Менің әкем

Менің әкем

Әкем Жұмабек ұзын бойлы, денелі, қара торы кісі. Анам Құрар екеуі сегіз баланы (төрт ұл, төрт қыз) дүниеге келтіріп, тәрбиелеп өсірді. Мен ата-анамның тұңғышымын. Ересек болғандықтан ба, әлде сезімталдығым ба, отбасындағы үлкендердің қарым-қатынасын, көзқарастарын тез байқап, көңілге түйіп жүретінмін. Әкем атам Шәлдибекті, әжем Әлімханды (әке-шешесін) ерекше құрметтейтін. Қызметінен келгенде сәлем беріп, хал-жағдайларын сұрайтын. Атам мен әжем, Амангелді, Аманжол есімді інілері бізбен бірге тұрды. Мектептен кейін әскерлік міндетін сонау Хабаровскіде өтеп жүрген әкем бір хатында: «Әке, анашым, аман-есен елге оралсам, сіздерді арқама көтеріп, аузыма тістесем де бағамын», – деп жазған екен. Өзі айтқандай, ата-анасын өз қолынан шығармай бағып-қақты. Амангелді аға үйленіп, бөлек шыққанда ғана атам мен әжем кіші баласының қолына кетті.

 

Әкемнің мінезі өте жайлы еді. Не інілеріне, не балаларына дауыс көтеріп, қатты сөз айтқан емес. Анамды да ренжітпейтін. Әкем сырт көзге қатал көрінгенімен, бала сияқты аңқау болатын. Райпо деген мекемеде сауда бөлімінің бастығы боп істейтін сіңілім Күләш бірде теледидар сатып әкеледі. Теледидардың жаңа шығып жатқан кезі. Амангелді аға бастаған балалар теледидардан үнді фильмін тамашалап отырыпты. Жұмыстан келген әкем де киноға назар салады. Бір кезде әкем: «Мен сыртқа шығып келейін. Мынаны өшіре тұрыңдар. Қызық жері өтіп кетеді», – депті. «Күлкіден ішегім түйіліп қала жаздады», – дейді Амангелді аға.

Әкемді полиция бөлімінің бас тергеушісі етіп Кеген ауданына ауыстырады. Көшіп келгенімізге жарты жылға таяса да, көршілер әкемнің милиция (ол кезде осылай аталатын) қызметкері екенін білмеген екен. Бірде шұғыл іссапарға кетуі керек боп әкем милиция формасымен асығыс үйге кеп, қажет заттарын алып жүріп кетеді. Содан көршілер арасында гу-гу әңгіме басталады:

– Әй, мына үйге үш бірдей милиция келді. Тегін емес сияқты.

– Иә, біз де көрдік. Түрлері сұсты. Бір кілтипан бар ма деп қалдық.

Кешкісін жұмыстан шаршап келе жатқан анамды көрші тәте тоқтатып:

– Әй, Құрар, тапа-тал түсте үйлеріңе милициялар келді. Тыныштық па? – деп сұрайды.

– Мен үйге барып білейін не жағдай екенін, – дейді анам күліп.

Іссапардан оралған әкеме анам болған жайды айтады.

– Е-е, онда демалыс күні көршілерді шақыр, танысалық, – дейді әкем. Кешке қарай шақырылған көршілер дастарқанға жайғасып, әңгіме-дүкен басталады. Бәрі жан-жақтарына қарап әлдекімді іздегендей болып отырғанда әкем милиция формасымен үйге амандасып кіріп келеді. Аң-таң болған көршілер орындарынан атып-атып тұрады. Сонда әкем:

– Ау, сіздерге не болды? Отыра беріңіздер. Бұл мен ғой, жаңа көршілеріңіз. Жұмыстан қол босамай, сіздермен танысудың реті енді келді, – дейді аспай-саспай.

Тотай деген жігіт бізден бес-алты үй төмен тұратын. Бірде үйге бір қап ұнды таныс балаға көтеріп әкеп, кіре беріс есіктің артына қойып, түскі астан кейін жұмысқа кеттім. Сағат 5-ке таман анам қоңырау шалып:

– Ұнды әкеліп пе едің? – деді.

