2 шілде күні Астанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы өтті. Жиын барысында Қазақстанның экономикалық жетістіктері, шетелдік капиталды қорғауға бағытталған жаңа Конституция, сондай-ақ жасанды интеллект, цифрландыру және агроөнеркәсіп салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер талқыланды. Маңызды жиналыста сөз сөйлеген Мемлекет басшысы маңызды деректермен бөлісе кетті.
– Сыртқы конъюнктураның қолайсыздығына қарамастан, Қазақстан экономикасы былтыр 6,5 пайызға өсті. Елдегі ішкі жалпы өнім көлемі 300 млрд долларлық межеден асты. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтауды көздейді. Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 млрд доллардан асып, аймаққа құйылған барлық қаржының шамамен 70 пайызын құрады. Осы экономикалық табыстарға негізінен саяси тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Жалпыұлттық тарихи референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдадық, бұл құжат қазірдің өзінде халықтық Конституция ретінде танылды. Негізгі заңның бүгінгі отырыс қарсаңында күшіне енуі символдық мәнге ие. Жаңартылған конституциялық нормалар инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақ елі шетелдік инвестицияларды тарту бағытында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келе жатыр. Бұл тұтас Орталық Азия аймағында ғана емес, тіпті әлем елдері арасында көрнекті орынға көтеріліп келе жатыр десек артық айтқандық болмас. Бұл туралы Мемлекет басшысы үнемі айтып, тиісті заңдар мен құқықтық нормалардың қабылдануына, инвесторлардың құқықтарының жоғары дәрежеде қорғалуына баса назар ауадарып келеді. Қазіргі таңда инвестициялық қолайлы ахуалды қалыптастыру және ірі халықаралық жобаларды іске асыру мемлекеттің негізгі басымдықтарының біріне айналды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестициялар тартудың маңыздылығына тоқтала келіп: «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара», – деп кесіп айтқаны есімізде.
Осындай маңызды міндеттер ірі мегаполистер мен әрбір облыс әкімшіліктеріне тапсырма ретінде жүктеліп отыр. Осылардың қатарында елордамыздың көрсеткіштері алдыңғы орында келе жатқандығын мақтанышпен айта кеткен ләзім.
2026 жылдың қорытындысын жасауға әлі де ерте екені түсінікті. Дегенмен алғашқы алты айдың көрсеткіші көңілді көншітерліктей деңгейде тұр. Мәселен 2026 жылдың алғашқы жартысында елордаға тартылған тікелей инвестициялар көлемі $1,7 млрд-тан асқан. Бұл құрылыс саласы, өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика және туризм сияқты маңызды салаларға бағытталған. 2026 жылы қаңтар-мамыр аралығында Астана қаласында туризм және қызмет көрсету саласына салынған инвестиция 250 млрд теңгеге жетті. Қалаға келген саяхатшылар саны 12%-ға артып, шетелдік қонақтардың қатары молайған.
Қазір бас қалада жалпыұлттық пул шеңберінде құны 2,2 трлн теңгелік 211 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде 28 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына мұрындық болмақ. Ал, қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша қаладағы негізгі капиталға құйылған қаржы капиталына 833,5 млрд теңге жеткен. Оның 591 млрд теңгесі жеке инвестициялар есебінен болып отыр.
Абыройы асқақтаған астанамыз қазір қаржы орталығына айналып келеді. Мұнда Астана халықаралық қаржы орталығы, жетекші қаржылық алаң ретінде танылып келеді. Оның биржасы (AIX) алғашқы тоқсанда сауда көлемін үш есеге дейін ұлғайтты. «Жалпы мемлекет бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайту және сапалық әлеуетті жақсарту шаралары Астананың әлемдік экономикадағы тартымдылығын еселеді», – дейді қаржы мамандары.
















