Заңгер Айгүл Орынбек фейсбукта «Алданып жүрген – кілең қазақ әйелдері!» деп желілік маркетингтің «құлдарын» сынайды. «Мемлекеттен алған балалардың жәрдемақысын сетевойға тығу масылдық па, әлде жеңіл ақша табу жолына үйреніп қалу ма?» – деп күйінді ол. «Айтқанның аузы жаман, айтпасыңа тағы болмайды! Биліктегілерді «жемқор» деп күндесек, жеңіл ақша табамын деп миллиондап сетевойға салғандарды не деуге болады? «Балаларымның мүгедектік жәрдемақысын сетевойға құйып жатырмын» деп жылаған ананы көріп, айтарға сөз таппай отырмын! Алданып жүрген – кілең қазақ әйелдері! Өзге ұлт әйелдерінің ақылдары көп пе, әлде біздің кейбір қазақ әйелдерінің ақылдары жоқ па? Бастамасы 20 млн салған, ең аз салғаны – 1 млн! «2 млн несие алып, сетевойға құйдым, көпбалалы анамын, ақшам жоқ, өз-өзіме қол жұмсаймын, не істеймін, көмек беріңізші» деп жылап хабарласып жатқандар көп», – дейді түрлі арыз-шағымды қабылдап отырған заңгер.
Қаншалықты оқыған-білгенім бар десем де, өзім де осындай компаниялардың біріне кіріп, алаяқтардың арбауына түскен едім. Естеріңізде болар, өткен жылдары КТК телеарнасынан «Л капитал» компаниясының құрығына ілініп, салған қаржыларын ала алмай сан соғып қалған халықтың айғай-шуы мен наразылығын көрсеткені? Балаларымыздың аузынан жырып, бір нәрсе болар деп жиған-тергенімізді салып, үміттеніп отырғанда компания аяқ астынан банкротқа ұшырап, жабылды да қалды. Бұл жерде үй, көліктерін сатып, пайдаға кенелеміз деп отырған қаншама жандар жер сипап қалды десеңізші! Өзім куәмін, ішінде белгілі ақын-жазушылар, заңгерлер, ішкі орган қызметкерлері, сан түрлі көздері ашық, қаржылық сауаты бар маман өкілдері де бар. Қазір компаниямен халық соттасып жатыр, жоғары жаққа арыз-шағымдарын жазуда. Бірақ еш нәтиже жоқ. Маңдай термен тапқан ақшасын желге ұшырғандардың ақысын кім төлеп береді, кімдер жауапты? Осылай құмға сіңген судай, зым-зия болып кете бермек пе? «Ертең шығып, өз-өзімді өртемесем болмайды екен. Шыдамым таусылды. Құр өтірік алдаудан үмітім үзілді». «Аллаға тапсырамыз, басқа не дейміз? Бұйырса алармыз. Обалы бала-шағаның көз жасына болсын! Солардың болашағы үшін салынған ақша еді ғой негізі...», «Не істеу керек? Ақшалар босқа кете ме сонда? Сеніп тапсырған қаржымызды кімдер алып кетіп жатыр өзі? Біз білмейміз». «Қап, босқа кетті-ау! Бала-шаға аузынан жырып беріп едік. Мейлі ақыретте де бір нәрсе керек болар сұрайтын...». «Сот, прокуратура өз шешімін шығаруға келісіп, кеңесіп қойған секілді ғой. Сондықтан жүз хат, мың хат жаза бер, бер жағынан бір жауаппен қайтып жатқаны сауатсыз адамға да түсінікті жағдай ғой...». Бұл – ашынған халықтың жанайқайы. «Қарғыс алма, алғыс ал» дегендей, елдің көз жасына қалып, қарғысқа батып жатқан осындай рақымсыздар қалай ғана көгеріп-көктейді екен деп ойлаймын. Опасыз пирамидалардың кесірінен қаншама тағдырлар ойрандалып, отбасылардың шаңырағы ортасына түсіп жатыр! Ол туралы телевидение, газет-журнал беттерінде айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ мемлекет қауқарсыз. Былтыр «Хабар» телеарнасынан «Айналайын» деген хабарды көрген едік. Тақырыбы «Желілік маркетинг: айла ма, пайда ма?» (28. 09. 2022 ж.) Мұнда Мақсат деген жігіттің Бекзат есімді сүйген қызына еріп, желілік маркетингке кіріп кеткені айтылады. Артына адам салып, тауар алу үшін несиеге 1 млн ақша алып, әбден қарызға батады. Содан Мақсат күйзеліске түсіп, өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қоштасқан. Анасы оның телефонын тексергенде қызының ар-намысқа тиетін жазбаларын оқиды. «Сен неге артыңа адам тіркемейсің?», «Неге тренингке келмейсің?», «Не үшін ақша салмайсың, жігіт емессің бе? Таппасаң несіне жүрсің?» деген сияқты. Анасы байғұс шырылдап көмек сұрап, әділдік іздеп, «Хабарға» келіп отыр екен. Бірақ, өкінішке орай, сот орындары «нақты дәлел жоқ» деп қол қусырып отыр. Сонда оларға адам тағдыры ойыншық сияқты болып, көк тиын құрлы құны болмағаны ма?
