Полк командирі, подполковник Мұса Сәдібеков Бауыржан Момышұлымен иығы тең даңқты сардар еді
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толады. 6 жылға созылған бұл соғыс адамзат баласы тарихындағы болған барлық соғыстардың ішіндегі көлемі жағынан, қатысушы мемлекет саны жағынан, қаза тапқан, жарақаттанған, хабар-ошарсыз кеткен адамдардың саны жағынан, келтірілген материалдық шығын көлемі жағынан ең ауқымдысы, ең ауыры, ең жойқыны болды. Соңғы кездердегі әртүрлі елдердегі тарихшылардың зерттеу жұмыстары бойынша бұл соғыста 70 млн аса адам шығыны болған екен.
Тарих ғылымына саясат пен идеология үстемдік құрған елдерде соғыстың шындығы мен ақиқаты бір жақты айтылатыны айтпаса да түсінікті. Толық болмаса да, бірте-бірте жыл өткен сайын соғыс шындығы айтылып жатыр. Сондай ақиқаты енді ғана айтыла бастаған мәселелердің біріне – соғыс жылдары ерліктер жасап, көзге түскен және еленбей қалған жеке тұлғалардың өміріне қатысты мәселелер жатады.
Сондай тұлғалардың бірі – 1941-1944 жылдары майдан даласында әскери қызметі батальон, полк командирі болып, әскери шені подполковникке дейін көтерілген Мұса Шайкеұлы Сәдібеков (Садыбеков). Соғыс аяқталғаннан кейін 40 жылдан аса уақыт уақыт бойы есімі ардагер ретінде елеусіз қалып келді. Төменде біз соғыс жылдары полк командирі дәрежесіне дейін көтерілген батыр жерлесіміздің өміржолына үңіліп, оның ерліктері туралы баян етуді жөн санадық.
Мұса Сәдібековтің өз қолымен жазған өмірбаянында 1915 жылы 25 мамырда төңкеріске дейінгі әкімшілік жүйе бойынша Орынбор губерниясы, Орал облысы, Ырғыз уезі, Қабырға болысының №4 ауылында, ал кеңестік кезеңдегі әкімшілік құрылым бойынша Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сарбасат ауылдық кеңесіне қарасты Сарбасат ауылында (қазіргі Қосаман ауылдық округіне қарасты Ақеспе ауылы) дүниеге келген. Әкесі Шайх, қарапайым балықшы, ала анасының есімі – Ақсұлу. 1920-1921 жылдары бүкіл елді жайлаған аштық кезінде алдымен 1920 жылы әкесі, ал келесі 1921 жылы анасы бақиға озады. 1928 жылға дейін Шалқар, Қазалы қалаларындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленеді. 1928 жылы Орынбор қаласындағы рабфакқа (Жұмысшы-шаруа факультеті) түсіп оқиды. 1930 жылдың қазаны мен 1932 жылдың желтоқсаны аралығында Орынбор атты әскер полкының курсанты болады да, оны бітірген соң Саратов қаласындағы үш жылдық әскери-шекарашылар даярлайтын училищеде оқиды. Оны бітіріп, алғашқы әскери шен - лейтенант шенін алып шығады. 1935-1938 жылдары Қазақ КСР-і Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) Жаркент шекара отрядында (1937), хатшы-аудармашы, Баку Таулы атқыштар дивизиясында взвод командирі қызметін атқарады. 1938 жылдың ақпан айында запасқа шығып, елге оралады. 1941 жылдың қаңтарына дейін Арал ауданында халыққа білім беру бөлімінде инспектор болып еңбек жолын жалғастырады. 1939 жылдың 6 шілдесінде Мұса Сәдібеков Арал қаласында туып-өскен татар қызы Диляфрусь Мухамедьяровна Хамзинамен отбасын құрады.
Соғыс қалай басталды?
1939 жылы 1 қыркүйекте Германияның Польшаға басып кіруімен Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, КСРО әскерінің Польшаға енуі, сол жылы қарашаның соңында Кеңес одағының Финляндияға соғыс жариялауы Еуропадағы халықаралық жағдайды ушықтырып жіберді. Соған байланысты Кеңес одағында запастағы офицерлерді мобилизациялау жүргізіледі де, әскер қатарына шақыру басталады. Осыған байланысты 1941 жылдың 22 қаңтарында М.Сәдібеков те Арал әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылады. 1941 жылдың шілдесіне дейін ол Орта Азия әскери округінде болады.
1941 жылы фашистік Германияның КСРО-ға басып кіруімен сол кездегі кеңес халқы үшін Отан соғысы басталады. Соғыстың алғашқы айларында-ақ Кеңес әскерінің батыс шекаралық аймақтарда тас-талқан болып жеңіліс табуы, сондай-ақ қоршауға алынып, бірнеше жүз мыңдап тұтқынға түсуі тез арада жаңа әскери құрамаларды құруды қажет етті. Соған байланысты жер-жердегі әскери округтерде дивизиялар мен бригадалар құрыла бастады.
