Негізі сонау 1963 жылы қаланған қазыналы Қаратау қаласы шежірелі тарихынан бері өңір өндірісінің іргелі ошағы. Қазіргі таңда 28 мыңнан астам халқы бар аудан орталығында сегіз ірі кәсіпорын қарқынды жұмыс істеуде.
Атап айтқанда, моноқаладағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені, «Talas Investment Company», «Қаратау ПРО», «Жамбыл Недр», «Игілік» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, «Құрылыс- Жанар», «Wind Power City», «Wind Elektr City» серіктестіктері 1550 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетовтің айтуынша, қалада жұмыс істеуге қабілетті 16189 адам болса, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны – 15 500, ал жұмыссыздар – 689 адам. Моноқаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр. Қалада жалпы білім беретін 8 мектеп, 13 балабақша және мектеп жанындағы 6 шағын орталық, 3 мектептен тыс білім беру мекемесі, 3 колледж, №3 арнайы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы, 2 денсаулық сақтау мекемесі, 7 дәріхана, қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған «Үміт» арнайы мектеп-интернаты, Талас аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы, жасөспірім балаларға арналған 2 спорт мектебі, бір спорт кешені, 6 мәдениет нысаны жұмыс істейді.
– Қаланың табиғи газбен қамтылу деңгейі – 91,33 пайызды, ал, ауыз су жүйелерінің ұзындығы 128 километрді құрайды. Қала тұрғындары ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілген. Тек қаланың шеткі бөлігінде орналасқан «Флора», «Достық», «Строительный» саяжайларында ауыз су жоқ. Ауыз су тарту мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тарапынан бюджеттік өтінім берілген. Ауыз су тарту жұмыстары 2024 жылға жоспарланған. Кәріз жүйесі 72,5 километрді құрайды. Қала аумағындағы тазалықтарды жүйелендіру үшін кәріз тазарту стансасын орнату қажет. Жылу құбырлары – 28,9 километр. Оның 7,1 километрі – магистральдық жылу құбыры. Бүгінгі күнге жылу желілерінің 12,5 километр немесе 43,2 пайызы тозығы жетуіне байланысты ауыстыруды қажет етеді. «Игілік» кәсіпорнының мазут шаруашылығының тозу деңгейі 78 пайызды құрайды. Бүгінгі күнде диагностикалық сараптама жүргізілді. Орталық қазандықтың 2 су жылыту және 1 бу қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары қажет етеді, – деген Дархан Тобашұлы күнделікті тіршіліктің күре тамырына айналған көшелердің мәселесін де тілге тиек етті.
Айтуынша, қалада жалпы ұзындығы 94,8 километрді құрайтын 130 көше бар болса, оның 28-і саяжай жерінде орналасқан. Аталған көшелердің жолдарын, саяжайды толықтай ауыз су құбырлары жүргізілген соң орта жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сол секілді 2023-2027 жылдар аралығында қаладағы тозығы жеткен 51 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Биылға жоспарланған 6 көшенің алғашқы 2 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталған. Сондай- ақ, одан бөлек Шахтерский және Б.Момышұлы көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Жалпы қалада 2023 жылға – 8, 2024 жылға – 12, 2025 жылға – 10, 2026 жылға – 11, ал 2027 жылға 10 көшені орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.
Бұрынғы саяжай көшелерін қоспағанда, қаланың 102 көшесі, оның ішінде 74 көше мен шағын және көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары жарықтандырылған. Сондай-ақ, одан өзге де қала орталығынан шеткері орналасқан көшелерді жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.
– Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қамтамасыз ету үшін жатақханалар мен тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылғы 1 мамырдағы мәліметке сәйкес қалада 1509 адам, оның ішінде көп балалы отбасылар – 257, халықтың әлеуметтік осал топтары – 821, бюджет саласының қызметкерлері – 423, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 5 бала кезекте тұр. 2023 жылы Қаратау қаласы 3-шағынауданындағы №5 және №6 жатақхана ғимараты, ал 2024 жылы Б. Момышұлы көшесіндегі №17 тұрғын үй ғимараты қайта жаңғыртылады. Тұтастай алғанда, Қаратау қаласының кешенді даму жоспары өңірдің теңгерімді дамуын көздейді. Кешенді жоспармен белгіленген 52 іс-шара қолдау тапса, республикалық, жергілікті бюджет және екінші деңгейлі банктердің есебінен 58,5 миллиард теңгеге іске асыру жоспарлануда, – деді моноқала әкімі.
Басқосу соңында Дархан Баймбетов кең даланың кен ошағы – Қаратау қаласының келешегін баянды етуге бағытталған мақсаттарын тілге тиек етіп, жұмыссыздықты азайтып, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты сан сауалға жауап берді.