Қай ғасыр, қай кезеңде болмасын, жауға қарсы күресті ұйымдастырып, туған жерді қорғауға атсалысқан, сөйтіп атамекенімізді басқыншылардан азат етуге қатысқан батырлар шоғыры Қазақстанның қай түкпірінде де аз емес. Олардың тасқа басылған терең іздері ауыздан-ауызға көшкен аңыз әңгімелерде, батырлар жырларында, ең бастысы Қытай мен Ресей архивтерінде өшпестей болып сайрап жатыр. Ел ішінде аты аса құрметпен аталатын сондай аруақты батыр тұлғалардың бірі – қаңлы Қоңырбай батыр.
Батыр туралы мәліметтің аз болуы кімнің кінәсі?
Бір өкініштісі, Қоңырбай батырдың жұрт таныған алып тұлғасы, найзагерлігі, асқан әскери ақылы ел аузында, халық жадында сақталғаны болмаса, жазба деректерде аты көп аталмайды, аталса да, сирек ұшырасады. Оның түпкі себебін сол зар заман дәуірін зерттеуші ғалымдардың салғырттығына, халық арасынан шыққан батырлардың өмірбаян-тарихын ашып баяндауда енжар түсінік қалыптасқандығына аударудан басқа біздің лажымыз жоқ. Әйтпесе, қастандықпен өлтірілген Жолбарыс ханнан кейін ұлы жүзді билеген Әбілпейіз хан мен одан кейінгі атақты Абылай ханның баласы Әділ хан тұсында да тұтас әскердің мукаддама лашкериі (бас қолбасшысы) болған, Төле би өзімен дәрежесі тең сенімді серіктерінің бірінен санаған Қоңырбай батырдың атақ-даңқы кімнен кем еді?!. Көріп отырғанымыздай, Қоңырбай жай батыр болып қана қоймаған, ұлы жүз әскерінің бас қолбасшысы болған, бүгінгі заман тілімен тәпсірлесек, Қорғаныс министрі лауазымын атқарған. Ал, Төле би бұл кезде хан сарайының қазынашысы, яғни Қазына министрі болатын. Қоңырбай бұл дәрежеге сол кездегі қалыптасқан жағдайға байланысты басқа да көптеген қазақ батырлары сияқты «қара халық» қатарынан суырылып шығып жетті. Ал, осындай атақ-дәрежеге ие батырдың аты аталмай, жазба дерекке түспей келгендегі ең басты себеп, сол кездегі Ташкент билігі үшін таласқандардың интригасына жиі арандап қалып отырған сияқты. Сонымен бірге жанашыр іздеушінің жоқтығы да бұл істе көп кедергі болғандай. Оның үстіне кеңестік репрессия жылдары батырдың талай ұрпағына «халық жауы» деген жала жабылып, итжеккенге айдалғаны бар, атылғаны бар – ол да өз әсерін тигізгені анық.
Қоңырбайдың өмір сүрген заманы ХVІІІ ғасырға тура келеді. Бұл кезең қазақ халқы үшін ең бір қиын-қыстаулы, жаугершілік, ұрыс-соғыс, жан-жақтан анталаған дұшпандармен күні-түні арпалысқан уақыт болатын. Әсіресе, қазаққа ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысы аса ауыр тиді, бұрын-соңды болмаған қайғы-қасірет әкелді. Бұл кезең жайында Шоқан Уәлиханов өзінің «Абылай» атты мақаласында былай жазады: «ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының өмірінде өте бір ауыр кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар қазақ ұлыстарын жан-жақтан ойрандап, малдарын тонап, қазақтарды үй-іштерімен түгел алдарына салып айдап кетіп отырды. Бұған қоса тәңірінің жіберген сыйындай қатал қыс, жұт пен аштық қосылып, қазақтардың басына түскен ауыртпалықты одан сайын ауырлатып жіберді...» (Ш.Уәлиханов. Шығар жинағы. 4 том, 1985 ж.).
