Өзбек-Қырғыз қатынасының жаңа дәуірі басталды

Өзбек-Қырғыз қатынасының жаңа дәуірі басталды

Орталық Азия елдері арасындағы түрлі қарым-қатынас мәселесіне тоқталғанда, президенттердің ұстанымдарының қашанда алға озып отырғандығын бағамдаймыз. Мәселен Өзбекстан Республикасын ұзақ жыл басқарған Ислам Каримов Құдай ажалынан өліп, оның орнына Шавкат Мирзиеев келгелі айнала жұртпен қарым-қатынасын жақсартып, нарықтық экономикаға бет бұрғанын жұрттың барлығы мойындап жүр. Соның әсерінен томаға-тұйық күйде өмір сүріп жатқан өзбек елі жаңғырудың жаңа жолына түсіп келе жатқандығын байқап отырмыз. Ал мүлде бейтарап ұстаныммен өмір сүріп жатқан Түркіменстанның тағдырын да халықтың қалауынан гөрі президенттердің еркі билеп отырғандығын күллі дүние көріп отыр.

Өзбекстандағы билік транзитінен кейін Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы ортасында жан-жақтылы қатынастар онан ары дами түсті. Соңғы жылдары Өзбекстан Республикасы өз көршілерімен, сондай-ақ Түркі дүниесімен болған байланыстарын жандандыруға күш салып жатыр. Қазір Орталық Азияда Тәжікстан мен Қырғыз Республикасы ортасындағы шегара мәселесіне байланысты туындаған шиеленісті айтпағанда, былайғы үш мемлекеттің ортасындағы алыс-беріс пен мәдени гуманитарлық байланыстар жыл сайын жақсарып келе жатыр. Соның бір мысалы Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы ортасындағы соңғы жылдары орын алған екіжақтылы қарым-қатынастар болмақ.

 

Байланыс тереңдей түседі

 

Тамыздың 16 жұлдызында Чолпон-Ата қаласында Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 10 реткі кездесуі болып өтті. Бұл маңызды отырысқа Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов бастаған делегация келді. Ал қырғыз делегациясын Министрлер Кабинетінің Төрағасы Ақылбек Жапаров бастады. Кезекті басқосуға жоғары баға берген билік өкілдері «екі ел арасындағы ынтымақтастық «бұрын-соңды болмаған» қарқынмен жүріп жатыр» дегенді баса айтты. Бұған дәлел де жоқ емес еді. Ең алдымен өзбек-қырғыз ортасындағы шегара мәселесіне нүкте қойған қос мемлекет басшысы, ендігі жерде татулық пен ынтымақты сақтай отырып, көршілес елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды жандандыруға уағдаласқан болатын. Қырғыз Президенті Садыр Жапаров Ташкентке сапарлай барғаннан кейін көршілерінің дамудың даңғыл жолына түскендігін тамсана айтқаны бар еді.

Кезекті жиналыста ең әуелі көршілер арасындағы сауда қатынастарының жақсы дамып келе жатқандығы баса айтылды. Алдағы уақытта тауар айналымын 2 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласып қайтты. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан мен Қырғызстан ортасындағы сауда-саттықтың көлемі бұрынғымен салыстырғанда 32 пайызға артып, рекордтық көрсеткішке – 1 миллиард 260 миллион долларға жеткен екен. Салыстыру үшін еске алар болсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан – Өзбекстан арасындағы тауар айналымының көлемі 5 млрд доллар, Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асқан, жоспар бойынша 2023 жылы бұл көрсеткішті 2 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр.

Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров екі елдің тауар айналымы артып келе жатқанын, Үкіметтер арасында бірқатар бірлескен жобаларды іске асыруға келісіп жатқанын айтып:

– Біздің алдымызда президенттеріміз белгілеген тауар айналымын 2 миллиард долларға дейін арттыру міндеті тұр. Оған қол жеткізу үшін бізде барлық жағдай бар. Өңір үшін маңызды Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолын салу жобасы сәтті жүзеге асуда. «Қамбар-Ата-1» ГЭС-ін бірлесіп салу жұмыстары жүргізілуде. Қырғызстан өңірдегі мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып, күрделі су-энергетикалық мәселелер бойынша жан-жақты және сындарлы келіссөздерге әрқашан ашық болып қала береді. Біздің елдеріміздің дамуы суды тазартуға байланысты, бұл Орталық Азияны біріктіретін фактор деп есептейміз», – деді. Ал Өзбекстанның Үкімет басшысы Абдолла Арипов қырғыз Президентімен өткен кездесуі кезінде айтылған жоспарларға тоқтала келіп: «Президент мырза екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгілеп, маңызды міндеттер жүктеді. Құрметті Ақылбек Усанбекұлы, сізбен бірлесе отырып, осы міндеттерді жүзеге асыруға дайынбыз», – деді. 

