Рулық жүйе - қазақ ұлттығының іргетасы

Рулық жүйе - қазақ ұлттығының іргетасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы  Дандай Ысқақұлымен сұхбаттасқан едік. 

– Қазіргі таңда Қазақ елі – азат ел! Соған қарамастан, ата-бабамыз туабітті табиғи болмысымызға нұқсан келтірмейтіндей етіп жүйелеп қалыптастырған  өмір салтымызға қайта келе алмай жүрміз. Оның үстіне қазір әлемге билік жүргізгісі келетіндер ұлттарды жою үшін жер бетін алапат соғыс өртіне орауда. Бір ел екінші елдің ұлттық құндылықтарын жоқ қылғысы келеді. Осы қым-қуытқа толы әлемде ұлтымыз туабітті болмысынан айырылмау үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

Бұл жүйенің жақсы жақтарын пайдаланайық

– Иә, біз қазір жаһандану дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Бұл жерде ең негізгі мәселе: бар болу, не жоқ болу күн тәртібіне қойылып отыр. Бүкіл әлем бар болу үшін күресіп жатыр. Міне, осындай қиын кездерде қазақ елі өзінің дұрыс жолын тауып, аман-есен болашаққа қадам басуы керек. Сол үшін елімізде саяси реформалар жүріп жатыр. Ұлт болып жаңғыруымыз үшін бірсыпыра жұмыстар атқарылуда. Бірақ, ең басты бір мәселеге мән берілмей келе жатыр. Бұл – қазақтың ру мәселесі. Біз күні бүгінге дейін ру мәселесінен ат-тонымызды      алып-қашып жүрміз. Рушылдықтың  жағымсыз жағын ғана айтып, содан таяқ жеп жүрміз. Біз әр нәрсенің жақсы жағымен бірге жаман жақтары да болатынын, барлық уақыттарда да екеуінің қатар жүретіндігін ескере бермейміз. Кезінде отаршылдар мен билікке ұмтылған кейбір топтар  қазақ бірлігінің негізі саналатын  рулық жүйесін өздерінің мүддесіне керемет пайдалана білді;  тіпті күні бүгінге дейін пайдаланып та келе жатыр. Ал, шын мәнінде ру дегеніміз жаман нәрсе ме еді? Әрине, жоқ!  

Өмірді табиғи тұрғысынан қарасақ, әр нәрсенің екі жағы бар. Ру бар, демек, оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Бар мәселе осының жақсы жақтарын ақылмен пайдалана білуде жатыр.  Бұл жердегі ең  негізгі мәселе: ру дегеніміз, бұл – қазақ ұлттығының іргетасы. Ұлтты құрау негізі. Қазақ  ұлты – қазақ руларының әлеуметтік бірлігінен, саяси құрылымынан тұрады. Біздің өзгелерге ұқсамайтын тұрмыс-тіршілігіміз, ұлттық болмысымыздың барлығы дерлік осы рулық жүйеге негізделген. Қазақтың бірлігі отбасынан басталып, әулеттің, бір руға жататын ағайын-туыстардың, ұлтымызды құрайтын әр рудағы құда-жекжаттардың арасындағы ғасырлар бойы әдет-ғұрып, салт-дәстүр болып қалыптасқан туыстық қарым-қатынастар сақтап келеді.  Мұны  жоққа шығару арқылы біз қазақ ұлттығының іргетасын қозғап жатқандаймыз. Біз әр руға жататын халқымыздың  басын біріктіріп, ұлттық рухымызды жаңғыртудың  орнына, керісінше әлсірете түсудеміз. Бұл пиғылымыз ұлттық қуатымызды әлсіретіп, жалпы болашағымызды күңгірттей түсуде. 

Жаңа заманда ру мәселесіне ғылыми тұрғыдан келу керек. Бар болмысы туысқандық қатынастарға негізделген қазақ халқының ұлттық болмысын қалпына келтіру күн тәртібінде тұр. Мұның өзі халқымыздың ғасырлар бойы жасаған ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жаңғырта түсу арқылы жүзеге асатындығы белгілі болса керек.