1941 жылдың 8 тамызындағы КСРО МҚК-ның (Мемлекеттік қорғаныс комитеті) №48 қаулысына, Орта Азия әскери округі қолбасшысының бұйрығына сай шілде айында Ақтөбе қаласында 312-атқыштар дивизиясы жасақтала бастайды. Мұса Сәдібеков осы дивизияның 1079-атқыштар полкіндегі атқыштар батальонына командир болып тағайындалады. Сол жылдың 17 тамызында дивизияның жеке құрамы (11 347 адам) әскери ант қабылдайды да, келесі күні эшелонмен майданға аттанады.
312-атқыштар дивизиясы шұғыл түрде 1941 жылдың 23 тамызында Ленинград облысының Валдай ауданының аумағына жеткізіліп, қорғаныс шебін құрады. Бұл дивизия алғашында Солтүстік-Батыс майданының (қолбасшысы генерал-лейтенант П.А.Курочкин) құрамындағы 52-армияның құрамына беріледі. Осы күндері 312-дивизияның 1079-атқыштар батальонының командирі аға лейтенант Мұса Сәдібековке 1941 жылдың 13 қыркүйегінде капитан әскери шені беріледі.
«Тайфун» операциясының күйреуі
1941 жылдың 30 қыркүйегінде немістің «Орталық» армиялар тобы Мәскеу қаласын алу үшін «Тайфун» операциясына кірісіп, оның алғашқы кезеңінде 30 қыркүйек пен 15 қазан аралығында Мәскеу бағытындағы кеңестік үш майданды – Батыс (қолбасшысы генерал-полковник И.С.Конев), Брянск (қолбасшысы генерал-полковник А. И. Ерёменко) және Резерв (қолбасшысы маршал Будённый С. М.) майдандарының тас-талқанын шығарып, оның құрамаларын қоршауға алады да, көп ұзамай тұтқындайды. Неміс құжаттарында 1941 жылдың 19 қазанындағы есеп бойынша «Тайфунның» алғашқы кезеңінде Кеңес армиясының 673098 жауынгері мен офицері тұтқынға алынып, 1277 танк, 4378 зеңбірек және т.б. көптеген техника қолға түсірілген екен. Осыншама шығынның орнын толтыру үшін Жоғары Бас қолбасшының Ставкасы Мәскеуге жақын маңдағы қорғаныс шептерінен асығыс түрде әскери құрамаларды жинастыра бастайды. Сөйтіп, 7-11 қазанда Волхов майданынан 316-дивизияны (Алматыда жасақталған, командирі генерал-майор И.В.Панфилов), Солтүстік-Батыс майданынан 312-дивизияны (Ақтөбеде жасақталған, командирі полковник А.Ф.Наумов) Мәскеу бағытына алдыртып, жаңа – Можайск қорғаныс шебіне қояды.
Можайск қорғаныс шебі – 1941 жылы күзде Мәскеу қаласынан батысқа қарай 120-130 км қашықтықта, солтүстіктен оңтүстікке қарай доға түріндегі 200 км-ге созылған ең ірі қорғаныс бекінісі болды. Ол – Волоколамск, Можайск, Малоярославлец, Калуга атты төрт бекініс ауданынан тұрды. Волоколамск бекініс ауданының бастығы болып 316-дивизияның командирі генерал-майор И.В.Панфилов тағайындалады.
1941 жылдың 10-11 қазан күндері 312 дивизия Можайск қорғаныс шебіне жетіп, бекінеді. Малоярославец бекініс ауданын қорғаушылар қатарында 312-дивизия болып, оның командирі полковник А.Ф.Наумов осы қорғаныс бөлігінің бастығы болады. Мұса Сәдібеков қызмет атқаратын 1079-атқыштар полкына осы бөліктегі Подсосено-Машкино- Бутырки- Рябцево елді мекендері аралығындағы шепті қорғау жүктеледі. Аталған елді мекендер мен олардың арасындағы бекіністерді қорғау Мұса Сәдібеков батальонына тапсырылады.
1941 жылдың 12-27 қазан аралығында 312-дивизия өзіне тапсырылған әскери тапсырманы мүлтіксіз орындап, Малоярославец қорғаныс бөлігін ұстап тұрады. Дегенмен дивизия бөлімдері ауыр шығынға ұшырайды. Осы күндердегі ауыр ұрыстың бірінде, дәлірек айтсақ, 13 қазан күнгі ұрыста батальон командирі Мұса Сәдібеков жарақат алып, госпитальға түседі. Ол желтоқсан айында ғана емделіп шығады. Осы күндерде көрсеткен ерліктері үшін жерлесіміз Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады.
