Көкше – туризмге таптырмас ғажайып өлке

Көкше – туризмге  таптырмас ғажайып өлке

Ақмола облысы туристік бизнесті дамыту үшін қолайлы аумақта орналасқан. Әсіресе  сексен көлі теңгедей жарқыраған,  орман-тоғайлы Көкше өңірінің табиғаты әсем.Облыстың көп аудандарында ішкі туризмді дамытуға зор мүмкіншіліктері бар. Осыған сай демалыс үйлері, санаторийлер мен туристік базалар, емдеу-сауықтыру орындары мен пансионаттар жыл сайын көбейіп келеді. Ресми мәлімет бойынша,  бүгіндеөңірде туризм саласында600-ден астаммекеме жұмыс істейді. Оның 341-і орналастыру нысандары, 12-сі сауықтыру-курортты мекемелер, 207-сі жол бойында қызмет көрсету нысандары, 34-і  туристік фирмалар болса,  «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау»  мемлекеттік ұлттық табиғи парктері және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы саяхатшыларға қызмет етуде. Демалушылар 900 түрлі  мәдени-тарихи ескерткіштерді тамашалап, таныса алады. Облыстағы  туризм саласында жетістікке жетіп отырған ең ірісі  – Щучье-Бурабай курорттық аймағы.  Ол  республиканың орталығында орналасқан, географиялық тұрғыдан қолайлы, елордасы Нұр-Сұлтан қаласына жақын  аймақ. Щучье-Бурабай курортты аймағы еліміздің ең тартымды 10  туристік нысаны қатарына кіреді. Жазғы маусымда 1 млн адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар.

Биыл «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының жаһандық желісіне қосылды. Көкше өңірі Сандықтау, Имантау, Зеренді сияқты  табиғаты тамылжыған әсем, айдын көлді, нулы, сулы өлкеге бай. 

 

Табиғаты тамаша Зеренді

Зеренді демалыс аймағы қарқынды дамиды | Қазақстан жаңалықтары: Kazakh TV  арнасындағы соңғы жаңалықтар | Kazakh TV

Зеренді курортты аймағы өткен жылы  республикалық маңызы бар туристік аумақ тізіміне кірді. Табиғаты көз тартар ғажайып өлке жөнінде оқырманға таныстыруды жөн көрдік. 

Көкше өңірі – тұнған тарих, тылсым табиғат, орманды алқап, әсем көрініс, таза ауа, айдын көл, айта берсе жалғаса береді. Көкшедегі сондай тамаша өңірдің бірі – Зеренді аймағы. Зеренді ауданы – Ақмола облысының әкімшілік бөлігі. Елордамыз – Ақмола облысына, оның орталығы Көкшетау Зеренді ауданы аумағына қарайды. Яғни Зерендінің әсем өлкесі  елорданы, Көкшені көркімен көмкеріп тұрдесек, қателеспейміз. Зеренді ауданы  Көкшетаудан 40,  астанадан тура барса 300 шақырым айналасында. Бүгінгі күні Щучье қаласынан Зерендіге тура асфальт жол салынған. Жол қатынасында кедергі жоқ.

Көз тартқан айдын  көлдері мен сыңғырлаған таза мөлдір бұлақтары, қалың қарағай, қайың араласқан орманды алқабы, терек пен тал өскен ойпаңы, шөбі шүйгін, егіні жайқалған кең жазығы аралас,  ұзыны 60, көлденеңі 25-30 шақырым Зеренді алқабы «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінің негізгі аумағы саналады.  Осынау көркем  табиғатта шоқ қарағайлар өскен, жасыл алқап ортасында үлкенді-кішілі төбелер аралас  Зеренді тауы  бар. Биік сүйір шоқы, текше-текше сандық тастар аралас орманды алқаппен көмкерілген Зеренді тауының  етегінде теңгедей жарқырап Зеренді көлі қараған жанға  ерекше әсер беріп, көңілді сергітіп, қуаныш сезімге бөлейді.