Өзбекәлі Жәнібеков: «Менің арманым – бүкіл қазақтың бір-біріне қарым-қатынасын қазақтың туысқандық сезімі деңгейіне жеткізу» деген. Бұл жерде туысқандық деп тұрғаны рулық құрылымын меңзеп тұр. Ал, қоғамды ұстап тұрған – сүйіспеншілік пен  махаббат. Сол сүйіспеншілікті қамтамасыз етіп тұрған – адамдардың бойындағы туыстық сезім. Туыстық сезім қан арқылы келеді. Туысқандар деген, ол – руластар, нағашылар, жиендер, бөлелер. Олар қан арқылы келеді. Қазақты ұстап тұрған – осы рулық сезім. Өзбекәлі Жәнібековтің бүкіл қазақ бір атадан шыққан бауырлас деуі содан. 

Сонда ұлттық рух жекелеген адамдардың рухы, оның біріккен, жетілген, дамыған түрі аталар (ағайын-туыстардың немесе белгілі бір рудың) рухы, тайпалар рухы (арғын, албан, адай) сатыларынан өтіп барып, өмірге келеді екен. Өкінішке орай, біз осы күнге дейін осы ата-бабалар рухын, басқаша айтқанда, рулық-тайпалық рухты мойындамай, бұрынғы әдетпен «ескінің қалдығы» деп, назар аудармай келеміз. Мұның дұрыс еместігі сол – ұлттық рухымыздың басы бар, аяғы бар да, барлығын жалғастырып тұрған ортасы, негізгі кеудесі жоқ болып шығады; яғни жекелеген адам рухтарының басын қосып, ұйыстырып, ұлттық рухты құрайтын, жеткізетін ортадағы сатылар үзіліп қалған. Мұның барлығы ұлттық бірлігімізге селкеу түсіріп отыр. Қазақ қай кезде мықты болады? Әр адамның рулық намысы күшті болған кезде ұлттық рухы да мықты болады. Осы рулық намыстан барып ұлттық рух пайда болады. Сонда ғана ұлт мықты болады. 

 

«Жеті ата» – қанның тазалығын ұстау жүйесі

– «Жеті ата» салтын ұрпақтың генетикалық қан тазалығын сақтау үшін ұстанатынын білеміз. Ал, ұлттық сана тұтастығын ұйыстырып, рухын шыңдау үшін маңызы қандай деп ойлайсыз? Осы жағы  қазақ халқында басқаша сипат алып кеткен сияқты? 

Қазақтың  «Жеті атасында» ұрпақтар мәңгүрт болмай, тегін білсін; ата-баба рухымен өмір сүріп, салып берген дәстүрлі жолмен жүрсін деген сияқты терең ойлар жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін рухы оянған халқымыз өзінің кім екендігін білу мақсатымен ата-бабаларын іздеп, түгендеп, шежірелерін толықтырып, атаусыз қалған ұлыларын қайта тірілтіп, өзінің де осал адам емес екендігіне көзі жетіп, рухани ізденістер жасай  бастады. Біз қазақтың өзгелерден өзгешелігі болып табылатын осы рулық жүйені ата-баба дәстүрі жолымен ұлттық рухымыздың құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырмайынша, ұлттық бірлігіміздің, ұлт болып ұйысуымыздың арқауы бостау бола беретіндей... Ұлттық идеологияда қазақ бол дейміз. Бірақ, сол қазақ болудың өзегі, яғни рулық құрылымы үзіліп қалып жатыр.

– Әуелі, «Жеті ата» ұстанымына тоқталсақ. «Жеті ата» салтын ұстану – ойдан шығарылған салт емес. Бұл адамның туабітті табиғи биологиялық жаратылысын, яғни қанын таза сақтау жүйесі. Қазақ халқы ұрпақ мықты болуы үшін қан тазалығын сақтаған. Ал, қанын күшейту үшін жеті атаға дейін қыз алыспаған. Қызды неғұрлым алыстан, алыс рудан алып отырған. «Жеті ата» негізінде  осы рулық жүйе  құралды. 

