Қуатты Қазақстан дегеніміз – ең әуелі өңірлердің қуаттылығы. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты. Бұл үшін алдымен жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет. Шағын қалаларды дамыту мәселесі тағы бар. Оған қоса бір салалы шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасау жоспарлануда. Онда қаланың экономикасындағы әрбір нақты бағытты әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту ескерілетін болады. Және жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіріп, барша жергілікті даму мәселелерін шешуге азаматтардың қатысуын кеңейту аса маңызды міндет болғалы тұр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауылшаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», – деген болатын. Сондай-ақ, аталмыш саланы дамытудың нақты тетіктерін жетілдіруді, еңбек өнімділігін арттыру, шаруашылықты қолдауға арналған бағдарламаларды тиімді пайдалану, отандық өнімнің көлемін арттыруды тапсырды. Осындай түбегейлі іс-шаралардың нәтижесінде егемендік алған шақтан ауылшаруашылығына шырай кіріп, іргелі шаруашылықтар көбейгенін меңзеді.
Осы орайда тәуелсіз Қазақстанның демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық және біртұтас мемлекет екенін, ол үшін басты құндылық адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатынын басты бағдарға алуға тиіспіз. Иә, адам өмірінің мәні – өмір сынақтары арқылы, рухани жетілу болса, адамдар қауымдастығы, мемлекеттің ұлттық идеясы, рухы күшті, қуатты мемлекет қалыптастыру. Ол үшін жасалып жатқан игі істер баршылық. Соның біреуі ел дамуына ерекше серпін беретін ұлттық жобалардың қатарында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы да бар. Ол негізгі қызметтерге деген тең қолжетімділікті және елдің көліктік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған екі бағытты іске асыру үшін 4 тапсырма, 20 көрсеткіш және 94 іс-шара көзделген.
Ел Президенті Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында аймақтарды дамыту тұрғысында ең маңыздысы жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру қажет екенін қадап айтты. Бұл жайында Жолдаудың «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бөлімінде кеңірек жазылған. Қазақстан өзінің дербес даму жолында макроэкономикалық тұрақтылық пен жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) тұрақты өсуі алғашқы орынға қойылғанымен, көп жағдайда өңірлерді дамыту мәселесі екінші орында қалып жатты. Рас, бұл бағытта әр жылдары түрлі қадамдар жасалды. Жергілікті өзін-өзі басқарудың нормативтік-құқықтық базасы да енгізілген. 2004 жылы алғашқы Бюджет кодексі қабылданды, онда елдің және әр аймақтың ортамерзімді даму жоспары қамтылды.
Тәуелсіздік жылдарында жинаған тәжірибе көрсеткендей, аймақтық басқару ісінде шешім қабылдауда белгілі бір дәрежедегі дербестік қажет. Ол дербестік өңірлердің экономикалық әл-ауқатының негізі болуы тиіс. Бүгінде жергілікті басқару механизмін унитарлы немесе федералды құрылымға негізделген мемлекеттер де енгізіп отыр. Мысалы, унитарлы мемлекет Францияда өңірлер арасындағы жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің айырмасы ең көбі екі есені құрайды.
Мемлекеттің қуаты ел тұрғындарының тұрмыс жағдайы, әлеуметтің әлеуетімен өлшенетіні анық. Бұл тұрғыда көрсеткіштер жоғарыда келтіргендей. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) сарапшыларының пікірінше, қазақстандықтарға сауатты урбанизация және жайлы, тиімді орта, яғни қала өміріне бейімдейтін механизм керек. ЭЫДҰ мамандары мемлекеттің тұрақты дамуы ірі қалалардың дамуымен тығыз байланысты екенін айтады. Себебі жоғарыда аталған ұйымға мүше елдердің халқының 80%-ы қалада тұрса, бізде қалалықтар жалпы халықтың 60%-ына енді жетті. Оның өзінде қалаға жұмыс іздеп, әупірімдеп жеткен жұрттың барлығы бірдей өмір сүруге қажетті жағдаймен толық қамтылған ба? Бір ғана мысал. Елордамыздың іргесіндегі ауылдардан таңертең қалаға жұмысқа жетуі үшін қоғамдық көлік қатынасы толығымен шешілмеген. Автобустардың аздығынан мегаполис маңында тұратын азаматтар таңертең жеке көлікпен қатынауға мәжбүр. Бұл өз кезегінде қала көшелеріндегі кептелістің көбеюіне әкелуде. Сондықтан ендігі жерде жергілікті әкімдердің жұмысына баға бергенде жемқорлыққа қарсы көрсеткіш пен жұмыссыздық һәм көші-қон мәселесін қалай шешіп отырғанына баса мән берген жөн. Жергілікті әкім аймақтан ірі шаһарларға жұмыс іздеп кетіп жатқан әр тұрғынның тағдырына жауапты болуы тиіс.
ЭЫДҰ-ның бағалауындағы тағы бір бағыт – тұрғын үй нарығы. Сөз жоқ, елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. БҰҰ-да 2000 жылдан бастап Қазақстанда құрылыстың өсуі аймақтағы жоғары көрсеткіш деп бағалады. Алайда пәтерді көп салу халықтың баспана мәселесін толық шеше алмай отыр. ЭЫДҰ зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда тұрғын үйдің 97%-ы мемлекет есебінен жалға берілмейді. Демек, бюджет қаржысына салынып жатқан пәтерлерді тек ақшасы барлар сатып алуда. Егер жалға берілетін тұрғын үй нарығы дамыса, елдегі жұмыс күшінің тиімді нәтиже беруіне әсер етер еді дейді мамандар.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда республикалық маңыздағы қалаларда халық санының шамадан тыс өсуі дәл қазіргі кезде алаңдатарлық жағдай екенін ескертті. Ал кейбір облыс орталықтарында (Павлодар, Петропавл) еңбек күші тапшылығы бар. Бұл тұрғыда Президент Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.
P/S: Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев айқындап бергендей, алдағы міндет «келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» екенін естен шығармағанымыз абзал. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру механизмі – тіл мен ділімізге, дәстүрлі рухани заңдылықтарға, заман талабына сай, ғылыми көзқараспен қарап, адам ой-санасының пирамидалық құрылымының галограммасын, күнделікті өмірде дұрыс қолдана білу арқылы іске асады. Әлем тәжірибесі көрсетіп тұрғандай, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер, ұлт рухын көтеру арқылы, нарықтық бәсекеде, алдыңғы орындарға ие болып, мәдени-экономикалық салаларда ірі жетістіктерге жетіп отыр. Ұлт рухын көтеру арқылы, бір атаның баласы, қуатты Қазақ елі, қуатты Қазақстан – ұлттық идея доктринасын іске асырудың негізі, интеллектуалды ұлт қалыптастыру механизмі немесе тұмар жүйесі сан жағынан аз болса да сапа жағынан мықты ұлт дайындауға ауқымды үлес қосары анық. Қуатты Қазақстан – ұлттық идея доктринасы деңгейінде іске асырылатын, интеллектуалды ұлт қалыптастыру механизмі, бақыт пен даму кілті, тұмар жүйесін меңгеру, қазақ тілі діл дәстүрін білу арқылы ғана жоғары деңгейде іске асатындықтан, өзге ұлттар тарапынан мемлекеттік тіліміз, тарих, мәдениетімізге деген қызығушылық пен мұқтаждық, күннен-күнге арта түсері ақиқаттың шындығы, ұрпақтарымыздың жарқын болашағы.