Сөйтіп, 1941 жылдың 12-27 қазан күндері неміс әскерлерінің Мәскеуді алуға бағытталған «Тайфун» операциясының ең ауыр күндерінде жан аямай шайқасып, неміс әскерлерінің жойқын шабуылына төтеп берген, жаудың екпінін тежеген, өздерін өлімге қия отыра жауды Мәскеуге өткізбеген ақтөбелік 312-атқыштар дивизиясының аман қалған жауынгерлері басқа әскери бөлімдердің құрамында шайқаса береді.
Ал, екі айдай әскери госпитальда емделіп шыққан капитан Мұса Сәдібеков 1941 жылдың желтоқсан айында бірден Ақтөбе қаласында жасақталып жатқан 101-жеке ұлттық бригадаға жолдама алады.
Жалпы, 1941-1945 жылдары Қазақстанда 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 5 жеке полк және әртүрлі әскер түрлерінің батальондары құрылғаны белгілі. Солардың ішінде жеке ұлттық әскери құрамалар ретінде 3 атты әскер дивизиясы мен 2 атқыштар бригадасы саналды. Сол екі атқыштар бригадасының бірі – Ақтөбе қаласында жасақталып жатқан 101-бірінші қазақ ұлттық атқыштар бригадасына 1941 жылдың 12 желтоқсаны күні госпитальдан шыққан Мұса Сәдібеков келіп қосылады.
101-атқыштар бригадасының жеке құрамы Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының азаматтарынан жасақталады. Сонымен бірге бригада құрамына Жамбыл, Шымкент (Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы) облыстарының азаматтары да алынады. Бригаданың командирі болып полковник Себастьян Яковлевич Яковленко Қорғаныс комиссариатының бұйрығымен тағайындалса, ал 101-бригаданың комиссары болып Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы Нұри Әлиевті, саяси бөлім бастығы болып Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Бекайдар Берниязовты, бригада парткомиссиясының хатшысы қызметіне Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жауапты қызметкері Нұғман Оразалинді партия басшылығы бекітеді. Бригаданың батальондары мен роталарына басшылық етуге жан-жақтан қазақ ұлтының өкілдері, тәжірибелі, соғысып үлгерген әскери мамандар жұмылдырылады. Солардың қатарында капитан Мұса Сəдібеков, тағы басқа да қазақ ұлтының жас офицерлері болады.
Бригада толық жасақталған кезде оның жеке құрамының саны 6800 адамға жетеді. Онда жергілікті қазақ ұлтының өкілдері - 80,3 пайыз болса, орыстар 10,1пайызды құрайды. Бригаданың 86,4 пайызы жастар болады. 101-бригаданың оқу-жаттығу және жауынгерлік дайындық жұмыстарының басталуы 1942 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бекітілген арнайы жоспар бойынша жүргізіле бастайды.
Капитан шеніндегі Мұса Сәдібеков 1942 жылдың желтоқсан айында госпитальдан шыға сала бірден жолдамамен Ақтөбе қаласына келеді. Ол 101-бригаданың бірінші атқыштар батальонына командир болып тағайындалады.
1942 жылдың 7 наурызында 101-атқыштар бригадасы Оңтүстік Орал Әскери округінің құрамына енгізіледі. Ал бригаданың әскери дайындығын тексеру үшін 1941 жылың 19 мамырында Мәскеуден Мемлекеттік қорғаныс комитетінің мүшесі, Кеңес одағының маршалы Климент Ефремович Ворошилов, Оңтүстік Орал Әскери округінің қолбасшысы генерал-майор Попов Ақтөбе қаласына келеді. Бригада командирінің ауырып қалуына байланысты бригаданың дайындығы туралы рапортты маршал алдында М.Сәдібеков береді. Маршал бригаданың дайындығын жоғары бағалайды, М.Сәдібековтің арқасынан қағып, арғымақ сыйлайды.
101-атқыштар бригадасындағы 1-атқыштар батальоны оқу-жаттығу жұмысында алда болғандықтан және маршалдың жылы лебізінен кейін М.Сәдібеков 1942 жылдың 6 шілдесінен бастап бригада командирінің бірінші орынбасары қызметін атқара бастайды. Жерлесіміз сол күннен бастап енді бүкіл бригаданың әскери-жауынгерлік дайындығына жауап береді. Ал тамыздың 31-і күні оған кезекті әскери шен - майор шені беріледі. Бұл кезде М.Сәдібековтың жасы бар болғаны 27-де болатын.
1942 жылдың тамыз айының ортасында 101-жеке қазақ атқыштар бригадасы майдан даласына қарай аттанады. Олар Мәскеу маңындағы Ногинск қаласына келеді. Сол маңда орналасып, бригада штат бойынша толық қару-жарақ, оқ-дәрімен, зеңбірек, снарядтармен қаруланады. Бригада тағы бір ай бойы жаттығады, одан әрі ширыға түседі. 1942 жылдың 30 қыркүйегінде 101-бригадаға КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының Жарлығымен Жауынгерлік Қызыл Ту тапсырылады.