Әлемде жеті ата дәстүрін сақтап қалған – тек қазақтар. Еуропа халықтары мен кейбір түркі тектес халықтарда  «Жеті ата» дәстүрі сақталмаған. Оларда тіршілікте жиған-терген дүниесін, байлығын  сақтап қалу мақсатында емшектес болмаса болды деп, туыстарына үйлене береді. Осының салдарынан адамдардың ұрпақ қалдыру қабілеті, денсаулығы нашарлаған. Мұның барлығы  медициналық тұрғыдан келгенде, қан тазалығына тікелей байланысты болып отыр.  Осы қан тазалығын сақтаудан барып текті, мықты ұрпақтар өмірге келеді. Ғылыми тілмен айтқанда, ДНК да сақталған.

Біз кеңістікте өмір сүріп жатырмыз дейміз, ал кванттық физиканың анықтауынша,  әлемде бос жер жоқ. Ата-бабамыздың айтқан сөздері, ойлары физиканың кванттық есебі бойынша осы кеңістікте жүр. Түсінікті тілмен айтатын болсақ, солардың жаны, рухы, ойлаған ойлары, армандары, істеген істері  рухқа  айналып, заттанып, кеңістікте жүр. Қазір кванттық физиканың жетістіктері дәлелдеп отыр. Жеті атадан әрі жүз атаға дейін адамның қасиеттері сақталады. Біздің ата-бабаларымыз далада өмір сүріп, ғасырлар бойы болашақ үшін күресті. Өзінің білімін, руханиятын жетілдірді. Қайтсе адам мықты болады, қайтсе ұлт болып жерімізге ие боламыз, қайтсе артымызда жақсы ұрпақ қалдырамыз деп ғасырлар бойы ойланып, бізге осы ұлттық болмысымыздың эталонын жасап кетті. Ол рухани азықтың қаны біздің бойымызда, тіпті өмірге келген жас сәбилердің бойында бар.   Солар адамға энергия күш-қуат береді.     

Жаугершілік замандарда әр ру өзін-өзі қорғаған. Жауға қарсы шайқаста қолбасшылар ата-бабасының атын атап, ұрандатып, әруағын  шақырып, жауынгерлердің рухын көтеріп, күш жинаған. Мысалы, жоңғарлармен шайқаста жеңіліп, шегініп, қаша бастаған кезде  Әбілмансұр атының басын кейін қарай бұрып, жалғыз өзі «Абылайлап» жауға қарсы ұрандата шапқанда, жасақтар да ұрандатып артынан еріп, жоңғарлардың талқанын шығарады. «Абылайлап» жауға қарсы шапқан «Әбілмансұр» «Абылай» аталып, кейін қазақтың ханы болады.  Осы сияқты қазақтың әр руының өзіне ғана тән, басын қосатын, рухтандыратын өз ұрандары бар. Мысалы, жауға шапқанда қоңыраттар «Алатау», наймандар «Қабанбай» деп ұрандатқан.

  

 

Рух біріксе, алапат күшке айналады

– Бұны ата-баба энергетикасы дей ме?

– Негізі, әр адамның бойында адамдық ар-намысын қорғай алатын өзіндік күш қуат бар. Ата-бабаның рухын шақырып,  ұрандатқан кезде соған қатысы бар адамның бойындағы энергетикасы тулайды. Жекелеген  ағайын-туыс адамдардың күш-жігері жиналып келіп, рулық энергетиканы құрайды. Рулық энергетиканы арнайы зерттейтін «Родология» («Рутану»)  аталатын ғылым саласы бар. Ұлттық рухтың, ұлттық энергетиканың негізін құрайтын, оның құрамдас бөлшектері саналатын жекелеген ру, тайпаларға жіктелетін ата-бабалар рухын жаңғырта түсу арқылы ғана халқымыздың өміршеңдік, жасампаздық қабілетін арттыра алады екенбіз.

Бұрындары әр рудың өзінің ата-бабалары жерленген рулық зираты болған. Оның ұрпақтары үшін сол жерге барып зиярат етіп тұру – парыз; қуаныштарында ата-баба рухына тағзым етсе,  қиналған сәттерінде медет сұраған. Сөйтіп, о дүниелік болып кеткен ата-бабалар рухы өзінің ұрпақтарының аман-есен, бақытты өмір сүруіне рухани жағынан демеу болады деп сенген. 

