Алматы – еліміздің іскерлік, экономикалық, мәдени өмірінің, инновациялардың орталығы болып табылатын және Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның дамуында маңызды орын алатын ең қарқынды дамып келе жатқан қала. Алматы өзінің географиялық тиімді орналасу жағдайымен, ірі көлік артерияларымен байланыстылығымен және дамыған экономикасымен ерекшеленеді. Соңғы жиырма жылда қала қарқынды өсіп, дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қойып отырған экономиканы әртараптандыру міндеті бүгінде одан әрі өзекті бола түсіп отыр. Металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автокомпоненттер өндіру және тыңайтқыштар сияқты бағыттарға назар аудару қажет. Басқаша айт- қанда, жоғары деңгейдегі қайта бөлу кластерлерін жасау керек. Бұл тұрғыда Президент: «Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек», – деп атап өткен болатын.
Өңдеу өнеркәсібі дәстүрлі түрде қала дамуының негізін қалаушы элементтерінің бірі болып табылады. Әлем елдерінің ESG қағидаттарын және «көміртекті бейтараптықты» ұстануын ескере отырып, қосылған құны жоғары өндірістердің жаңа үлгілерін дамыту және енгізу мәселесі Алматы қаласы экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету мақсатында өзекті болып отыр. Қалалық жағдайда өңдеу өнеркәсібін тиімді дамыту үшін өнеркәсіптік өндірістердің заманауи форматтарының мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Қазіргі заманғы форматтар өндірістік процестерде автоматтандыру мен цифрландырудың жоғары деңгейі бар шағын және жоғары технологиялық өндірістерді қамтиды.
Жоғары технологиялық өндірістердің өнімі сыртқы нарықтарда жоғары бәсекеге қабілеттілікпен сипатталады, бұл «жасыл» қаланың күн тәртібін сақтай отырып, экспорттың ұлғаюына ықпал етеді. Ағымдағы жағдайды талдау Алматының өңдеу өнеркәсібі қала экономикасындағы болымсыз үлесіне қарамастан, жылдан-жылға тұрақты оң динамиканы көрсетуде. Алматыда өндірістің технологиялық деңгейі айтарлықтай өскені байқалады.
Жоғары технологиялық өндірістерді дамыту контексінде өндіріс көлемінің орташа жылдық өсу қарқынын назарға ала отырып, Алматы қаласында автомобиль жасау, жабдықтар өндірісі, фармацевтика және медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісі сияқты секторлар жоғары әлеуетке ие. Өңдеу өнеркәсібін дамытудағы негізгі екпін жаңа технологиялар трансфертімен инвестициялар тартуға және оқшаулауды тереңдетуге жұмсалатын болады. Жоғары технологиялық салалармен қатар жиһаз және тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру маңызды болып қалуда. Әлеуетті арттыру өнеркәсіптік аумақтарды кеңейту және жабдықтарды жаңғырту есебінен, сондай-ақ өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін жағдайлар жасау жолымен қалыптастырылатын болады. Өңдеу өнеркәсібін бұдан әрі дамытуда оң трендтердің болуына қарамастан, сын-қатерлер де бар.
Біріншіден, еңбек өнімділігінің төмен деңгейі. Соның салдарынан салада еңбекақы төлеудің төмен деңгейі байқалады. Бұл білікті кадрлар үшін саланың тартымдылығын төмендетеді.
Екіншіден, өндірістің негізгі құралдарының тозуы. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары негізгі құралдардың қатты тозу деңгейімен сипатталады. Тозу деңгейін төмендету үшін негізгі құралдарды жаңарту қажет, бұл инвестициялар көлемін ұлғайтуды талап етеді.
Үшіншіден, инвестициялық тартымдылықтың жеткіліксіздігі. Алматы қаласында өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар көлемінің төмен болуы инвесторлардың өндірістік алаңдарын орналастыру үшін жер ресурстарына қолжетімділіктің шектеулі болуынан туындауы мүмкін.