Көкше жеріндегі аңызға айналған 80 көлдің біршамасы осы төңіректе. Батысы таулы орман, шығысы кең жазық дала Зеренді, жағалауын түп-түгел қарағай қоршаған Қарағайлы, кең жазықта шалқып жатқан Айдабол, Шымылдықты тауының етегіндегі Шымылдықты, суы да, балшығы да жанға шипа Жамантұз сортаң көлі,  батысында суы тұщы Қараүңгір, балығы шоршыған Құмдыкөл сияқты көлдер бар. Жасыл орман, алқапты кернеген жасыл шалғын, гүл бәйшешектің хош исі аңқыған, құрамында озоны бар сап ауа жанға шипа, дертке дауа. Жанға сая, бойға қуат беретін таза табиғатта серуендеген жанның құр аттай жұлқынары анық. Зерендінің орманын, тау-тасын аралаймын дегенге   маршрут жасалған, жүретін, жүгіретін жасанды және табиғи сүрлеулер көп. Мұнда атқа мініп серуендеуге, велосипедпен аралауға, қыста шаңғы тебу үшін жақсы жағдай жасалуда.  Көлдері балықпен құсқа, даласы аңға  бай. Оларды аулауға белгілі бір уақыттарда рұқсат беріледі.  Жазда жайраңдап  жеміс-жидек теріп, серуен құрғыңыз келсе, оғанда мүмкіндік зор. 

 

Зеренді атауы қайдан шыққан?

Демалушыларды «Зеренді атауы қайдан шыққан? Таудың да, көлдің де Зеренді аталуы неліктен?» деген сұрақ мазалары сөзсіз.  Бұл атаудың шығу тарихына қатысты сан қилы болжамдар бар. Соның біріне тоқталып өтейік. Тарихта «Моңғолия даласында сол заманда  жайылып жүрген Зерен (орысшасы «дзерен») деп аталатын түздің айыр тұяқты тағысы бip кездерде Зеренді төңірегінде де болуы әбден мүмкін» деген жазбалар кезігеді.  Олай болса, батыл болжам жасап, осы сөзді талдап  көрейік. Мұнда түздің айыр тұяқты тағысы деп,  жирен, қарақұйрық, ақбөкенді  айтып отыр. Моңғолдар, яғни қалмақтар ол аңды «Зээр» «Хар сүүлт» /Қара құйрық. Яғни құйрығы қара  болған соң/ деп атайды.  Қазақ даласын  біркездері  қалмақтар мекендегені  тарихтан белгілі. Қалмақтар Моңғол тектеске жатады. Аласапыран заманда осы өлкеде   қалмақтар мекен етсе де, тұрақтап қала алмағаны белгілі. Зеренді сөзі моңғолдың бұрмаланған «Зээртэй»,  «Зээртэй нутаг» деген сөзі болуы мүмкін.  Жоғарыда айтқанымыздай, «зээр» деген сөз– жирен, қарақұйрық деген аң атауы. Демек Зеренді, яғни қазақша жиренді деген атау шығады.  Сөздің толық мағынасын жиренді, жирен мекен еткен жер деп түсінген жөн. «Түкті», «Түлкілі»  дегендей. Бұндай атау Зеренді жерінде көп. Ал моңғол тіліндегі  «Зээртэй нутаг», қазақша «Жиренді мекен» қысқарып, Зеренді аталып кетті деуге негіз бар. Жирен, қарақұйрық, ақбөкендер – тұқымдас жануарлар. Қазақтың сайын даласында жирендер жортып, қарақұйрық үйір-үйірімен жөңкілген заман болған шығар. Бүгінде еліміздің батысында ақбөкендер өсіп-өніп, өркен жайғанын естіп,біліпотырмыз. Ақбөкендер –жөңкіп жүретін түз тағысы. Ел ауып, мұжықтар көбейгенде түз тағысыда безіп, әрісі Бетпақдала, берісі оңтүстікке шалғай,  кең далаға ауғанын тарихтан білеміз. Аласапыран заманда ел ауды, елмен бірге аң-құс, мал да ауды. Тереңіне үңілсең, Зеренді  тарихы талай сырды паш етері хақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінене келер болсақ, қазақша «Жиренді», моңғолша «Зээртэй», Зеренді болып тарихта қалыптасты десек, қателеспейміз. 