Жауынгерлік Қызыл Туын алған 101-қазақ ұлттық жеке атқыштар бригадасы тағы да поезбен жолға шығып, Мәскеу арқылы батысқа қарай жол жүреді де, Ржев үшін соғысқа кіріседі.
«Марс» операциясы: Арғымақ атты Сәбдібеков батыр
101-қазақ ұлттық дербес бригадасы Калинин майданының 39-армиясының құрамында 1942 жылдың 25 қарашасы мен 20 желтоқсан аралығында өткен екінші Ржев-Сычевка шабуыл операциясына қатыстырылады.
Сондай-ақ «Марс» операциясының екінші мақсаты туралы да соңғы кездері көп айтылып жүр. «Уран» деп аталған Сталинград стратегиялық шабуыл операциясы 1942 жылдың 19 қарашасы мен 1943 жылдың 2 ақпаны арасында жүргізіліп, мақсаты Сталинград түбіндегі немістің 6-армиясын қоршауға алып, толық жоюды көздеді. Қызыл Армияның үш майданы қатысқан ауқымды операцияға Бас штабтың бастығы, армия генералы А.М.Василевский басшылық етті. «Уран» операциясы өте сәтті жүріп, шабуылдаушы кеңестік әскерлер Калач станциясында 22 қарашада түйіседі де, немістің 6-армиясын (20 моторлы, жаяу, танк дивизиялары, жалпы саны 335 мың адам) қоршауға алады. Оларға көмекке тек қана «Орталық» армиялар тобынан әскери көмек келе алатын еді. Ондай көмекті болдыртпау үшін 9-шы армияға қарсы 25 қарашада кеңес әскерлері «Марс» операциясын бастап жібереді. Қалай болғанда да Сталинград түбінде қоршауда қалған Паулюстың 6-армиясы 9-армия тарапынан ешқандай көмек ала алмайды.
101-жеке ұлттық атқыштар бригадасына 39-шы армия құрамында болып, «Марс» операциясы барысында Ржев қаласынан батысқа қарай 25-30 шақырымдай жерде орналасып, сол жерден оңтүстік-бағытқа қарай шабуыл жасай отыра, елді мекендерді азат ету міндеті жүктеледі. Дәл осы кезде 39-армия құрамында Алматыда жасақталған 100-атқыштар бригадасы (командирі - подполковник В.Е.Шевцов, әскери комиссары аға саяси жетекші С.Бәйішев) 101-бригададан батысқа қарай 30 шақырымдай жердегі Молодой Туд өңірінде орналасып, олар да «Марс» операциясына қатысады. Біздің жерлестеріміз өздеріне тапсырылған міндетті орындау үшін қалың қарда Погорелое Городище станциясынан 80-90 шақырымдай жол жүріп, 39-армияның негізгі күштері орналасқан Молодой Туд ауданына сәл жетіңкіремей, Букарево елді мекені маңына келіп орналасады да, шабуылға дайындалады.
«Марс» операциясы 1942 жылы 25 қарашада басталады. Ал 28 қарашада бригаданың негізгі күштері – атқыштар батальондары шабуылға шығып, бірнеше күн ішінде Толкачевка, Березка, Зайцево, Ажево секілді елді мекендерді жаудан азат етеді. Мишуково елді мекенін немістер өте мықты қорғанысқа айналдырған екен, оны бірден ала алмайды. Осы елді мекен түбінде бригаданың көптеген жауынгері қаза табады, жарақат алады. Қарашаның соңы мен желтоқсанның алғашқы күндері бригада негізінен Мишуково түбінде қиян-кескі ұрыс жүргізеді. Осы күндері бригада командирінің орынбасары М.Сәдібеков нағыз жанкешті ерлігімен көзге түседі. Оның ерліктері туралы көздері көрген куәгерлердің бірі, бригада ардагері Мұқаш Кенбаев былай деп баяндайды:
«Сәдібеков менің есімде жақсы сақталып қалды. Ол бригада Ақтөбеде жасақталып жатқан кезде бригада командирінің орынбасары болды. Ақылды, тез шешім қабылдағыш, өте беделді командир, даусы да нағыз командирге лайықты болатын. Мишуково деревнясы үшін болған ұрыста жау дзоты шабуылымызды тоқтата берді. Мен танкіге қарсы қолданылатын қару командирінің көмекшісі едім. Мұса Шайхұлы қаруды жау дзотына қарама-қарсы сүйреп әкелуге бұйырды. Бәріміз – қару командирі, капитан Игенов, взвод командирі Кошкин, Сәдібековтің өзі қираған ағаштар арасымен қаруды сүйреп әкеліп, қарсыластың оқ ату нүктесін тікелей атумен жойдық. Әлі есімде, Сәдібеков қашанда өзін нағыз батырларша ұстайтын. Ұрыстың ең қиын бөлігінде аттың үстінде жүретін». М.Сәдібековке арғымақ атты Ақтөбеге келген кезінде бригаданың оқу-жаттығу ісіне көңілі толған маршал К.Е.Ворошилов сыйлаған болатын.