1723 жыл қазақтардың тарихындағы аса бір қатал уақыт болып есте қалды. Осы жылы жоңғарлар өте көп әскер топтап, қазақты қапияда шапты. Жер жаннаты – Жетісу жау қолында қалды, Талас, Шу өңірінде бейқам жатқан халық тоз-тозы шығып, ауыр күйзеліске ұшырады. Қазақ даласы қан сасып, жан-жақтан арандаған жаулардан сан мыңдаған бейбіт тұрғындар қырғын тапты. Тірі қалғандары мал-мүлкін тастап, алды-артына қарамай оңтүстікке қарай жөңкіді. Бас сауғалап қашқан жұрт – Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтары Самарқанд пен Ходжент жеріне қарай көш түзесе, Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұқараға ауды.
Оңай жеңіске масаттанған Жоңғар нояндары Шу мен Талас жерлерінде де тоқтамай, 1724-1725 жылдары Ташкент пен Түркістанды басып алып, халқын талан-таражға түсірді. Сырдария бойындағы ауылдар мен шағын кенттер жаудың талауына ұшырады. Тарихшылардың зерттеуінде, ХVІІІ ғасыр басындағы 40 жыл ішінде Ойрат-Дүрбіт қалмақтарымен болған соғыста қазақ өзінің үштен екі халқынан айырылған.
«Жұт – жеті ағайынды» демеуші ме еді қазақ, сол айтқандай, «ақтабан шұбырындыға» ұшыраған қазақтарды қынадай қырып, ұлан-ғайыр даласынан айырып, талан-таражға салғысы келген тек жоңғар нояндары ғана емес еді. Қазақ еліне көз алартқан жаулар жан-жақтан анталады. Жоңғар шонжарлары қазақ даласына оңтүстік шығыстан қаптағанда, Еділ қалмақтары солтүстік батыстан, Жайық бойынан орыс-казак қарақшыларының ашкөз отрядтары да ешбір ескертусіз шапқыншылық жасады. Тағдыр теперішіне тап болған қазақтарды бір жағынан күшейіп келе жатқан Ресей империясы мен Қытай патшалығы, Қоқан хандығы қыспаққа алса, екінші жағынан Бұқара мен Хиуа билеушілері де халықты қасқырша талап, өзіне тиесіліні бөліп алғысы келіп жанталасты. Осыншама жаудың қыспағында қалған Қазақ хандығы әбден қалжырап, елдігінен ажырап, мүлдем құрып кету қаупі алдында тұрды.
Қазақ хандығының тарихында ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда маңызды рөл атқарған қалалардың көп болғаны белгілі. Соның ең ірісі, бүкіл Орталық Азия аймағында шешуші ықпалы болған қала – Ташкент шаһары. Табиғи және климаттық жағдайы қолайлы аймақта және керуен жолдарының тоғысында – тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл қала ежелден-ақ қазақ халқының тарихи, рухани-мәдени орталықтарының бірі болып саналады. Сонымен бірге біз сөз етіп отырған кезең ұлт тарихы үшін аса маңызды оқиғалармен тікелей байланысты болғандықтан, зерттеушілер назарын аудармай қоймайды. Көптеген деректер бойынша Ташкент қаласы 1798 жылға дейін Ұлы жүз қазақтарының астанасы болып келген. Ал, Орта жүз қазақтарының астанасы Түркістан қаласы болатын. Бұл туралы Н.Н.Гродеков, А.И.Добросмылов, М.Тынышбаев, тағы басқа сияқты ғалымдар жазды. Қазақтың байырғы тарихын көп зерттеген М.Тынышбаевтың жазуы бойынша, Тәуекел хан 1598 жылы Ташкентті өзіне қаратқан, содан 1798 жылға дейін қазақтардың қол астындағы қала болған. (М.Тынышбаев. «Материалы к историй Киргиз-казахского народа», Ташкент, 1925 г.).