 

Турист тартуға  талпыныс 

Зеренді демалыс аймағының әсем табиғаты мен көрікті жерлері  туризм индустриясын дамытуға сұранып-ақ тұр. Ондағы санаторийлер мен курорттар, демалыс және  сауықтыру орындары,  шаңғы базалары табиғи ұлттық парк құруға таптырмас мекен. Зеренді демалыс аумағында «Қарағайлы», «Зерен Плюс», «Сұңқар», «Құлпынай мүйісі», М. Ғабдуллин атындағы және Еуразия университетінің спорттық сауықтыру лагерьлері, «Аққайың шипажайы», «Жасыл мүйіс», «Ұшқын», «Шығыс» т.б. демалыс базалары жұмыс жасайды. Демалушыларға «Керемет», «Нұр ауыл» кафесі, «Көмек» кемпингі, «Оазис» мотелі, «Қалқаман» қонақүйі т.б. орындар  қызмет көрсетеді. Уақытты тиімді өткізуге арналған шаңғы трассасы және  стадион бар. Экологиялық туристік жобалар жасақталып,   маршрут бойымен  Барлаутөбе, Шиелі, Беріктас, Жазықтөбе, Бөрік, Қалқантас, Ақшабұлт, Құс базары, Аюлы, Қоянды,Сұлутөбе, Әулиешың, Қойтас, Жекетау, Жайынауыз сияқты табиғи орындарды аралауға болады. Салт атпен де, жаяу жүріп те тауды аралауға, ну орманды кезуге мүмкіндік мол. Әуесқой балықшыларға кайық та, балық аулайтын жабдықтар да  дайын. Қазір мұнда 40-қа жуық туристік ұйым бар. Бұл сан заман талабына сай өсері хақ. Зеренді көлін тазалап, аумағын абаттандыру жаппай жүргізіліп жатыр. Бұл іске аудан кәсіпкерлері өте қарқынды кірісуде. Жергілікті билік кәсіпкерлердің ұсыныс, жобаларының тиімдісін қолдауға кірісті. Бұл туристердің ағылуына зор мүмкіндік береді. Зеренді курорттарында халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жиындар тұрақты түрде өтіп келеді. Осындай мүмкіндігі зор аймаққа турист тарту үшін  шетелдердегі және еліміздегі басқа демалыс орындарының озық тәжірибелерін пайдаланып, Зеренді аймағын өркендету – бүгінгі күн талабы. Мұнда демалушылар жеке тұрғын үйлерді де жалдай алады. Осындай жеке үйлерді жалдаушылар үшін қызметтерді жетілдіру тетіктерін қарастырған жөн. 

Жыл сайын Зеренді ауданында  инвестициялық жоба жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Әр жылы туристік нысандарда 120 мыңға жуық адам демалып,  сан мен сапа көрсеткіші  жыл сайын 20 пайызға жоғарылауда екен. Жол қатынасыда жақсы жолға қойылған.

 

Түйін: 

Зеренді – табиғаты әсем, ауасы таза, ауа райы қолайлы,  жанға жағымды, тарихи археологиялық-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Мұнда экологиялық туризм, сауықтыру, саяхат-серуен, балалар және танымдық туризм секілді туризмнің қай түрін өркендетседе ыңғайлы. Осыған сай Зеренді өлкесінде туризмді дамыту үшін ғылыми тұрғыдан  саралап, зерттеп-зерделеп, дамытуға лайықты туризм түрлерін анықтап, оларға нақты сипаттама беру арқылы біртұтас бағдарламалар жасалып, іске асырыла бастады. Бұған Зеренді курортты аймағының  республикалық маңызы бар туристік аумақ тізіміне кіргені зор мүмкіндіктер беруде. Тамылжыған табиғат аясында рухыңыз сергіп демалғыңыз келсе, жанға дауа, дертке шипа Зерендіге келіңіз.

 

Дахан Шөкшир, Ақмола облысы
28.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 37
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 67
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 32
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 68
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 24
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 57
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 177
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 181
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 398
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 361
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 979

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9056
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8452
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11680
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9443
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10660