Жалпы алғанда, «Марс» операциясы өзінің негізгі мақсатына жетпеді. Калинин майданы мен Батыс майданының құрамындағы бірнеше армия, олардың құрамындағы дивизиялар көп шығынға ұшырады. 101-бригада да бір айдай уақытқа созылған операция барысында басқа да әскери бөлімдер секілді қатты шығынға ұшырайды. Бригаданың 135 жауынгері көрсеткен ерлігі үшін марапаттарға ие болады. Ал 744 адам қаза тауып, 2544 адам әртүрлі жарақат алады, ал 313 адам хабар-ошарсыз жоғалып кетеді.
Міне, осыдан кейін бригада екінші эшелонға шығарылып, қатарын толықтыруға кіріседі. Ал, бригада командирінің орынбасары М.Сәдібеков1942 жылдың 5 ақпаннан бастап 39-армияның кадрлар бөліміне алынады да, бір айдан кейін басқа әскери құрамаға жіберіледі.
Бір айдай уақыттан соң майор шеніндегі Мұса Сәдібеков 1943 жылдың 3 наурызында Калинин майданы, 43-армияның 179-атқыштар дивизиясындағы 215-атқыштар полкінің штаб бастығы болып тағайындалады. Майор М.Сәдібеков штаб бастығы болып қызмет атқарған 215 полк 1943 жылдың көктем-жаз-күз айларында Ресейдің Смоленск облысын, Белоруссияның Витебск облысын жаудан азат етуге қатысады. Ол штаб бастығы ретінде полктың жауынгерлік даярлығына аса жоғары мән береді, небір жаңашыл әдістерді өмірге енгізуге тырысады.
Мұса Сәдібековтің оқу-жаттығу ісінде енгізген бір жаңалығына, оның мергендерді даярлауда қолданған жаңа әдісіне - жапырақ түстес материалдармен байланған балықшылар ауының астында мергендерді жатқызу еді. Балықшылар ауылында туып-өскен М.Сәдібеков бірінші рет осындай жасырыну (маскировка) түрін ұрыс даласында қолданады. Майор М.Сәдібековтің бұл әдісі кейіннен бүкіл әскерде кең қолдауға ие болады. Осылайша, жерлесіміздің есімі 39-армия көлеміне таралады.
Осы күндерден мынадай бір құжат батыр жерлесіміздің болмысын сипаттайды. «Партиялық мінездеме» деп аталатын құжатта оған қатысты мынадай сөздер кездеседі: «1941 жылдан ВКП (б) мүшесі, партиялық билетінің №44064076, жолдас майор Садыбеков Мұса Шайхұлына партиялық мінездеме. 179-атқыштар дивизиясы 215-атқыштар полкының партиялық ұйымына келген бойда жолдас Садыбеков өзін жігерлі, жұмысқа қабілетті және бастамашыл коммунист ретінде көрсете білді. Жолдас Садыбеков өзіне жүктелген барлық партиялық тапсырмаларды уақытылы және дер кезінде орындайды. Қорғаныс Халық комиссары жолдас Сталиннің №195 бұйрығын алған бойда соны басшылыққа ала отырып, полк штабының өміріне енгізді, сөйтіп жұмысты жоғары деңгейге көтерді. Полк штабы әскери тапсырмаларды орындаудың үлгісіне айналды. Полк штабының барлық құжаттары талаптарға сай сақталуда. Жолдас майор Садыбековке тапсырылған партиялық тапсырмалар қатесіз орындалып жүр. Мысалы, ол бірнеше рет лекциялар оқып, «Әскери штабтардың жұмысын көтеру туралы» тақырыпта әңгімелер өткізді. Жолдас Садыбеков тікелей алдыңғы шептерде кездесулер өткізеді...».
Уақыт жағынан алғанда бұл құжаттың жазылған кезі – 1943 жылдың сәуір-мамыр айлары. Мінездемедегі берілген сипаттама – жерлесіміздің қай жерде, қай қызметте болсын жаңашыл, талапшыл болып, қоластындағылардан да соны талап ете білетіндігін көрсетеді. М.Сәдібековке берілген осындай мінездемелердің бәрінің соңғы абзацы «Жоғары қызметтерге әбден лайық» деген сөйлеммен аяқталып отырады. Осындай мінездемелерден кейін жерлесіміз 1943 жылы 25 маусымында подполковник шенін алады. 1944 жылдың қаңтарына дейін, яғни бір жылға жуық уақыт полктың штаб бастығы қызметін абыроймен атқарады да, жаңа қызметке жоғарылайды.