Сол сияқты ЖОО-да мұғалім болып жұмыс істейтін Жанар есімді келіншек мүгедек баласын құтқарам деп 5 млн теңге қарызға кіріп кеткен. «Туған-туыс, таныстарымды «Q-net» компаниясына шақырып, айналама қарыз болып қалдым. Туған ағамның баласын 4 млн теңге қарызға батырдым. Бірнеше рет өзіме қол жұмсап, өлтірмек болып, қатты қайғырдым. Мамандығым психолог болғандықтан, әйтеуір, өз-өзімді басып, сабырға шақырып, аман қалдым», – дейді ол. Иә, адам ауырғанда денсаулығы үшін ештеңе аямай, қажет дәрі-дәрмегін алып, емделгісі келеді емес пе? Әлеуметтік желіден бір үлкен апаның буын, көз, ұйқысыздық ауруларынан «APLGO» компаниясының өнімдерін ішіп жазылғаны туралы бейнежазбасын көрдім. Сендім. Ауруым жаныма батқан соң, шипа болар деп осы дәрілерді алып көрейін дедім. Офистен Бану деген менеджер келіншек шығып, жылы шыраймен құрақ ұшып қарсы алды. Алдымен кіру үшін 6,5 мың, дәріге 60 мың теңге төлейді екенсің. Бұл жерде де талап – артыңнан адам кіргізсең, саған ақша түсіп тұрады екен. Маған ең бастысы денсаулық болғандықтан, оған аса мән бермедім. Бір қалта дәрілерін сатып алдым. Тілдің астына қойып соратын мұз кәмпиттер екен. Бір ай шамасында іштім. Түк өзгеріс жоқ. Содан Бануға хабарласып, ешқандай өзгерістер болмағанын айтып, шағым жасадым. «Мүмкін емес әсер етпеуі!» – дейді ол. Чатта отырған мен сияқты бірнеше әйелдер де шағымдана бастады. «Бізге әсер етпеді, ақшаны қайтар!» деп. Ал Банудың берер жауабы біреу-ақ: «Мен ешкімге зорлап бермедім. Дәлелдеріңіз жоқ. Баратын жерлеріңізге бара беріңіздер!»
Осыдан 4-5 жыл бұрын халықты байытамын деп алдап «Buy time» деген компания шықты. Жұрт соған сеніп қолдағы бар ақшасын салды. Жақын құрбым екеуміз журналист ініміздің үгіттеуімен осыған біраз қаржы жұмсадық. Басында компания елді емексітіп, 1-2 ай азын-аулақ пайызын беріп тұрды. Соңында бар-бара сұйылып кетті. Пайдаға кенелем дегендердің көбі ақыр аяғында сан соғып қалды. Бұл да пирамида болып шықты. Қазір білем, құрбым маған ренішті. Өйткені мен оның жиған-терген ақшасын осы компанияға салайық деп үгіттегендей болып қалдым ғой. Ал журналист ініміз болса көлігін, пәтерін сатып, соның кесірінен отбасымен жараспай, өзі қаңғып далада жүр.
Міне, қаржылық пирамида мен желілік маркетингтердің сиқы осындай! Сенің ақшаң кетті екен-ау, қайтарайын-ау деп жылаған жұрттың көз жасына қарап қайғырмайды, обал-сауап дегенді білмейді. Өйткені олардың миларында бір ғана нәрсе – елді алдап-арбап болсын әйтеуір ақша түсіру! Ислам дінінде бұндай сауданың түрі харам екені айтылады. «Кімде-кім бізді алдаса, ол адам бізден емес», – деп саудада алдауды қатал ескертіп, мұсылманға жат әрекет екенін көрсеткен. Құранда Алла Тағала: «Бір-бірлеріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер!» – деп бұйырады. Ендеше қаржылық пирамида болсын, желілік маркетинг болсын, солардың құрбаны ретінде айтарымыз, олардың мақсаттары біреу-ақ: адамдарды әртүрлі тәсілдермен айналдырып, оңай жолмен ақша табу! Ал ол қандай жолмен табылып жатыр? Астарына үңіле қарасақ, екеуінің бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Мен бұл сөздерді олардың арбауына шырмалып, әбден аузым күйген жан ретінде айтып отырмын. Сенім білдірген жақын адамдарымның өзі сан соқтырып кетті. Сондықтан да мүмкіндік болса қаржылық пирамида, желілік маркетинг дегендерге жоламаңыздар, одан аулақ жүруге тырысыңыздар дегім келеді!