Өкінішке орай, осындай дәстүрімізді атеизм үстемдік құрған заманда мойындамай, жоққа шығарып келсе, күні бүгін де осындай көзқарастар орын алып келеді. Адам ойының, сөзінің ешуақытта «өлмейтінін», оның заттанып, кеңістікте мәңгілікке қалып қоятындығын қазіргі кванттық физика дәлелдеп жатыр. Демек, ата-баба рухын, оның кейінгі ұрпақтарына әсер ететіндігін жоққа шығаруға болмайды екен. 

– Сонда рулық құрылымының басты мақсаты ұлттық тұтастық болып тұр ғой?  

– Иә, қазақтың тарихы – рулардың тарихы. Ұлттық болмыс – рулық болмыстардың жиынтығы. Қазақтардың қуаты, энергетикасы қазақты қанша ру құрайтын болса, солардың рухы біріккен кезде ол алапат күшке айналады. Қазақ халқы қырықтан астам көптеген рулардан құралады. Руға бөлінбейді. Бөліну – бірлі-жарым билікке, дүниеге  таласқандардың қара басының ісі. Ал, адамның даму сатысында әр адамның өзінің деңгейі болады. Рулық намыс деңгейіне көтерілген рудың билері болды. Рулық деңгейден өскен адам ұлттық деңгейге көтеріледі. 

Мысалы, қазақтар шетте қаза болғандарды жат жерде қалдырмаған. Туған жеріне алып келіп жерлеген. Ата-бабасы өз елінде, ауылында жерленсе, ұрпағына әсер етеді. Мысалы, соғыста қалып қойған адамның денесі басқа жақта жатса, оның рухы басқа энергетикалармен араласу барысында біртіндеп жойылып кетеді. Қазақ халқының ұлы ханы Кенесары ханның басын елге алып келу туралы әңгіме бекерден-бекер емес. Ханның басы қазақ жеріне келсе, оның рухы қазаққа  күш-қуат, энергетика береді.

Қазір жер-жерлерде халық  рулық жағынан ұйысып, жоғалтқандарын түгелдеуде. Ата-баба рухын жаңғыртып, халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен ерлерді, жаудан қорғаған жаужүрек батырларын қайта тірілтіп, олардың өмірін кейінгі ұрпақтарға үлгі ету мақсатында айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Өздері сайлаған  басшыларының, ақылдастар алқасының қолға алуымен ұмытыла бастаған кейбір ұлттық салт-дәстүрлер өмірдегі орнын ала бастады. Қайырымдылық қорларын құрып, қайырымды істер жүргізуде. Осы сияқты ұлттық өмірімізді қамтамасыз ету, ұлттық жаңғыру  бағытындағы жұмыстарды  билік қолға алу керек еді. Өкінішке орай, олай болмай, тіпті,  керісінше, оларды рушылдықпен айыптап жатқан жайымыз да бар.  Солайы да бар шығар. Қалай десек те, ел ішінде жүріп жатқан осындай игі істердің басы-қасында, ішінде бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып, білікті азаматтар жүруі керек деп білеміз. Өйткені жер-жерлерде жүріп жатқан ұлттық жаңғырудың барысында атқарылып жатқан мұндай жұмыстар  – қазақтың ұлттық өмірінің, идеологиясының бір бөлшегі...

Сұхбаттасқан – Зүбәйра ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ, журналист
23.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙ САЛАСЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 27.01.2023 379
ТҮРКІСТАНДА ОБЛЫС БАСШЫЛЫҒЫ МЕН ЖЫЛЫЖАЙ ИЕЛЕРІ БАС ҚОСТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 27.01.2023 344
БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕ 1990 АДАМ ТҰР
Жарқынбек ШОҒАЛОВ, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы - 26.01.2023 365

Топ жаңалықтар

1
Елнұр Бейсенбаев: "Сайлауалды бағдарламаға ұсыныстар халықтан тікелей жиналады"
Show more
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі - 2023-01-28 300
2
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Show more
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 2023-01-28 304
3
ТҮРКІСТАНДА «ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІН ДАМЫТУ – АЙМАҚТЫ ДАМЫТУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Show more
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 2023-01-28 303
4
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ БАРЛЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНАДЫ
Show more
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 2023-01-28 305
5
Қостанай облысы Набережныйдың қазақша атауы
Show more
Ермек Сахариев - 2023-01-26 135