1944 жылдың қаңтарының алғашқы күндерінен бастап М.Сәдібеков жаңа қызметке - 1-Прибалтика майданындағы 43-армия құрамындағы 179-атқыштар дивизиясы 259-атқыштар полкінің командирі міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалады. Ал жарты айдан соң 43-армия құрамындағы 145-атқыштар дивизиясы 599-атқыштар полкының командирі қызметіне кіріседі.
Ол үш айдай уақыт осы полкте командир болады. Осы кездері оның атағы мен абыройын аспандатқан бір оқиға болады. Ол оқиғадан кейін оның есімін бүкіл ел білді десек, ол артық айтқандық емес деп ойлаймыз. 101-бригаданың ардагері, ғасырды бағындырған ағамыз Ізгілік Дабаев өз кітабында сол оқиға туралы мынадай бір сөйлем жазады. «1944 жылы Жаңа жыл алдында Кремльде кеңес жауынгерлеріне арналған қабылдауда Бауыржан Момышұлы, Мұса Сәдібеков, Мәлік Ғабдуллин болды».
Осы оқиға туралы журналист-тарихшы, «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақ офицерлері» атты он томдық керемет кітап шығарған Жұмабай Доспанов ағамыз былай деп жазады: «1944 жылдың сәуірінде И.В.Сталин Кремльде одақтас республикалар генералдары мен аға офицерлеріне қабылдау жасағанда, Қазақ КСР-і дастарқанында полковник Б.Момышұлы, подполковник М.Садыбеков және Кеңес Одағының батыры, майор М.Ғабдуллин отырады».
Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесі 1944 жылдың басында Қазақстанда Қорғаныс Халық комиссариатын құруды жоспарлап, алдымен оған жоғары білімді және тәжірибелі мамандар іздестіреді. Осы кездері үкімет назарына 101-ұлттық бригаданы құруға қатысып, оның басшыларының бірі болған, 1941 жылдан майданда болып, талай рет ажалмен беттескен, тәжірибесі мол, жасы 28-де, қызметі – полк командирі, шені подполковник Мұса Сәдібековтің аты-жөні түседі. Басқа да көптеген аға офицерлермен бірге оның аты-жөні шақыртылатын офицерлер тізіміне ілігеді. Сөйтіп, Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары И.Шарипов (Исағали Шәріпұлы Шәріпов – (1905-1976) мемлекет және қоғам қайраткері. 1939-1953 жылдары ҚазКСР Халық Комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған) қол қойған ресми телефонограмма КСРО Қорғаныс комиссариатына жолданады. Хаттың жіберілген күні 1944 жылдың 16 наурызы. Ал оның мазмұны мынадай:
«Жолдас генерал-майор Свиридовқа
Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесі Сізден жолдас подполковник М.Ш.Садыбековты қысқа уақытқа демалыс беріп, Қазақ Әскери комиссариатына Қазақ КСР Қорғаныс Халық комиссариаты құрылғанға дейін іссапарға жіберуіңізді сұрайды».
Сәдібековтың басына қара бұлт қалай үйірілді?
Осы хаттан кейін подполковник М.Ш.Сәдібеков өмірінде мүлде басқа кезең басталады. Ол кезең жеке тұлғаның өміріндегі түсініксіз, жабық, құпиясы көп кезең. Ең өкініштісі, әлі де болса 30 жасқа толмаған, 28 жастағы жас командирдің тағдырын сындырған, болашағына балта шабылған кезең еді. Әлі күнге дейін қазақ халқының басым бөлігі полк командирі, подполковник Мұса Шайхұлы (Шайкеұлы) Сәдібековтің кім екендігін білмейді. Ал 1943-1944 жылдары полк командирі М.Сәдібековтің атақ-абыройы сол тұстағы дивизия командирі, бүкіл қазақ елі, қазақ жұртының үшін мақтанышына айналған полковник Бауыржан Момышұлымен бірдей болғанын қалың көпшілік біле бермейді.
Енді подполковник М.Сәдібековтің тылдағы тірліктері мен басынан өткерген хикаялары туралы баяндайық.
Жерлесіміз Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесінің елімізде Қорғаныс Халық комиссариатын ұйымдастыру істеріне байланысты үкіметтен арнайы шақырту алып, қысқа мерзімге демалыс алады. Майдан даласынан Мәскеу қаласына келеді, одан әрі Орта Азия Әскери оругінің штабы орналасқан Ташкент қаласына поезбен жолға шығады. Орта жолда өзінің әскерге шақырылған жері, өзінің отбасы тұрған, соғысқа дейін жұмыс жасаған Арал қаласына келеді. Туған қаласы подполковникті өте жақсы қарсы алады. Арал қаласында әртүрлі мекемелер мен мектептерде соғыс тақырыбына арналған кездесулер өткізіледі. Одан кейін Алматы қаласына келіп, үкімет адамдарымен кездеседі, болашақ Қазақ КСР Қорғаныс Халық комиссариатын құрумен айналысып жүрген жауапты адамдардың алдарынан өтеді, олармен жеке әңгімелеседі.