– Әкеліп кіре беріс есіктің артына қойғанмын, – дедім. Кешке мән-жайды білмек боп үйге келдім. Сөйтсем әкем түскі асқа келе жатқанда алдынан ұн арқалаған Тотай шыға келеді. Саспастан әкеме амандасып өте бергенде арқасындағы ұны сырғып кетеді. «Әй, тоқта, көмектесіп жіберейін», – деп ұнды арқасына қойып береді. Сырттағы бізді көріп әкем:

– Неге тұрсыңдар? – деді таңырқап.

– Мына қыз ұн әкеп мына жерге қойып кеткен екен, жоқ, – деді анам.

– Тотай ұн көтеріп алдымнан өте бергенде онысы сырғып жерге түсіп қалды. Мен көмектесіп арқасына қойып беріп едім. Біздікі екен ғой.

– Е, бәсе, Тотайды ұры деп естуші ем. Ананы-мынаны сұрағыштап келгіштеп кетіп еді. Оны оңдырмаймыз, – деп күйіп-пісті анам.

– Болар іс болды. Ұрлық түбі – қорлық. Тапа-тал түсте ұрлық жасаған Тотай да оңа қоймас. Ұрлықтың наны тамағынан қалай өтер екен. Ұры алсын дегендей оңай жерге қоя салған өздерің. Шайыңды құйшы, жиналыс бар еді, кешігетін болдым, – деді.

Тағы бірде әкем іссапармен кетті. Келген күні қолындағы газетті інім Ғалымға беріп:

– Мынаны жаға салшы, – деді.

– Неге, әке?

– Бараған үй дәретханасына менің суретім басылған мына газетті тастап қойыпты. Алып алдым. Қарасақ аудандық газетте әкемді мақтап жазған мақала бар екен, үлкен суретін қоса басыпты. Аудандық милиция бөлімшесіне жаңа бастық келеді. Күз айы. Жұрт қысқа дайындалып, қарбаласатын шақ. Бірде кешке қарай бір-екі әріптесімен келді. Бәрі мәз-мейрам, көңілді-ақ. Дастарқан басында:

– Ой, Жәуке, мұндай да қызық болады екен-ау. Сұрағына дәлме-дәл, нақты жауап бергеніңізде бастық не айтарын білмей отырып қалды ғой.

– Өзіңізге іштей дән риза болдым, – десіп жамырай күлісіп жатыр.

Сөйтсе, оқиға былай болыпты. Жаңа бастық үйіне 2-3 машина шөп түсіреді. Сол күні кешке қарай қатты жел тұрады. Шөп түсіргендер шөптің үстін бастырмамен бастыруды естен шығарса керек. Ашуланған жаңа бастық әкемді шақырып: «Ұрыны тап!» – деп бұйырады. Мән-жайды бірден түсінген әкем:

– Жолдас бастық, ұрыны ұстай алмаймыз, – дейді.

– Сіз не деп тұрсыз? Ұсталмайтын ол қандай ұры? – деп қатты ашуланады.

– Онда бізбен бірге жүріңіз.

– Жүрсек жүрейік.

Бәрі көлікке отырып, бастықтың үйіне келеді. Көліктен түскен бастық:

– Ал... – деп әкеме қарайды.

– Бәріңіз менімен бірге жүріңіздер, – деп әкем жол бастайды.

Боран ұшырған шөптің біраз бөлігі ықтасын жерлерге үйіліп қалғанын көрген бастық:

– Бұл не? Ойын ойнап жүрміз бе? – деп ашу шақырады.

– Жоқ, ұрыны іздеп жүрміз, – дейді әкем сабырлы түрде.

– Ол қайда?

– Ұры – біздің Кегеннің желі. Шөптің үстін дұрыстап бастырмамен бастырмаған ұры жел шөпті жан-жаққа шашып жоқ қылған. Ұсталмайтын ұры дегенім сол, кешіріңіз, – дейді.

– Е-ә, – деп таң-тамаша болған басекең үн-түнсіз көлігіне мінеді. Бәрі кеңсеге келеді.

Аз уақыт өткен соң бастық әкемді кабинетіне шақырады:

– Сіз, Жәуке, кешіріңіз. Шынымен басында түсінбей қалғаным рас. Сыртыңыздан «бетің бар, жүзің бар демей тура айтады» деп естіп ем. Рас екен, – деп әкемнің қолын қысады.

– Ойпырм-ай, кабинетіне шақырғанда айқайға басар деп есіктің сыртында тұрдық емес пе. Сіз оны мойындаттыңыз.

– Жә, тамақтарыңды ішіңдер, – деді әкем әріптестерін сабырға шақырып.