Төртіншіден, білікті кадрлардың тапшылығы. Өңдеу өнеркәсібі секторында білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Өндірістік кәсіпорындар инженерлер, конструкторлар, технологтар және тағы басқалар секілді жоғары білікті кадрлардың қажет екенін көрсетеді. Халықаралық тәжірибе фирмалардың инновациялық, икемді және бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігін арттыратын экожүйені қалыптастыру көптеген мегаполисте заманауи өнеркәсіптік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Қалаларда өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі озық практикалар салалық қолдау шараларының кең спектрін қамтиды.
Ірі мегаполистер өнеркәсіптік өндірістерді көшіру барысында мынадай қағидаттарды басшылыққа алды:
өндірістерді логистикалық маршруттарға жақын орналасқан алаңдарға көшіру, бұл қатынамалы көші-қонды ескере отырып, көлік инфрақұрылымына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді;
қосылған құнды құру тізбегіне кіретін өндірістерді топтастыру;
кәсіпорындарды «жасыл» және ресурс үнемдейтін технологияларды енгізуге ынталандыру.
Іс-қимыл жоспары
Құнды түзудің жаһандық тізбегіне кіріктірілген, жоғары қосымша құнымен технологиялық прогрессивтік өндірістерді дамытуда озық қарқынмен келе жатқан қала ретінде Алматы мәртебесін қалыптастыру мақсатты пайым болып табылады. Салалық интеграцияны дамыту жөніндегі бастамаларды қолдау, кадрлық әлеуетті арттыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, өндірістерді орналастыру үшін заманауи алаңдар құру негізгі тәсілдер болып табылады. Сондай-ақ, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және жағымды іскерлік орта құру бастамаларын іске асыру жалғасатын болады. Әлемдік тәжірибе кәсіпорындардың кең ауқымын жабатын ынталандыру шараларын ұсынудың дәл осы кешенді тәсілі аса маңызды екенін көрсетеді.
1. ШОБ үшін заманауи өнеркәсіптік алаңдар құру.
Өңдеу өнеркәсібін тиімді дамыту ШОБ үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру қажеттілігін көздейді. Атап айтқанда, алаңдарды ұсыну жоғары технологияларды кеңейту, енгізу, шығындарды азайту және саладағы инвестициялық базаны ынталандыру мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Қала аумағында және Алматы қаласының Индустриялық аймағында жаңа шағын өнеркәсіптік парктер құру, Алматы Индустриялық аймағының аумағын кеңейту және Алатау АТП АЭА дамыту есебінен өнеркәсіптік алаңдардың саны ұлғаятын болады.
Шағын өнеркәсіптік парктер
Шағын өнеркәсіптік парктер – өндірістерді орналастыру үшін құрылған қазіргі заманғы өнеркәсіптік алаңдарды дамыту Алматы қаласының Индустриялық аймағының аумақтарында, тоқтап тұрған және тиімді пайдаланылмайтын өнеркәсіптік базаларда қызу іске асырылуда. Мұндай алаңдар өндірістің толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық қажетті техникалық жағдайлармен және коммуникациялармен қамтамасыз етілген.
Алматы қаласында биыл өңдеу өнеркәсібі саласында жиырмаға жуық жаңа жоба іске қосылды. Жұмыс орындары құрылып, мегаполистің елдің негізгі экономикалық орталықтарының бірі ретіндегі позициясы нығая түсті. 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар 8%-ға өсті. Оның едәуір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталған болатын. Өнім шығару Алматының индустриялық аймағы мен «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы кәсіпорындарының есебінен қамтамасыз етіледі. 2025 жылы Алматы индустриялық аймағының аумағында бірқатар инвестициялық жоба іске асырылып, жұмыс орны ашылады деп жоспарланған болатын. 2024 жылы Алматының бюджеті 2 трлн теңгеге толықтырылды – бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артық. Ішкі тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 30 жоба бойынша айтарлықтай дайын өнім шығару көлемі ұлғайды. 2024 жылы бастапқы алюминийді қайта өңдеу 2 есеге артып, 57 мың тоннаны құрады. Ағымдағы жылы отандық кәсіпорындармен келісімшарттарға қол қоюдың нәтижесінде алюминийді қайта өңдеу көрсеткішін 93 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. 2029 жылға қарай алюминийді қайта өңдеуді 163 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Мыс өңдеу бойынша:
2024 жылы мыс өңдеу көлемі 13,2 мың тоннаны құрап, 2029 жылға дейін 91 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланды; 16 отандық кәсіпорын мыс шикізатымен қамтамасыз етілді; мыс сымдар мен трансформатор бөлшектері өндірісі 31%-ға, ал катанка және илем өндірісі 29%-ға өседі деп күтіледі.
