«Әбіл» деген жаңа фильм шығыпты. 90-жылдардағы жекешелендірудегі оқиғалар туралы екен. Көрген жоқпын. Бірақ көрмейтін де шығармын. Өз көзіңмен көрген оқиғаларды режиссер мен сценаристің көзімен көру қызық бола қоймас. Олар, әрине, маман, кей жерін қалыңдатып, бояп көрсетеді», – деп әлеуметтік желіде Сұлтан Сүлеев деген азамат ол киноны көрмей-білмей осындай тұжырым жасапты.
Дегенмен Сұлтан бауырым 90-жылдардағы фильмде айтылмаған жекешелендірудегі заңсыздық, жемқорлық, зорлық, ұрлық жөніндегі көргендерін ортаға салыпты. Сұлтан сияқты мен де бұл фильмді көрмей-ақ қойсам болар еді, дәтім шыдамады. «Мың естігеннен бір көрген артық», – деген бабамның тәмсілін алға салып, балам екеуміз арнайы барып көрдік. Әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген зиялы қауымның дүбірінен бүкіл ел оянып, фильмді жаппай көріп жатқан болар деп ойладым. «Билет жоқ шығар», – деп баламнан сұрасам, ол күлді: «Көке, жаңа ғана «Сарыарқа» кинотеатрына хабарластым. Кино көретін біз екеуміз ғана екенбіз», – дегенде шошып кеттім. «Мүмкін емес! Мұндай фильмді көруге жұртымыздың бармай қалуы ұят емес пе?» – деппін сасқанымнан. Іштей сенбей кинозалға кірдім. Жоқ, адамдар бар екен. Әдейі санап шықтым. Бізбен 7-ақ адам!
Пәлі! Осындай қазақы, шыншыл фильмді қалай көрмейді-ә? Не болып бара жатырмыз? Есесіне байқағаным, осы фильммен қатар басқа залдарда болып жатқан «Бишарашки», «Хотя бы в кино болсын», т.б. киноларға келушілердің қатары молынан көрінді. Көріп отырсыздар, соңғы кездері осындай сайқымазақ комедиялық кинолар қаптап кетті. Әсіресе көңілге қаяу түсіретіні – ол кинолардың аттарын орысша, ағылшынша сөздермен тұздықтап қоя салады. Не деген сұмдық десеңші! Ау, жаңа кино шығарда арнайы комиссия неге тексермейді екен?..
Жә-ә, бұл жайттарды арнайы сөз етерміз тағы да. Бүгінгі әңгіме «Әбіл» киносы туралы ғой. Қазақ мойындамаған бұл фильмді Еуропа жұртшылығы өте тамаша қабылдаған. Бірнеше кинофестивальдерде «Әбіліміз» маңдайы жарқырап озып келіпті. Халық кинозалдарда лық толып, ынтыға көрген.
Иә, «Әбіл» жақсы түсірілген тамаша туынды екен. НӘН-нің ауылға, қазаққа жасаған зұлымдығы шынайы түрде түсіріліпті. Пәлен жыл қой баққан, бірақ соның қызығын көрмей құса болған, соңында тышқақ лақ ала алмаған Әбіл сынды шопандар көп екендігі айдай шындық еді ғой. Кеңес өкіметі кезінде жыл он екі ай бойы отар-отар қой баққандар қызылсырап, тоя ет жемегендігі нағыз шындық болатын. Фильм солақай жекешелендірудегі ащы шындықтарды көлбеңдетіп көз алдыңа әкеледі. Қызыл директорлар мен ферма меңгерушілердің, белсенділердің сол кездері құдайы берді. Әбіл сияқты момындарды мұзға отырғызып, төрт түлік малды мыңдап, миллиондап жүгенсіз тонап, жеп, білгенін істеді. Бірнеше жылдың жүзінде мал өрісі құлазып қалды. Әсіресе Кеңес өкіметінің халықты жаппай араққа суаруы осы фильмде «әдемі» көрініс тапқан.
Солай, бұл фильм осы ащы шындығымен дараланып тұр. Көресің, көзіңнен ащы жас сорғалайды, жүрегің ауырады. Киноактер Тұңғышбай Жаманқұлов айтпақшы, Әбіл оқиғасы, мемлекеттің байлығын тонау әлі жалғасып жатыр. Оны қалай тоқтатуға болады? Әзірге оған жауап табу қиын. Әзірге қазақтың шындығын бүкіл әлемге паш еткен айналайын режиссер балаға (Елзат Ескендір) рақметімді айтамын. Бірақ осы жақсы дүниені ескермеген қазағымыздың әлі де оянбағанына күйінемін.
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
