Екі мемлекет алға қойған жобаларды жүзеге асыру үшін 50 миллион доллар бастапқы капиталмен «Қырғыз-Өзбек Даму қоры» құрылды.

Қырғыз БАҚ-тары таратқан мәліметтерге жүгінсек, қазір өзбек инвестициясы құйылған 60 кәсіпорын қырғыз елінде жұмыс істеп жатыр екен. Оның 22-сі бірлескен кәсіпорын болса, қалған 38-і өзбек капиталымен жұмыс істейді.

Екі елдің көз тігіп отырған ортақ жобаларының ішіндегі шоқтығы биік тұрғаны Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолы болып табылады. Бұл жобаны бірлесіп атқару туралы үш елдің басшылары 1997 жылы ортақ меморандумға қол қойған. Алайда Орта Азияның геосаясатында басты ойыншы болып табылатын Ресейдің ықпалына байланысты теміржол салу ісі созылып кеткен еді. Тек 2022 жылы Садыр Жапаровтың Мәскеуге сапарынан кейін «Путиннің ықыласын» алып қайтқан қырғыз басшысы теміржол құрылысын бастауға шындап кірісті. 2022 жылы қыркүйекте Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Өзбекстанға сапары барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде үш елдің ведомстволары «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолын салу туралы» келісімге қол қойды. Жалпы ұзындығы 523 шақырымға созылатын бұл жол Шыңжаңның Қашқар аймағынан басталып, Қырғызстанның Ош облысынан өтіп барып Әндіжан қаласына жетіп тоқтайды. Қазіргі таңда жолдың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Келесі бір ортақ жоба –  «Қамбар- Ата-1» су электр стансасы. Бұл жобаның үшінші қатысушысы – Қазақстан. 2023 жылы қаңтарда Қырғызстанның Энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Қазақстанның Энергетика министрі Болат Ақшолақов және Өзбекстанның Энергетика министрі Джурабек Мирзамахмудов су электр стансасын салудың «жол картасы» туралы келісімге қол қойды. Оған сәйкес үш ел арасында бірлескен кәсіпорын құрылады. Әуелгі келісім бойынша станса салынып біткеннен кейін, басқарушы компанияға түсетін табыстың 34 пайызы қырғыздарға, қалған екі мемлекетке 33 пайыздан тиесілі болады деп келісілген еді.

Осылайша екі елдің билік өкілдері бас қосқан айтулы жиналыста өзбек-қырғыз қатынастарын онан ары тереңдету, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың көлемін арттыру, министрліктер мен маңызды ведомстволар арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту салалары бойынша 20-дан астам хаттамаларға, меморандумдарға, келісімдерге қол қойысып тарқасты.

 

Ұзақбаевтің ұзақты болжаған сөзі

 

Біз сөз етіп отырған «Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 10 реткі отырысы» екі елдің қарым-қатынастарын жаңа белеске көтерудің маңызды баспалдағы ретінде тарихта қалатынын ескерген жөн. Себебі Кеңес Одағы ыдырағалы бері шегара мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмаған көршілер Ташкент төріне жаңа Президент шыққаннан соң бұл тақырыпқа шындап кіріскен еді. Соның арқасында 1378 шақырымға созылып жатқан шегара сызығы бойындағы даулы жерлерді оңтайлы шеше білді. Соңғы рет 2023 жылы қаңтарда  Шавкат Мирзиеев Бішкекке келген сапарында екі мемлекеттің шегарасын делимитациялау және демаркациялау туралы негізгі құжатқа қол қойылып, мәселеге біржолата нүкте қойылғандай болды. 

Чолпон-Ата қаласындағы кезекті басқосуда жалпы Орталық Азия елдерінің ортақ бас ауруына айналып келе жатқан су мәселесі де шет қалған жоқ. Мақаламыздың бір тақырыпшасын осыған арнауымыздың да себебі осында еді. Жиналыс кезінде сөз алған Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Эмиль Ұзақбаевтың пікірін қырғыз сайттарына сілтей отырып, көңіл аударарлық тұстарын сол күйі беруді жөн көрдік.

– Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынаста қиын сәттер болды. Мәселен, мен елші болған жылдары шегара анықталмай, газ үзіліп, Ислам Әбдіғаниұлы мен президентіміздің арасы суып кетті. Мұндай жағдайлар екі елдің ынтымақтастығына, сауда-экономикалық, ғылыми-мәдени-гуманитарлық қатынастарға кері әсерін тигізді. Қазір қарым-қатынасты жақсартудың уақыты келді. Мен Шавкат Миромоновичті жақсы білемін. Ол билікке келгелі үкімет жаңарды, ынтымақтастық дұрыс жолға түсті. Ал «Қамбар-Ата-1» жобасына келсек, Қырғызстанның басты байлығы – су. Осыдан біраз жыл бұрын «Су сатылатын заман келеді, су бензиннен қымбат болады» дегенде «бұл қалай болар екен» деп күлетін едік. Сол уақыт енді келді. Әлемдік сарапшылардың пікірінше, судың бағасы шексіз болатын заманға жеттік. Мен Қырғыз Республикасының азаматы және қырғыздың перзенті ретінде мүмкіндік тауып, ГЭС-ті өзіміз салғанымыз дұрыс деп есептеймін. Бүгінде қарым-қатынасымыз жақсы. Бірақ ол әртүрлі жағдайлар мен геосаяси жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Болашақта су біздің көзіріміз (негізгі мағынасында ричаг деп қолданған екен) болып, оның бағасын әлемдік нарыққа қарап анықтайтын мүмкіндіктер келеді. Мұндайда ұлттық мүддеміз бен ұлттық саясатымызға сай сауда жасауға, сөйлесуге, сатып алуға жақсы шарттар түзілетін болады. Өзбекстан  да,  Қазақстан    да  «Қамбар- Ата-1» ГЭС-ін ұйымдастырушы болса, әрине, өз мүдделерін көздейтіні белгілі. Біздер үшін қыста электр қуатын өндіруге қажетті суды сатқан пайдалы. Ал оларға су қайнары жаз мезгілінде мақта, жеміс-жидек, ауылшаруашылық өнімдерін суару үшін ауадай қажет болмақ», – деді дипломат мырза.

Осы жерде қырғыз елімен шегараласып жатқан Жамбыл облысы аумағына қырғыз даласынан ағып келетін су қайнарына байланысты түйткілдердің бар екендігі еске түседі. «Тоқтағұлдың суы мен көршілердің шуы» деген тіркеспен есте қалатын су мәселесінде қазақ пен қырғыз әлі күнге бір мәмілеге келе алмай отыр. Сондықтан да Эмиль Ұзақбаевтің сөзі қырғыз ағайындардың ұзақты болжап, алақандарын ысқылап күтіп отырған жоспарындай сезілді бізге...

PS: Чолпон-Атада өткен үкіметаралық жиында Ыстықкөл жағасындағы «Дилором», «Золотые пески», «Рохат» және «Бустон» деп аталатын төрт пансионатты өзбектерге 49 жылға басқаруға беруге келіскендігі айтылды. Осы жерде «Әзірбайжанмен бірлесіп Ыстықкөл жағалауында бес жұлдызды қонақүй салу жобасы жоспарланып жатыр. Қазақстандықтар да «төрт пансионат салуға ниетті» деген ақпаратты көзіміз шалды. Осылайша қырғыз-өзбек қатынастарын жебейтін бірталай келісімдерге уағдаласқан мүдделі топтар кезекті отырыстың табыспен аяқталғандығын айтып елдеріне қайтты.

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
25.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

Баянды бастамалар жылы – Берік Уәлимен сұхбат
Автор Гүлнұр Ғазизқызы, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі - 28.12.2023 1023
ШЫМКЕНТТЕ 3 ЖЫЛДА 472 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛДЫ
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі - 25.07.2023 2898

Топ жаңалықтар

1
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 6373
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 5701
3
Оразай би ҚОЖАГЕЛДІҰЛЫ. Әшімжанның әкесі.
Show more
Жанарбек Әшімжан ФБ парақшасынан - 2023-06-01 5941
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 5786
5
Өміріңді сақтандыр, өкінбейсің!
Show more
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 2023-05-31 5669