Біздің ойымызша, «батыр аңғал болады» демекші, подполковник Мұса Сәдібеков майданның небір қанды қырғынынан батылдығы мен батырлығы, тәжірибелілігі арқасында аман қалып жүрсе де, бейбіт өмірде астыртын соғыстың құрбанына айналған секілді.
Осы кезде Алматы қаласында жүрген подполковник Мұса Сәдібековке 1944 жылдың сәуір айында аралдық екі жас жерлес-офицерлер жолығып, өздерінің жеке бастарындағы мәселелерін шешіп беруді өтінеді. Олар майданда жараланып госпитальға түседі де, одан емделіп шыққаннан кейін қысқа мерзімге демалыс алып, туған қалаларына келеді. Жас офицерлер ағайын-туыстың ортасына келген соң қаладағы әскери комиссариатқа әскери есепке тұруды естен шығарып, демалыс уақытын өткізіп алған екен. Олардың жағдайы соғыс жылдарының заңына сәйкес нағыз қылмыс болып саналып, қылмыс заңы бойынша майданнан қашқандыққа (дезертирство) жатқызылады. Олардың ойлары бойынша бұл мәселені шешсе, тек қан майданда полк командирі болып отырған, подполковник әскери шені бар, ең бастысы атағы мен абыройы өрлеп тұрған М.Сәдібеков қана шеше алады.
Жағдайды түсінген подполковник М.Сәдібеков екі жас офицермен Арал қаласына келеді. Ол 1944 жылдың мамыр айында Арал аудандық әскери комиссариатындағы жауапты адамды күштеп отырып, екі жас офицердің мәселесін олардың пайдасына шешіп бергізеді. Міне, оның осы іс-әрекеті көп ұзамай, М.Сәдібековтің үстінен қылмыстық іс қозғауға негіз болады. Бірнеше апта бұрын нағыз батыр, нағыз ержүрек ер болған подполковник М.Сәдібековтің үстінен іс қозғалады. Оның беделі мен абыройын мүлде төмендету үшін тағы да бірнеше жағымсыз істі оның мойнына ілуге күш салады.
Арал аудандық әскери комиссариатының түсірген шағымы бойынша подполковник М.Ш.Сәдібековтің үстінен іс қозғалады. Сөйтіп, кеше ғана бүкіл ел батыр санап аспанға көтерген М.Сәдібеков бір күнде қылмыскер болып шыға келеді. Оның ісімен енді Орта Азия Әскери округінің Әскери трибуналы араласады. Әскери трибунал алдымен оны қамауға алады, одан кейін тергеу жұмыстары жүргізіледі.
Осы жерде подполковник М.Ш.Сәдібековтің «Наркомның орынбасары» болуын қаламайтын бір топ қатты жұмыс істеген сияқты көрінеді. Оның аудандық әскери комиссариаттың жауапты қызметкеріне немесе оның бастығына күш көрсетуінен басқа қайдағы бір ұсақ-түйек істерді батырдың мойнына іле бастайды.
Алғашқы сот үкімі 1944 жылдың 25 қазанында шығарылады. Одан кейін тағы сот процесі жүріп, 1945 жылдың басына дейін Әскери Сот коллегиясы М.Сәдібековтің ісі бойынша бірнеше рет қарап, ақыры төмендегідей үкім шығарады. Біріншіден, оның іс-әрекетін қылмыстық әрекет деп таниды. Екіншіден, оны «подполковник» әскери шенінен, соғыс жылдары алынған орден-медалынан айырады. Үшіншіден, Әскери сот алдымен оны жеке статьямен бес жылға соттайды. Одан кейін тағы сот процесі жүріп, тағы да статья қосылып, ол бойынша үш жыл тағы қосылады. Сөйтіп, жалпы сегіз жылға сотталады. Жазаның түрі былайша белгіленеді : «... Құқықтарын жоймай және жеке мүлкін тартып алмай (конфискацияламай) Еңбекпен түзеу лагерінде (ИТЛ) 8 жылға сотталсын». Жазаны өтеу уақытының басталуы 1944 жылдың 25 қазаны деп белгіленеді.
Сот процесі жүріп жатқанда Мұса Шайхұлы да қарап қалмаған сияқты. Өзінің туа бітті қайсарлығы мен батырлығы, сауаттылығы мен білімділігі арқасында дұрыс қорғана біледі. Сондай-ақ 1945 жылы 9 мамырдағы КСРО-ның Германияны жеңуіне байланысты 1945 жылы 7 шілдеде КСРО Жоғарғы Кеңесі «Амнистия туралы» заң қабылдағаны белгілі. Осы заң бойынша М.Сәдібековке таңылған негізгі статьяның өтеу уақыты жартылай қысқарады. Ал Мұса Шайхұлы Сәдібеков жазасының қалған уақытын 1946 жылы толық өтеп шығады.
