң институтының «Филология» бөлімін бітіріпті. Содан ғасырға жуық ағартушылық еткен жеңгеміз мектепте мұғалім, оқу және тәрбие ісінің меңгерушісі болыпты. Іле өңірінен қазақ қыздары арасынан жоғары білім алған ең алғашқы әйел мұғалімдердің бірі – осы Бедемхан мұғалім (Көжекбаева Сәрсенбай келіні). Ауданнан өлкеге дейін аты белгілі ұстаз, шебер педагог болған жеңешеміз аудандық, облыстық мәслихатқа да мүше болып, қоғамдық қызметтерге де атсалысыпты. Ағамыз Тоқтасын Байсал 1928 жылдың тамызында Алматы облысы, Нарынқолдың атақты Ілебасы жайлауында дүниеге келіпті. 1932 жылғы ақсүйек аштықта ел үркіншілікке ұшырап, әкесімен бірге шекара асқан. Сонда ержетіп, ат жалын тартып мінген алғаш ескіше сауат ашқан. Кейін жаңаша мектепте оқып, оны бітіргеннен кейін Құлжадағы атақты Іле гимназиясында (Ақыметжан Қасми атындағы ерлер орта мектебі) оқыған ағамыз жарты ғасырға жақын – 45 жыл ағарту қызметімен айналысыпты. Ұзақ жылдар бойы мектеп бастығы, инспектор болыпты. Іле өңірінде бармаған жері, істемеген мектебі қалмаған. Қай жерде жаңа мектеп ашылса, сонда барып, сол мектепті көтеруге қызмет етіпті. Сөз ләмін өлеңмен ұйқастырып, термелетіп бастайды екен. Елең еттім, бақсам, арғы аталары көмейі бүлкілдеген төкпе ақын атанған қос ағайынды Байсал мен Байсарының атағы кезінде Алатау асып, Арқа еліне де кеңінен жайылыпты.

Айтыс үстінде адуын әйел ақынның: 

«Байсалың – домбырашы, 

                                   Байсарың – сал.

Той іздеп арттарыңда қалмады жал.

Сауықпен өмір өтті, сайран қуып, 

Салдықпен өмір өтті жинамай мал» деп төгілтетіні бар. Өз әкесі Сәрсенбай да сөзге шешен, тілді-жақты кісі болыпты. 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басында Нарынқолда Ілебасында болыстық қызметте болған деседі (1928-1931 жылдары).

Тоқтасын ағаның көмейінен де жыр саулап тұрады екен. Арысы қазақтың лиро-эпостық батырлық жырлары мен ғашықтық жырларын, берісі, атақты Таңжарық ақын мен Шарғынның өлеңдерін, айтыстарын, «Таңжарық пен Нұрияланың айтысы», «Таңжарық пен Қойдымның айтысы», «Таңжарық пен Шоқпар қатынның айтысы», «Таңжарық пен Шарғынның айтысы» сынды қазақтың ғажайып айтыстарын, батыр жырау Махамбеттің, Абай мен Шәкәрімнің Әсет пен Жүсіпбектің, Көдек пен албан Асанның, Қасым мен Мұқағалидың өлеңдерін таңды таңға ұрып айтады екен. Екі-үш күн бойы небір кесекті жыр, аламан айтыс, әдемі қағытпаларға кенелдік те қалдық. Сексеннің сеңгір бөркін киген қарияның зердесіне таңғалдым. 

Ағамыздың Шығыс Түркістанға белгілі айтыс ақындары Шынықанмен, Ізетпен айтыстары сондағы қазақтар арасына кеңінен тараған. Шығыс Түркістан қазақтарының айтыс мектебін қалыптастырушылардың бірі, айтыскер ақын Ізетпен хат арқылы жазысқан айтыстары жазба айтыстың  тамаша үлгісі дерлік. 1980 жылдардың ортасында Шынықан есімді ақын келіншек: 

«Ақынсып Тоқтасын сен мақтанбағын,

Жақсы ғой ауыз бағып сақтанғаның.

Сен алпыста болғанда, мен елуде,

Жас болған соң келіп тұр аспандағым», – деп, әріптесін сөзбен сындырмақ болады. Сонда Тоқтасын ақын қарсыласына:

«Не деп тұрсың кемітіп сары қатын,

Жақсы сөздің түйеді нарқын ақын.

Күнім қарап тұрған жоқ саған менің,

Мен емеспін сөз таппай жаңылатын.

Елу менен алпыста көп парық жоқ,

Жарық қатын сенің де кәрі атың.

Қандай мүдде ойыңды бұзып тұрған,

Адамның кәрі-жасын айыратын» деп жөпелдемеде жауап береді. 

Ал, бірде Ізет ақын:

«Мынауың келе жатқан Тоқтасын ба,

Шапқан жанға жатпайды шоқ

                                            қасында.

Бұл өзі суымаған көбең екен,

Ізеттің шыдар ма екен бопсасына» деп тиісе жөнеледі. Сонда:

«Келіпсің, ізетті ақын, Қарасудан, 

Екі иығын жұлып жеп аласұрған.

Сен мені көрмей жатып көбең дейсің,

Кім сені мініп келіп таң асырған» деп қаймықтырады. Бұл біздің Тоқтасын ақынның айтыстарынан келтірген цитаттарымыз ғана. 

Ақынның ел ішіне кеңінен тарап кеткен ащы запыран мен сатираға толы қағытпалары, өлеңдері мен айтыстары – үлкен рухани мұра. Ақын жазба айтыстары арқылы Шынжаңдағы қазақтар арасында Таңжарық ақыннан кейін жазба айтыстың үздік үлгісін қалыптастырған үлкен ақын. Бір өкініштісі, «дүниеде мендей сорлы ақын бар ма, баспада бір ауыз сөз көрінбеген» деп Әсет ақын айтқан өзекті өртер өкініш Тоқтасын ақынды да айналып өтпепті. Өлеңдері мен айтыстары ел арасында кеңінен тарағанымен, баспасөзде жарық көрмеген. Ең кереметі Тоқтасын аға көзі тірісінде өзіне арнап жоқтау шығарған. Сол сәулесі мол жыр жолдарына зер сала отырып, парасаты мен пайымына, пәни мен бақи арасын таразылағанына, жарық дүниеге деген ризашылығына еріксіз тәнті боласың. Тектінің тұяғы бес күндік дәуренмен осылай қош айтысқан. Былтырғы жылы 88 жасқа қараған шағында бақиға көшті. Алыстағы ағайынның алтын арқауы, күміс жалғауы еді. 

Бейіште нұры шалқысын!

 

Рақымжан ОТАРБАЕВ

12 сәуір 2017 жыл, Атырау

12.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23432
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23091
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39269
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36600
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40723