1738 жылдың тамызы мен 1739 жылдың аралығында Ресейден Ташкентке қарай бірінші орыс сауда керуені шығады. Керуен құрамына геодезист, подпоручик А.Кушелев, поручик К.Миллер сияқты әскери адамдар да кірген еді. Олардың басты мақсаты қазақ жері, ондағы қалалар мен елді мекендер жөнінде мәлімет жинастырумен бірге, қазақ даласының картасын жасау болатын. Былайша айтқанда, тыңшылықпен айналысқан. Қару-жарақ тиеген осы керуенді 1738 жылдың аяғында Түркістан мен Ташкент аралығында Қойгелді батыр бастаған жасақ күтіп алып, тонайды. Жайсыз жайтты естіген Жолбарыс хан мен Төле би керуен басы, поручик К. Миллер бастаған адамдарды Ташкентке алдырып, олардың бастарына бостандық береді және тонаудан қалған дүниелерін қайтарады. Ол керуеннің жай-жапсары орыс офицерінің жоғарғы басшылыққа берген қорытынды жазбасында кеңірек сипатталған. Ал, бізге керегі Карл Миллердің Ташкент қаласы жөнінде келтірген дерегі. Ол қала жөнінде мынадай нақты мәлімет береді: «Ташкент жазық далада тұрғызылған, ұзындығы мен ені 4 верст шамасында, көлденеңінен 3 немесе 4,3 верстей. Қалада 8 үлкен көше бар, олардың барлығы қаланың ағаш қақпасына келіп тіреледі. Қала қақпаларының атауы: 1. Самарқан; 2. Бесағаш; 3. Терсерек; 4. Шайхантаур; 5. Тахтақұс; 6. Тарқан; 7. Қапқан; 8. Кешу (Кечи). Қала қабырғасы қызыл топырақтан тұрғызылған, биіктігі 2 метрден асады. Қаланың ортасында ең үлкен базар – Игістан орналасқан және базарда жағалауы таспен қаланған үлкен көлшік бар... Ташкентте кірпіштен және топырақтан салынған мешіттер саны шамамен 150-дей, олардың жанында сонымен қатар оларша медресе деп аталатын, біздіңше, училищелер бар».
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Қойгелді батыр қару-жарақ тиеген орыс керуеніне шабуыл жасағанда, оның ішінде Қоңырбай мен Құнан батыр бастаған қаңлы жасақтары да жүрген.
Бұл кезеңде тарихшы М.Қозыбаев көрсеткендей «Қаһарлы Шыңғыс әулетінен тараған ханзадалардың құны құлдыраған кез еді».
Қазақ тақ мұрагерлерінің алауыздығын пайдаланған Жоңғар билеушісі Қалдан Серен 1740 жылы қолшоқпарларына астыртын бұйрық беріп, Ұлы жүздің ханы Жолбарысты өлтіртеді. Ташкент тағы үшін тартыстар қайта қызады. Жау жағы Ташкент тағына қырғыз манабы Қоқымды отырғызады. Сол уақытқа дейін әжептәуір басымдыққа ие болып келген қазақтар бірден Ташкенттен ығыстырыла бастайды. Бұл кезде Сыр бойы қалаларының біразы жоңғарлардың қол астында еді.
Жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың қайтыс болуы
1746 жылы жоңғардың ұлы қонтайшысы Қалден Серен қанды жорықта мерт болады. Үлкен мемлекетті «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған қатал әміршінің көзі тайысымен оның ұрпақтары арасында тақ таласы жолындағы ауыр күрес басталады. Өзара қырқысқа түскен нояндардың күресі ұзаққа созылады. Нәтижесінде жоңғарлар әлсіреп, қазақтар олардың билігінен босайды. Әке ізін басып таққа отырған ұлдарының бірі Севан Доржыны туған інісі Лама Доржы өлтіріп, орнын басады. Енді тақ таласы жолында Лама Доржыға қарсы Қалден Сереннің басқа ұлдары Дауашы мен Әмірсана соғыс ашады. 1750 жылдары олардың арасындағы қақтығыс күшейе түседі. 1751 жылы Дауашы мен Әмірсана жеңіліске ұшырап, қазақ ханы Абылайға қашып келіп, бассауға сұрайды. Сұңғыла Абылай жоңғардың атақты екі ноянын құрметтеп қарсы алып, жеке-жеке ауыл етіп, жанына қондырады. Лама Доржының елші жіберіп, басбұзар екі туысқанын байлап беру туралы талабын қабылдамайды. Қонтайшы Қазақ хандығына қарсы соғыс ашуға мәжбүр болады. Ал, Абылай соғысқа дайын еді. Қазақ сарбаздары жоңғарлардың күл-талқанын шығарып жеңеді. Сөйтіп, 1753 жылы Қазақ хандығының қолдауына сүйенген Дауашы ағасы Лама Доржының ордасын талқандап, қонтайшының басын шабады. Көп кешікпей Дауашы бүкіл Жоңғарияның әміршісі атанады. Енді Әмірсана өзінің бұрынғы одақтас ағасы Дауашқа қарсы шығып, арада алауыздық туады. Бұл жолы қазақтар Әмірсана жағында болады. Бірақ, Әмірсана жеңіліске ұшырап, Шығыс Монғолияға қашып кетеді. Ал, Дауашы қазақтарға қарсы сан қайтара шабуылға шыққанымен, бәрінде жеңіліске ұшырайды. 1755 жылы бір жағынан Қазақ хандығының қыспағында, екінші жағынан Қытай патшалығына қарсы соғыс жүргізген Дауашы енді бас көтере алмастай болып күйрей жеңіліс табады. Цянь Лунның (қазақтар Ежен хан дейді) әскері әбден қажыған жоңғарлардың жасағын қойша қырып, Дауашыны тірідей қолға түсіреді.
Жоңғар нояндарының ішкі қақтығысы, міне, осылай тыныштанған. Өзінің түпкі саяси мақсатын жүзеге асырудан үмітті Әмірсана осы кезде қайта атқа қонады. Ол қытай әскерінің еліне қайта бастаған орайлы сәтін пайдаланып, басқыншыларға қарсы дүрбелең туғызады. Әмірсананың сазайын тартқызу үшін 200 мың адамнан тұратын қытай әскері Жоңғарияға қайта оралады. Әскері талқандалып, халқы қырғынға ұшыраған Әмірсана тағы да Абылайға қашып келіп, паналайды. Әскер сұрайды. Бірақ, Абылай сұлтан оған әскер беруден бас тартады.
Жоңғар ноянына қолдау көрсеткен Абылай ханның саясатына кек қылған Цянь Лун 1756 жылы Хадаха және Дардана деген қолбасшыларына әскер беріп, қазақ елін шабуға аттандырады. Олар Әмірсананың ізінен қуып, қазақ даласына ішкерілей енеді. Халқының қырғын табарынан қатты қауіптенген Абылай Қытай қолбасшысы Фу Дэмен келіссөз жүргізуге мәжбүр болады. Келіссөз қорытындысында қазақ жағы бүлікшіл Әмірсананы ұстап беруге міндеттенеді, бітімге сөйтіп келеді.
Бірақ Әмірсана оны күні бұрын сезіп қалып, тағы қашып кетеді. Бұл жолы жоңғар нояны ұлы жүз жеріне бет түзейді. Бірақ, қашқын Әмірсананы ұлы жүз қазақтары да қолдамайды. Қазақтың ешбір жерінен пана таба алмаған жоңғар нояны ақыры орыс жеріне қарай қашады – Тобылды барып паналайды. Алайда қаншама азапты күндерді басынан өткерген жоңғардың соңғы нояны айықпас кеселге ұшырап, 1757 жылы тоғызыншы айдың 21-ші күні небәрі 35 жасында шешектен дүние салады.
