АТ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАЙТЫН АРУ

АТ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАЙТЫН АРУ

 

Түркістан  облысы Шардара қаласының Қызылқұм ауылында туған  Балнұр Нұран кішкентайынан жылқы баптап, көкпар шабады. Алты жастан бастап аттың құлағында ойнаған ару ата-әжесінің бауырында өскен. Оны атқа көкелері баулыпты. Қаншама рет жылқы теуіп құласа да, Балнұр төрт түліктің төресінен алыстаған  жоқ. Керісінше өскен сайын Қамбар ата баласына үйірсек болды. Асауды ауыздықтап, жігіттерше көкпарға ат баптады.

 

Бабасы Райымқұлдан дарыған шабандоздық қасиет Балнұрдың жанына, серігіне айналған. Шардараға белгілі Райымқұл атасы да қартайғанша көкпардан қалып көрмеген атақты атбегі болды. Әуелде қызының дала кезіп, жылқымен жортқанына анасы қарсылық білдіріп, сабақ оқуын талап етті. Ал, атқа мінбесе сабақ оқи алмайтын Балнұр кейде тығылып қашып кететін. Бүгінде тай көкпарлардың шаңын шығарып жүрген бойжеткеннің талабы елімізге де танылып үлгерген. Өзінің жан серігіне айналған Ақдауыл атты меншік аты да бар. 

«Үлкендердің айтуынша, аяқтан жаңа тұра бастаған кезімде жылқыны көрсем қуанып шыға келеді екенмін. 4-5 жасымда біздің үйде жылқы көп болды. Сонда ағаларым атқа қонса болды, «Мені де отырғызыңдаршы» деп жабысып жүріппін. Бала күнімнен ат жүрген жерде аяққа оратылып жүріп, жүйріктің жалын тартып мінер табандылыққа шыңдалдым. «Кішкентай күнімде қорадан шықпайтын едім. Сөйтіп жүріп талай рет ат теуіп, денем көгеріп, жүре алмай қалған кездерім болды. Бірақ атқа екінші рет жоламаймын деген ой болмады. Көкпар атын баптау ұзақ уақытты алады. Ол кезде жылқыға көп уақытыңды арнап, күнделікті бабын қарайлаумен күнің өтеді. Бір жылы көкпарға атымды үш жыл дайындадым. Сол кезде анам «Сабағың жайына қалатын болды. Енді атқа жоламайсың» деп шарт қойды. Бірақ жылқысыз тұра алмайтынымды түсініп, өзі қолдау көрсетті», – дейді.

Керісінше, тұлпардың бабын тапқан ару уақытын тиімді жоспарлауға көшті. «Мен атқа мінбесем, сабақ оқи алмаймын. Таңертең сабаққа барып келген соң атымды суытып, тазалап, жуындырып болған соң үй жұмысын орындауға кірісемін. Оқуға деген ынта-жігерді жылқылардан аламын. Жүйрікті де баптаймын, сабақ оқуға да үлгеремін», – деген Балнұр биыл  Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ физика-математика факультетінің бірінші курсын аяқтады. Жатақхана бөлмесіне Ақдауылмен түскен портретін үлкен қылып шығарып, іліп қойған ол демалыс сайын ауылына барып, Ақдауылды суытып келетін. 

«Жылқыны күнде суытып тұрмаса, бабы келмейді. Мен оқуда жүргенде көкелерім баптайды. Оның күтімі сәбидей бөлек. Тіпті, көз тиіп қалуы да лезде. Ақдауылға адамдар сәл тамсана қараса болды, ауыра қалады. Сондықтан ел назарынан сақтап, ерекше қараймын», – дейді.

Асауды үйреткен қаршадай қыз жуас атты онша ұнатпайды екен. Сол үшін де шығар, Балнұрдың баптайтын аттары көкпарға арналған. Әр аттың өзіне тән мінез-құлқын білетін ол: 

«Әрбір жылқыда адам секілді өзіне ғана тән мінезі болады. Мінезі жоқ жылқы бәйге алмайды. Сондықтан тепсініп, ойнақтап, секіріп тұратын асау арғымақтың жалын тартып мінген ұнайды. Әр атты танып-білуге бір тәулік қана қажет. Ол үшін сабырлық, атқа деген үйірсектік болса жеткілікті. Кез келген асауды алдымен жалынан сипалап, құлағын қасып, құлағына сыбырлап бойын үйретіп алу керек. Еті үйренген жүйріктің одан кейін жалын тартып, өз ырқыңа көндіру қиындық тудырмайды. Атбегілік те үлкен өнер», – дейді шабандоз қыз.

Отбасында өзінен кейінгі артынан ерген екі сіңлісі мен інісі атқа мінгенді жақсы көргенімен, жылқы баптауға қызығушылық танытпайды екен. Сөз арасында кейіпкеріміз «Қыз баласы жүйрікке отырса, жолын байлайды» деген сөздің қисынсыз екенін айтып қалды. Ат жалын тартып мінген батыр қыздардың ұрпағы екенін мойындатып, сәйгүлікті серік етіп келеді. 

 

«Алдағы жоспарым да атбегіліктен алыс емес. Болашақта ат спортын дамытып, ипподром ашқым келеді. Ата-бабадан келе жатқан атбегілік өнерді ары қарай дамытып, көкпар аттарын баптау бұрымдылардың қолынан келетінін көрсетсем деймін», – деген  Балнұр ат спортының бір түрі садақ атудан қыздар арасында бәйгелерге қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. 

Бүгінде ата-анасы Балнұрмен мақтанады. Әкесі тіпті, қайда барса да, үйге кім келсе де қызының жетістіктерін телефоннан көрсетіп мәз болады. Ал, қазақтың салтын сақтаған Балнұр қыз жазғы демалысын биыл ипподромда өткізіп, жас жеткіншектерді атқа мінуге үйретіп жүр.

 

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ
10.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 66
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 120
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 29
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 69
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 67
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 120
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 153
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 155
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 145
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 152
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 158
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 152

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11280
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10216
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13462
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12416
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17424