Ақталу жолындағы күрес
Мұса Сәдібеков өзіне тән табандылығының арқасында әскери шенін қайтарудан үмітін үзбейді, күреседі. Сонымен бірге ол қол қусырып қарап отырмайды. Бірден Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың сырттай оқу бөліміне қабылданады.
Ол 1946-1947 жылдары Қызылорда қаласындағы мұғалімдердің білімін жетілдіретін институтта аға әдіскер болып орналасады да, жұмысын істей жүріп, Қызылордадағы педагогикалық институттың сырттай оқу бөліміне оқуға түседі. Оны тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздікке бітіріп шығады. Одан кейінгі еңбек өтілінде мынадай кезеңдер жазылған екен. 1947- 1951 жылдары Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Молотов атындағы орта мектепте - мұғалім, 1951-1952 жылдары Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы орта мектепте-мұғалім, 1952-1953 жылдары тағы да Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Молотов атындағы орта мектепте - мұғалім, 1953-1955 жылдары Қызылорда облысы Арал ауданы, Қамыстыбас орта мектебінде – оқу ісінің орынбасары-мұғалім, 1955-1956 жылдары Қызылорда облысы Арал қаласындағы Шевченко атындағы №13 қазақ орта мектебінде – оқу ісінің орынбасары-мұғалім, 1956-1957 жылдары Қызылорда облысы Арал ауданы Аралсульфат (қарапайым халық Сольтрест деп те атайды) кентіндегі №19 Сольтрест орта мектебінің директоры болып жұмыс істейді.
1953 жылы 5 наурызда Кеңес Одағының басшысы И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығымен 27 наурызда кезекті «Амнистия туралы» заңды қабылдайды. Осы заңға сәйкес Мұса Сәдібеков толық ақталады да, барлық азаматтық құқықтары қалпына келтіріледі. Сол кезде қалыптаса бастаған «жылымық» жылдары ол өзінің подполковник әскери шені мен соғыс жылдарында алған ордендері мен медальдарын қайтару үшін күресе бастайды. Шамамен 1953-1955 жылдар аралығында КСРО Қорғаныс министрінің атына бірнеше рет өтініш-хаттар жазады.
Бұл жерде әрине, ағамыздың өтініштері мен арыздарының не себепті ұзақ уақыт бойы шешілмегенін түсіну қиын емес. Аудандық әскер комиссариатындағылардың ағамызға деген «өкпесі» қара қазандай болғандықтан, сол кездері олардың батыр ағамызға оң көзбен қарап, жылы шырай көрсетуі мүмкін емес еді. Есіл ер өмірінің соңғы жылдары Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл поселкесінде поселкелік кеңестің төрағасы қызметінде өтеді. Осы қызметінде жүріп, ол 1972 жылы 57 жасында қайтыс болады. Сүйегі Сексеуіл кентіндегі орталық қорымда қойылған.
М.Сәдібековтің отбасында төрт ұл, екі қызы дүниеге келеді. Олардан таралған ұрпақтар Астана, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында тұрып жатыр.
Тарихта мынадай бір заңдылық бар. «Тарихи тұлға жеке басына емес, халқына сіңірген еңбегіне қарай бағаланады». Подполковник М.Сәдібеков 1941-1944 жылдары Отанын қорғау үшін бар күшін салды, аянбай соғысты. Осы еңбегі бірінші орында тұруы керек. Әзірге, қазіргі күнде бар болғаны Арал қаласында Мұса Шәйкеұлы Сәдібеков атындағы көше ғана бар.
Менің ойымша, подполковник Мұса Сәдібековті ұлт батыры, ұлттық деңгейдегі тарихи тұлға деңгейіне көтеру үшін мынадай шараларды жүзеге асыру қажет: 1) Көзі тірі кезінде әскери шенін қайтара алмаған Мұса Сәдібековтің подполковник әскери шенін ресми қайтарылуы керек. Содан кейін барлық жерде «Подполковник Мұса Сәдібеков» деп атау керек. 2) Мұса Сәдібековке қатысты барлық жоспарланған игі шараларды ұйымдастыру, басқару, жүзеге асыру үшін ең алдымен, Мұса Сәдібеков атындағы Қоғамдық қор құру керек. 3) Подполковник М.Сәдібековтің туған күні 25 мамыр. 2025 жылы 25 мамырда оған 110 жыл толады. Осыған байланысты батырдың мерейтойына орай Арал ауданында еске алу және мерекелеу шараларын өткізу керек. Осы шараларды жүзеге асырсақ, онда біздер, елеусіз қалған есіл ердің аруағы алдында бір парызымызды өтедік деп айта аламыз.
Берекет Кәрібаев,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
ҰҒА академигі