Дәулет бағындырған асулар

Дәулет  бағындырған асулар

Дәулет туралы бұл жазбамды әріден, өткен ғасырдың 62-ші жылынан бастағалы отырмын. Егіншілік мәдениетін өркендеткені үшін аты Қазақ КСР-ның Құрмет кітабына алтын әріптермен жазылған ұжымшарымызда Ұлы Октябрь мерекесі дүркіреп өтіп жатты. Ауыл өнерпаздары ән салды, би биледі, воллейболдан жарыс өтті, үлкен жігіттер күресіп күш сынасты. Ауылда сұрапыл соғыс кезінде күштеп көшіріліп келген шешендер де көп тұратын. Өздері соншалықты өр, кеуделі, басымызға ауыр күн туғанда бізге пана болған осы халық-ау демейді. Сәл бірдеңе бола қалса, әп-сәтте бастары бірігіп, пышақтарын жалаңдатып шыға келеді. Солардың бірі – баласы ма, әлде жақын туысының ұлы ма, білмеймін, әйтеуір, «қайсың балаңды мынамен күрестіресіңдер?» деп, суырылып алға шықты. Ондайды күтпеген жұрт бір мезет тым-тырыс болып, демдерін ішке тартқандай күйде тосылып қалды. Балуан баланың қолын қайта-қайта көкке көтерді. 

 

– Кәне, қай баланы шығарасыңдар, тез шығарыңдар! – дейді. Оны айналада тұрған шешендер іліп алып, даурығыса сөйлеп, қыздыра түседі. 

– Әй, ағайындар, мына жерде үш ауыл қазақ жиналыппыз. Қайсыңның белі мықты, ұстаса алатын балаң бар? Атам қазақтың әруағы қолдайды, кәне, бір батыр   баламызға үміт артып ортаға шығарайық. Әйтпесе, мына шіркіндер дес бермей бара жатыр ғой, – деді, кейін КПСС ХХІV съезінің делегаты болған әйгілі колхоз бастығы Жұрымбай Медетов. 

Ол кісінің осы сөзі арқаландырып жіберсе керек, Тесіктас ауылындағы Талдыбұлақ жетіжылдық мектебінің ұл-қыздарын бастап әкелген Сатан Сүлейменов бойы шешеннің баласына жетеғабыл бір оқушысын ортаға алып шықты. «Қорықпа, сен одан күштісің» деп, арқасынан қағып, жылы сөзімен дем бергенін естідік. Әлгі бала батыл басып, ортадағы мереке думанын жүргізіп тұрған кісінің қасына жақындады. Шешеннің баласы өзін соншалықты еркін ұстасына қарағанда жеңетініне әбден сенімді сияқты. Бірақ сырт көзге қорбиған денесі екен, ұстасқан соң, тіресіп бірер минут тұрды ма, жоқ па, әйтеуір екеуіне де қалай болар екен-ау деп бар тілеуін тілеп, қадала қараған барша жұрттың көз алдында шиыра бір айналдырып, қара жерге топ еткізді. Анау тырбаңдап, жауырынын бермеу үшін қанша тырмысып, тыраштана тістенсе де, ол әрекеті құр тырбаң болды. 

– Айналайын Дәулетім менің,  жарайсың! – деп Сатан ағайы жанына жетіп барып құшақтай алды. 

«Бұл кімнің баласы-ей?» деп, білгенше дегбірлері қашты риза болған елдің.

«Бақташы Орынбайдың баласы ғой!» – деді сол ауылдан келгендердің бірі. 

«Үш қыздан кейін көрген бір ұлы бар деуші еді. Сол бала екен ғой. Ой, айналайын баласынан, бәріміздің мерейімізді көкке көтерді ғой. Аман болсын. Көз тимесін», – деді дуылдасқан елдің арасында тұрған бөрікті кісі. 

Мен алғаш рет Дәулет Төлепбергеновты осындай дүрмекті тойда көріп едім. Ол сонда үшінші сыныптың оқушысы болатын. Бес жылдан соң, қоңыр күзде сыныптастарымен Абай атындағы орта мектепке келді. Бізден бір сынып жоғары оқыды. Алайда бір айдан кейін Талас ауданының Тамды ауылында тұратын әпкесінің қолына кетті де, онша араласа алмадық. Дегенмен, арагідік облыстық «Еңбек туы» газетіне жазған хабар, мақалаларын оқып жүрдік. 

– 1970 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Бірақ жолым болмады, – деп еске алады Дәулет. 

Ойлы адам тектен-текке үйде жата ма? Дәулет қажетті бір мамандық алайын деп, аудандағы жүргізушілер даярлайтын үш айлық курсқа барады. Оны бітіріп келген кезінде ауылдағы жігіттердің Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жарияланған Жаңатас қаласына комсомолдық жолдамамен кетіп жатқанын естиді. Соларға қосылып құрылысы қарқынды қолға алынған жас қалаға барып, құрылысшы болып  жұмысқа кіріседі. Көктемде уақыты келгенде қатарластарымен  бірге азаматтық борышын өтеуге аттанады.