Ал, Қытайдың жазалаушы әскері Әмірсананы өкшелей қуып ұлы жүз жеріне аяқ басады. Бұл кезде ұлы жүздің «Төлебай батыры мен Тұржан қожа тобы Ташкент үшін жаға жыртысып жатқан болатын».
Тарихшы Нәбижан Мұқаметқанұлы қытай деректерін пайдаланып (мысалы, Хи Чиутау. «Солтүстіктің қорғалуы», 6 том. Қазақтар бөлімі) жазған еңбегінде: «1758 жылы Цин патшалығы әскері жоңғар қашқындарын қуғындап ұлы жүз жеріне барады. Бұл тұста ұлы жүздің ханы Әбілпейіз еді. Оның қарамағында Толыбай, Қоңырбай және Сасық би дейтін үш батыры бар еді...».
Қаулыны басқарған қос батыр
...Әбілпейіз Ташкентте тұрса да, ешқандай іске араласпады. Іс жүзінде билікті Толыбай жүргізді. Цин патшалығының әскері олардың жеріне барғанда Толыбай ұлы жүз атынан олардың алдынан шығып, мініс аттар тарту етіп, ел болу хатын ұсынды. Содан бастап Ұлы жүз хандары Цин патшалығының қол астына өтті. Ұлы жүз хандары Цин патшалығының бекітуі бойынша билік орнын заңдастырып отырды», – деген Н.Мұқаметқанұлы сол кезде Ташкентте қалыптасқан саяси жағдайдан мәлімет береді (Н. Мұқаметқанұлы. Тарихи зерттеулер. Алматы; 1994 ж. 134-136 беттер).
Осы деректегі «Толыбай, Төлебай» аталатын батырымыз Төле би болса, Сасық би – шанышқылы Сасықбай батыр, ал Қоңырбай батыр – бүгін біз қалам тербеп отырған қаңлы Қоңырбай батырдың нақ өзі.
Қытай елшілері екі жаққа адам салып, дереу атысты тоқтатып, келіссөзге отыруды талап етеді. Талас-тартыс сол замат тоқтайды. Келіссөз нәтижесінде Тұржан қожа ақыры қытайлықтар ұсынған бейбітшілікке келісіп, екі жақ бітімге келеді.
Артынша (1759 ж.) Ұлы жүзге билік жүргізіп тұрған Әбілпейіз хан мен Төле би Цин патшасына хат жазып, көп тарту-таралғылармен елші аттандырады. Олардан қалғысы келмеген Тұржан қожа да Манияз деген адамын Пекинге шығарып салады. Осы тарихи оқиғаларды зерттеп кітап жазған ғалым Нығмет Мыңжан былай мәлімет келтіреді: «Қазіргі кездегі тарихи-шежірелік зерттеулер арқылы Төле бидің қасында аты аталатын батырлардың бірі шымыр руынан шыққан Қойгелді батыр болса, екіншісі шанышқылы Сасықбай батыр, тағы бірі қаңлы Қоңырбай батыр болғаны анықталды. Ал, қытай деректерінде елшілікке барды деп аталатын екі кісінің бірі Төле бидің ұлы Жолан батыр болса, екіншісі Төле бидің немерелес інісі Пұсырмен (Мұсылман) би еді.
