Иса аға және мейірім шуағы

Иса аға және мейірім шуағы

Ағаларым қандай көп еді десеңші! Мен үшін олардың әрқайсысы Алатаудың шыңдарындай биік еді. Олар қазір жоқ. Ағаларым одан сайын биіктеп кеткендей. Әне-еу көгілдір көкте ұшып жүр.

Құшағың оттай ыстық сахарадай,

Көңілім шалқып ұшқан шағаладай.

Алдымнан көкем-ай деп шыға-тұғын,

Сіздерді сағындым ғой, ағалар-ай!..

Иә, енді сағыныш сазы тербейді жүректі. Оспан, Жорабек, Қантай, Көшер, Муса, Сартай, Тәуекел ағаларым. Енді міне Иса ағайым оралмас сапарға кетті. Ағаларымды тапты ма екен? Кездескен кезімізде олар туралы көп айтатын. Әрқайсысына арнайы тоқталып, олардың ақжарқын, ақкөңіл, еңбекқор екендіктері туралы мейірлене сыр шертетін. Өткен қоңыр күзде әдейі іздеп бардық. Жапырақтары алтынға айнала бастаған ағаштардың арасында жүр екен. Қолында шелек, суарып жүр. Тоғыз қабатты үйдің бірінші қабатында Күләй жеңешем екеуі тұрады. Пәтерлерінің тура артындағы алаңқайға неше түрлі ағаштар егіп тастаған. Соларды қарайды, баптайды. Балаларындай өбектейді. Тура жанында жеңешем екеуі отырып бір сәт демалады, шүйіркелесіп әңгімелеседі.

Сол күреңсе күзде ағам қунақ еді. «Мына үйлердің артында жер үйлер бар, көшіп келсеңдерші» деді. Барып көрдік. Бірақ тым қымбат. «Көрерміз, аға», – дедім оның көңілін қимай.

Ағатайым мен үшін тұла бойы тұнған үлгі-өнеге еді. Бала кезімізде ол спортпен шұғылданды, штанга көтеретін. Чемпион болғанын естіп, қатты қуанғаным есте. Мен де еліктеп біразға дейін штанга көтеріп жүрдім. Кейін Шымкенттен Сыр еліне көшкенде ауылда, мектепте денешынықтырудан сабақ берді. 2000 жылдары Алматыға көшіп келді. Жеңешем екеуі қатты қиналды. Алып та қатал қала Алматы көпке дейін құшағына алмады. Шүкір, кейін еңбекқорлықтарының арқасында орнығып кетті. Балаларының бәрі үйлі-баранды. Бауыржан, Гүлжан, Ұлжан, Орынбек, Болатбек. Немерелері, шөберелері бар. Жеңешем екеуі бақытты еді... 

«Ағаң ауырып жатыр!» – дегенді осыдан екі ай бұрын естігенде сенбедім. Шаруаның бәрін жиып қойып Саялыға бардық. Кеше ғана жүгіріп жүрген ағатайым төсек тартып жатып қалыпты. Ауылдан Қаппар ағам келіпті. Яғни қауіпті ауру. Судан басқа ештеңе ішпейді. Көп ұзамады. Қайран ағамның өмірі үзіліп кетті. Соңғы сапарға шығарып салдық.

Ақкөңіл, ақжарқын жан еді. Қақ-соқпен жұмысы жоқ. Қаппар ағамның Иса ағам жайлы айтқан мына әңгімесі жиі-жиі еске түседі. Саялы шағын ауданының алды алаңқай еді. Бірде Иса аға Қаппарды ертіп сол алаңқайға жүгіріп барады. Алдарынан кішкентай күшік ағаны арсалаңдап қарсы алады. Шөп жиегінде әлгі иттің итаяғы бар екен. Соған Иса аға әкелген тамағын құйды. «Қаппаржан! Үнемі осы ит досыма тамағын әкеп тұрамын. Ертең мен олай-бұлай болып кетсем, бұл байғұсқа кім қарар екен?» – деді. Кейін ол итке мен де барып тұрдым», – деді Қаппар ағам әңгімесін аяқтап. Кейін Қаппар ағам ауылға кеткен соң, Иса ағаның баласы Бауыржанға сол итті тапсырдым. Қайран ағатайым десейші! Айдаладағы итке жанашыр болып, қарап жүргенін айтсаңызшы. Жаны нәзік ағамды сағынып жүрмін. Біздің қолдан не келер дейсің? Бақұл бол, аға! Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жұмақта, иманыңыз салауат болғай. Әумин!

 

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ
16.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 837
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6912
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10751
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6980
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7122