Студенттік жылдардағы өндірістік тәжірибесі де ізсіз кетпеді. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіне жыл сайын келіп жүріп, өзін редакция ұжымына оңды қырымен көрсете білді. Диплом алған кезінде бас редакторы Баттал Жаңабаевтың өзі қызметке шақырды. Екі жылдан соң радиожурналистикада бағымды сынап көрейінші деп, сол ғимараттағы облыстық радиоға ауысты. Газетте жазу өнеріне ысылған журналиске репортерді игеріп кетудің ешқандай қиындығы жоқ екен. Көп өтпей өндірісі қызу жүргізіліп жатқан Қаратау қаласындағы облыстық радионың бөлімшесіне жауапты редактор болып сұранып барды. 

Қиындығы мен қызығы қатар жүріп жататын журналистік өмірде әр алуан оқиғалар кездеседі. Соның бірі – бертінде үлкен жазушыға айналған Марат Қабанбаевпен жер асты шахтасына түсуі. Ол кісі кеншілер өмірінен материал жазу үшін әдейілеп келген екен. 

– Әрине, тағдыры қызықты, кеншілер өмірінен жан-жақты әңгіме айта білетін адамға апару керек. Бірден Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мырзаш Әліқұлов жұмыс істейтін «Молодежный» кенішінің алтыншы көкжиегіне түстік, – деп еске алады Дәукең. – Бұл өзі сегіз көкжиектен тұратын кеніш еді. Әр көкжиегінің арасы жүз метр шамасында. Төбеден су тырс-тырс тамшылап тұр. Жанымызға Нұрмахан Мыңбаев деген азаматты жол бастаушы етіп қосып берген. Алакөлеңке туннельмен үш жүз метрдей жүрген кезімізде кенет құлақ тұндырар жарылыстың үні естілді. Сол сәт жарық та жалп етіп сөнді. Нұрмахан ондайға әбден үйренген шығар, ал екеуміздің қорыққанымыз сондай, қайта-қайта Құдайға жалбарындық. Бізді одан бетер үрейлендіре түсейін деді ме, Нұрмахан: «Енді жарық жанбайды, бітті!» – деді. Сөйтсек, ол бізге әдейі әзілдеп айтқан  екен. 

Араға уақыт салып Марат Қабанбаев «Жұлдыз» журналына Қаратауға барған сол сапарынан кеншілер өмірінен оқырмандар қызығып оқитын көлемді мақала жарияласа, Дәулет тыңдаушыларына радиорепортаждар топтамасын ұсынды. Жер асты кенішінің бірінші көкжиегіндегі кеншілердің қозықұйрық өсіретіндігі туралы да алғаш рет ел қызығып тыңдайтын жақсы хабар жасады. 

Не нәрсеге де тез бейімделгіш азамат Қаратау қаласынан коммерциялық телестудия ашты. Сөйтіп, көгілдір экран арқылы қаратаулықтарды күнделікті жаңалықтармен хабардар етіп, шағын қаланың толғақты мәселелерін жан-жақты көтере білді. Елдің теледидарға деген қызығушылығы арта түсті. Солар «Дәулеттің  бағдарламасын көрейік» деп, «ҚТД – Қаратау теледидары» хабарларын көру үшін телеэкранға телміре қарайтынды әдетке айналдырды. 

Ол сол уақытта облыстық телеарнаның Талас, Сарысу аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін де қоса атқарды. Елмен бұрынғыдан да етене араласатын жағдайға жетті. Қызықты хабарларды үсті-үстіне жасайтын кәсіби тележурналист ретінде  танылды.  Осылай Дәулет Төлепбергенов журналистиканың үш бірдей саласы – баспасөз, радио, телевидениені жан-жақты меңгерген бірегей маман болды. 

Тәжірибе жинақтағаннан кейін Дәукең деректі киноға да ден қойды. Сөйтіп, Бетпақдалада әкесінің ақ таяғына ие болған қаршадай қыз Ақбала  туралы «Дала қызы» атты деректі фильм түсірді. Ақбала ат құлағында ойнайды, машина, тракторды қоса тізгіндеген, оның сыртында құралайды көзге атқан мерген болып шықты. Фильмде осының бәрі жан-жақты ашылады. Көрермендер тарапынан өте жақсы бағасын алған жарты сағаттық осы фильм «Қазақстан» телеарнасынан да әлденеше рет көрсетілді. Одан кейін Дәулеттің  «Көкала», «Долана» деректі фильмдері де мамандардың назарын айрықша аударған дүниелер болды. 

– 2003 жылы Талас аудандық мәслихатының депутаттығы үшін ауданға танымал сегіз азамат бәсекеге түстік, – дейді өзі. – Нағыз додалы сайлау болды. Әлгілердің арасынан сайлаушылардың ең жоғары дауысын мен жинадым. Елге берген сөзімде тұрып Ақкөл, Үшарал, Көшек елді мекендеріне апаратын жолды жөндетуге төрт миллион теңге қаржы бөлдіруге және ауылдарға ауызсу, ішкі көші-қон, кәсіпкерлігін дамытамын деушілерге жеңілдетілген несие бөлгізуге ықпал еттім.

Міне, осыдан кейін ол аудандық мәслихат депутаты болып, екінші рет тағы да сайланады. Бес жыл аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы міндетін абыроймен атқарады. Әлбетте, көпшіліктің көзіне көрінетін, көкейінен шығатын осындай жұмыстардан соң Дәулеттің Талас ауданының Құрметті азаматы болуы заңды емес пе?!

ТАЛҒАТ АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы, Жамбыл облысы
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 66
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 120
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 29
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 69
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 67
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 120
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 153
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 155
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 145
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 152
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 158
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 152

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11280
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10216
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13462
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12416
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17424