Мырыш өңдеу бойынша:
2024 жылы мырышты ішкі өңдеу 3,6 мың тоннаға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 55%-ға артты; мырыш негізінде есік-терезе фурнитурасы, жол қоршаулары және басқа өнім түрлерінің өндірісі едәуір артпақ.
Қорғасын бойынша:
Биыл «Кайнар АКБ» ЖШС аккумулятор өндірісі үшін 36 мың тонна қорғасынмен, ал «Asma Industrial» ЖШС 41 мың тонна көлемінде қамтамасыз етіледі.
Мемлекет басшысының отандық өнеркәсіптерді отандық шикізатпен қамтамасыз ету тапсырмасы жүйелі әрі қарқынды орындалып жатыр. Бұл шаралар ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баса айтты.
«Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын. Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан, өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. «Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керектігін айтты.
«Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда, Президент кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуы тиіс екенін тапсырды.
«Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз. Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі кезде өңдеу өнеркәсібінде әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенін де ескере кету керек. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің экстенсивтілігі мен шикізаттық бағыттылығы, локализацияның төмен деңгейі, сондай-ақ төмен өңделген өнімдерді өндіруге бағдарлану сияқты проблемалық мәселелер әлі де шешілмеген. Осыған байланысты өңдеуші өнеркәсіпті ұлттық экономиканы дамытудың негіздерінің біріне нақты трансформациялау жөнінде жедел шаралар қабылдау қажет. Ол үшін заңнамалық түзетулерді қабылдау ұсынылады. Біріншіден, жер қойнауын пайдаланушыларға шикiзаттың бiр бөлiгiн жеңiлдiкпен iшкi нарықта сатуға бағыт беру. Екіншіден, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар шеңберінде мемлекеттік қолдау алған немесе жеңілдіктері бар компанияларға қарсы міндеттемелерді белгілеу. Қазақстан Парламентінің Сенаты елдің индустриялық саясатын қалыптастыру және іске асыру кезінде заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Сондай-ақ алдағы уақытта да өңдеу өнеркәсібін заңнамалық қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады.
Еліміздің өнеркәсіптік негізін құру жөніндегі Президент тапсырмасын жүзеге асыру: өңдеу өнеркәсібі 2025 жылы 6,1%-ға өсіп, өндіріс көлемі 16 трлн теңгеден асты.
Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің өнеркәсіптік берік іргетасын құру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға және өңдеуші саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев индустрияландыру нәтижелері өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуін көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 6,1%-ға өсті, ал өнім өндіру көлемі 16 трлн теңгеден асты. Бұл жерде экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13,9%-ға дейін артқанын атап өткім келеді», – деді министр. Отандық өндірістің өсуін ынталандыру мақсатында қаржылық қолдау құралдары пайдаланылуда.
«Біз жергілікті, отандық өндірушілердің өсуін ынталандыру мақсатында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз: өңдеу өнеркәсібінің 115 жобасын қолдауға 500 млрд теңге бөлінді. Бұл «Бәйтерек» холдингі сияқты даму институттары арқылы жүзеге асырылды», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілерге басымдық берілді: 2025 жылдың 7 айында сатып алу көлемі 1,5 есеге өсіп, жалпы құны 1,2 трлн теңгеден асты. Тағы бір маңызды қолдау құралы – қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі, ол сатып алудың ашықтығын арттырып, жалған өндірушілерді жоюға мүмкіндік береді.