Бірде анам:

– Елдің еркегі үйдің де, түздің де тірлігін тындырып жатады. Ал сен жұмыс-жұмыс деп үйге мойын бұрмайсың. Сиыр қораның бір қабырғасы құлайын деп тұр. Алда қыс, ала сиырдың бұзаулайтын мезгілі жақын.

– Жақсы, ендеше істеп көрейік, – деп сыртқа шығады. Содан соң бізді шақырып: «Қане, маған көмектесіңдер, қораны бүтіндейік. Қуаныш, Ғалым, анау кірпіштерді маған тасып беріңдер. Қызым, сен күрек әкеле ғой», – деді. Әкем кірпіштің үстіне кірпішті қойып қалап шықты. Арасына топырақ сеуіп қойды. «Түк те қиын емес екен ғой, ә, балалар. Шешең сонша ренжіп еді, лезде бітіріп тастадық», – деді үстін қағып жатып. «Қарындарың ашты ма? Жүріңдер, әлденіп алайық. Қолдарыңды жуыңдар».

Осы мезетте шешем келе қалды. «Сендер 2-3 сағатта қораны жөндеп болып қойдыңдар ма?» – деп қораға бет алды. Анам үйге кірді де әкеме:

–  Жүрші бері, – деді. Бәріміз әкеммен бірге сыртқа қотарыла шықтық.

– Әй, Катя (әкем анамды кейде осылай атайтын), не болды? Балаларыммен қораны жөндеп қойдық.

– Мына жөндеген қораң ертең Кегеннің бораны соққанда малыңды басып қалады.

Ештеңе түсінбеген біз әкеме, әкем бізге қарайды. Ашу қысқан анам біз қалап қойған кірпіштерді гүрс еткізіп құлата салды.

– Әй, аға тергеуші, жүр, – деді анам үлкен ескі каританы әкеліп, ішіне топырақ, сабан салып, су құйып араластырды. Топырақты нанша илеп боп:

– Қане, енді маған көмектесіңдер, кірпіш әперіңдер, – деп іске кірісіп де кетті. Өзі шапшаң, қимылы ширақ.

Ары тұрып, бері тұрып әкем:

– Ой, сенің қолыңнан бәрі келеді екен ғой. Бізді сонша әуре жасап, тіпті мені оңдырмай ұрсып та тастадың.

– Ойпырм-ай, не дедім сонша саған. Қаламнан басқа күрек, балта ұстасаң, аспан айналып жерге түсе қоймас, – деді шарасыз анам. Сөйтіп ел есінде қалған әкем елу жетіге қараған шағында өмірден өтіп жүре берді. Өзінен кейінгі інім Қуанышбек те өмірмен ерте қоштасты. Артында бес баласы қалды. «Орнында бар оңалар» деген, ұлдары Асқар, Асхат, Дидар, қыздары Айгүл, Аяулым мамандықтары бар, бүгінде үйлі-баранды. Қуанышбектің аяулы жары Айман балаларының ортасында отырған қамқор ана. Кенже інім Еркін жиырма бес-ақ жасында өмірден өтті. Артында Абзал есімді бір ұл қалды.

Әкемнің інілері Амангелді аға да, Аманжол аға да өмірден ерте кетті. Анам да жоқ. Өрі, еңісі, ойы, қыры көп өмірде адамшылық жолынан бұра тартып адаспай адам деген атты сақтап қалу да бір ғанибет пе деймін. Сол жақындарымды сағынып, көзге жас алатын кездерім көп. Түрі, келбеті әкемнен аумайтын інім Ғалымға бәріміз құрметпен қараймыз. Аузынан түсіп қалғандай. Әкемнің жолын қуған да сол. Қарағанды қаласынан оқуын бітіріп келіп полиция қызметіне кірісті. Мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірді, майор шенімен 45 жасында зейнетке шықты. Жары Нұргүл екеуі төрт баланы дүниеге келтіріп, тәрбиелеп өсірді, оқытты. Ұлдары Азамат, Айдар, қыздары Ақмарал жоғары білімді, отбасылы. Кенжелері Айым орта мектепті алтын белгімен бітіріп, Астанадағы Еуразия университетінің математика факультетінде озат оқиды. Азамат облыстық әкімшілікте экономика бөлімінде орынбасар боп еңбек етуде.

Рысгүл  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

04.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27369
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26878
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44208
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39962
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44549