Қарағанды облысындағы қазақтың қабырғалы биі Қазыбек бидің атақонысы – бұрынғы Егіндібұлақ ауданының қайтадан ашылмай отырғаны арқамызды аяздай қариды. Қазір еңбек ардагерімін. Осы аймақта туып-өскен соң, өткен тарихын жақсы білемін. Егіндібұлақ ауданы бұрын Қу ауданы деп аталды. Қу ауданы 1928 жылы құрылып, 1963 жылы жабылып қалды. Ауданды жабу шешімінің дұрыс еместігі кейіннен анықталып, 1964 жылы Егіндібұлақ ауданы болып қайта құрылды. Қарамағында 9 совхоз болды, 9 совхозда оннан аса (20000-дай) жылқы табыны, 500000 бас қой, 20000-25000 бас ірі қара мал болды. 9 совхозда миллиондаған тонна астық өндірілді. Кей совхоздар (Комсомол, Абай, Доғалаң, Қазақстанның қырық жылдығы атындағы) жыл сайын миллион пұттан аса астық өндіріп, «миллионер» совхоз атанған еді.
Жері шүйгін, 18000-ға таяу халқы бар ауданды жауып тастау шешімі дұрыс емес деп ойлаймыз. Жергілікті халық жан-жаққа жұмыс іздеп, баспана іздеп тарыдай шашылды. Егіндібұлақ ауданы қайта ашылып, жұмыс орындары болса, халықтың көбі қайтып оралуға дайын.
Мен, Әділбеков Сәтбек, Қарағанды қаласында тұрамын. Балаларым өсіп, немерелерім де ержетті. Егіндібұлаққа бала-шағамызбен немерелерді ертіп жыл сайын барамыз. Балалар елді ұмытпаса екен, «бабаларыңның өскен жерлерін біліп жүріңдер» деп, туған топырағымызға, ата-аналарымыздың басына барып, Құран оқытып қайтамыз. Елімізді, жерімізді сағынамыз.
Егер үкімет үлкен өтінішімізге құлақ асып, аудан ашылатын болса, отбасыммен туған топырағыма көшіп келемін. Мен сияқты өзімнің ағайын-туыстарым, ауыл азаматтары – Рысмағанбет Мұсағалиұлы, Жақия Әбілтайұлы, Рымбек Нұрқабдешұлы да осындай шешім қабылдауда.
Шертпе күйдің шебері Тәттімбет, ақын-сазгер Мәди Бәпиұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов, Қазақстанның Халық артисі Жүсіпбек Елебеков сияқты атақты жақсылар мен жайсаңдардың туған топырағы қашанғы қаңырап, жұртта қалған мекен болып тұра бермек?! Билік басындағы бауырларым, балаларым, Қазыбек би атындағы ауданды ашып беріп, көптің батасына бөленіңдер!