Осы кезде қаңлыны басқарған батырлар мен билер: Құнан батыр, Қоңырбай батыр, Найзақұлақ батыр, Қожамсейіт батырлар – Ұлы жүзбен қарым-қатынас жасаған барлық елдермен саяси байланыс ұстады. Қаңлы Қоңырбай, Құнан батырлар әсіресе Ташкент өңірін 1740 жылдан бастап жаулап алуға күш салған қоқандықтарға қарсы күресте ерекше көзге түседі... «Сию шуй дау цзи» («Батыс өлкедегі өзен арналары») кітабы 1811-1821 жылдары Құлжада қытай шенеунігі Сюй Цзуннің құрастыруымен жазылып шыққан, Орта Азиядағы өзен-көлдер туралы баяндайды. Осы шығармада мынадай мәліметтер кездеседі: «Қоқандта жеке мемлекет құрған Ердене бек қазақтардан Ташкент қаласын тартып алады, сол кезде орта жүз ханы Абылай хан мен ұлы жүз ханы Әбілпейіз қоқандықтарға қайта шабуыл жасап, Ташкентті қайтарып алған. Ал, 1767 жылы (Циянлун жылнамасы бойынша 32 ж.) Абылай хан Қоқандқа қарсы соғысу үшін Қытайға Дәулеткерей есімді елшісін жіберіп, ресми хат жазып береді, онда ол 20000 әскер мен зеңбірек сұраған. Қытай басшылығы бұл көмекті беруден бас тартады. Кейін келе қоқандықтар Ташкент қаласын қайта басып алған» (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. Т – 1. Саяхатнамалар мен тарихи географиялық еңбектерден таңдамалылар. А; 2005 ж. –236 бет.). Ұлы жүз ханы Әбілпейізге қызмет еткен Қоңырбай батырдың руы – Құмырсқа, оның ерліктері мен алып тұлғасы, жеке қасиеттері туралы ұрпақтары арасында аңыздар көп тараған. Алайда оның ғұмыры туралы жартымды деректер мен материалдар табылмағандықтан, тек оның өмір сүрген ортасы мен ол тұстағы болған оқиғаларды баяндаумен шетелеміз» (Н.Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы, 1987 ж.). Кітапта тарихшы Әбілпейіз ханның жақын серіктерінің бірі болған Қоңырбай батыр туралы мәліметін автор нақтылай көрсетеді. «Осы деректе аты аталған Қоңырбай батыр Қаңлының Құмырсқа руынан шыққан, Әбілпейіз ханның кезінде ханға ең жақын адамдардың бірі болған. Қоңырбай батырдың ататегі былай таратылады: – Қоңырбай – Бексейіт – Асан –Байқара – Қасқа – Құмырсқа».
Бұл келтірілген деректерден Ташкент қаласы үшін Тұржан қожаға қарсы қақтығыста Қоңырбай батыр Әбілпейіз хан мен Төле би жағында соғысқанын және сол кездегі оңтүстікте болған барлық қым-қуат, аласапыран саяси оқиғалардың бел ортасында жүргенін, куәсі болғанын көреміз. Кез келген адам бас қолбасшылыққа тағайындала бермейтінін ескерсек, жоғарыдағы көрсетілген деректерден Қоңырбай батыр өз заманының ірі қайраткер тұлғаларының бірі болғанын пайымдауға болады. Қоңырбай батыр Құнан, Қожамсейіт, Найзақұлақ, басқа да қаңлы батырлармен тізе қосып, алдымен Жолбарыс хан, сонан соң Әбілпейіз хан, Төле билердің қасынан табылып, жоңғар нояндарына, кейіннен қоқандықтар мен бұрыттарға (қырғыздар) қарсы күресте көзге түсіп, атсалысқанын байқаймыз.
Ерекше алып, алғыр, тапқыр, намысқой жан еді
Ел аузында сақталған аңызға қарағанда, Қоңырбай ерекше алып, алғыр, тапқыр, намысқой адам болған екен. Оның күші мен қайратынан көп замандастары сескенген деседі. Ат ойындарында, найзаласу жаттығуларында оған тең келетін кісі болмапты. Әйтсе де Қоңырбайдың абыройын асырған көптеген адами қасиеттерінің ішінде оның батырлығы өз алдына бір төбе. Ер жетіп, елге қамқор болуға жарағаннан бастап, қазақ жерін жаудан қорғау ісіне араласып, көп санды қаңлылардың қолын бастаған, жоңғар мен қоқандықтардан қазақ жерін, қазақ астанасы Ташкентті босатуда талай-талай қан төгіс ұрыстарға қатысып, ірі ерліктер көрсеткен. 1740-1774 жылдардағы соғыстарда алдымен Жолбарыс хан, кейіннен Әбілпейіз бен Абылай хандардың арнаулы қолдарына басшылық жасап, бәрінде де жеңіске жетіп отырған. Сөйтіп, хандардың сеніміне ие болып, ұлы жүз әскерінің бас сардары дәрежесін атқарған.
Жоңғарлармен болған ірі соғыстарды былай қойғанда, оңтүстік өлкесін түгелге жуық жаулап алған қоқандықтардың күнделікті елге жасаған зорлық-зомбылығын көріп, қақтығысына қатысып өскен батыр қайткенде де өз замананының перзенті болып өмір сүрді. «Батырды уақыт туады, қайраткерді заман қалыптастырады» демекші, басқа да барлық қазақ батырлары сияқты Қоңырбайды да тарихи тұлға етіп қалыптастырған өз уақыты мен заманы. Басқаша айтқанда, Қоңырбай батыр өз замананының тынысын, ағысын, даму барысын да терең түсінген қайраткер тұлға болды.
***
Еліміз тәуелсіздікке қолы жеткелі бері тарихта орны бар батыр-билерімізге, көрнекті қайраткерлерімізге ескерткіш қою салты жалғасын тауып жатыр. Бұл өте жақсы үрдіс, оның тарихи маңызымен қатар, үлкен тәрбиелік мәні де бар. Әрбір халық өзінің атақты тұлғаларына ескерткіш қою арқылы өзіне ескерткіш қояды, оларды дәріптеу арқылы өзін дәріптейді. Өйткені халықты басқа жұртқа танытатын да, елінің тарихын жасайтын да ірі тұлғалар. Осы тұрғыдан алсақ, қаңлы Қоңырбай батырдың тұлғасы басқа ешбір батырдан кемшін емес және оған қойылатын ескерткішті бір рудың ескерткіші деп емес, бүкіл қазақ елі батырының құрметіне қойылатын ескерткіш және қоғамдық маңызы бар рухани дүние деп қарауымыз керек. Батыр ортақ дейді халқымыз. Сол айтпақшы, басқа да даңқты батырларымыз сияқты Қоңырбай да бір рудың, бір елдің жерін емес, бүкіл қазақтың жерін қорғаған, бүкіл қазақ халқының батыры атанған ұлттық тұлға.
Олай болса, ел татулығы мен бірлігін сақтаудың шынайы үлгісін көрсеткен Қоңырбай батырдың келісті бір ескерткішін тұрғызу, басқа жерде болмаса да, оңтүстік өңірде сұранып-ақ тұр! Сонда есеміз кетіп жатқан олқылықтың орны толып, баба алдындағы парызымыз қабыл болар еді.
«Өзінің батырларын ұмытқан халық, оның орнына басқа халықтың батырларын меншіктей бастайды, ал сосын басқа дінді, бөтен тілді және бөтен салт-дәстүрді қабылдауға мәжбүр» деп жазыпты атақты мұсылман ойшылы Әмір Хазрет. Бұдан шығатын қорытынды, ұлт тарихында үлкен орын алған XVIII ғасырдағы басты тұлғалардың бірі болған қаңлы Қоңырбай батыр есімін ардақтап, ұлықтауда, ескерткіш қойып, басқа да түрлі іс-шаралар өткізуде Түркістан елі төрт көзі түгел атсалысса құба-құп. Ел тағдыры мен жер тағдыры талқыға түскен бүгінгідей өлара шақта ұрпақ келешегі жолында ата жаумен жағаласып, арпалысып өткен ардагер аталарымыздың рухы салтанат құрып тұруы үшін осындай іргелі мәселелердің жалынан ұстап, жүзеге асыру елдік және кісілік келбетімізді айқындай түсер еді.