31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Алматы қаласының су жаңа әкімі Дархан Сатыбалды Қарағайлы скверінде өткен еске алу рәсіміне қатысып, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоғын қойды.
«Бүгін біз қуғын-сүргін мен ашаршылық кезінде қаза тапқан ата-бабалардың рухы алдында адами және азаматтық борышымызды өтеу үшін жиналдық. Бір минуттық үнсіздік – есте сақтаудың, құрметтің және сабақ алудың белгісі. Біздің міндетіміз – өткеннің ауыр кезеңдерін есте сақтай отырып, бүгінгі бірлік пен бейбітшілікті бекемдеу», – деді Дархан Сатыбалды.
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары, желтоқсаншылар, сондай-ақ қалалық жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ арамызда Астанадан келген Республикалық саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы, Абай қорының президенті Жұмабек Ашуұлы, Бельгия корольдігінен арнайы ат арылтып жеткен, сол жақтағы 3 мыңнан аса қазақтарымыздың «Шаңырақ» қауымдастығының төрайымы, Сәкен Сейфуллиннің нағашысы Ақмарал Әмірқұлова, Алматы қалалық Ардагерлер одағының белсенділері: Үсен Шакенов, Айдос Төлендиев және әнші, ҚР мәдениет қайраткері Нұржамал Әшімхан да бар.
Жалпы, қуғын-сүргін жылдары ішінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 млн астам адам жіберілді. 100 мыңға жуық қазақстандық қуғын-сүргін көрсе, 20 мыңы аяусыз атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары болды.
1997 жылы 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып ресми түрде бекітілді. Бұған дейін, 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданып, әділетсіз жазаланған азаматтардың есімі ақтала бастады.
Биыл бір байқағанымыз – жылдағыдай емес, құрбандарды еске алуға келетін жұртшылық саны едәуір азайған. Естуімізше, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Ақсай қалаларының әкімдіктері 31 мамырда жоспарланған саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары аясындағы бейбіт шерулерге рұқсат бермеген. Сондықтан да болар, біз іле-шала аттанған Алматы қаласынан 40 шақырым жердегі Талғар ауданының Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке жылда үйіліп келетін жұрттың қарасы биыл қатты сиреген. Бұған ауыл тұрғындары да таңданыс білдіріп жатты... Ат төбеліндей азғантай еске алушы азамат Құранға қол жайып, жайылған астан ауыз тиіп қайттық.
Әйтпесе, ХХ ғасырдың 30-жылдарында ату жазасына кесілгендер осы Жаңалық ауылына жаппай жерленгенін білеміз. Қорым 1989 жылы азаматтарға саяжай жер телімдері бөлінгенде кездейсоқ анықталған болатын. Тарихшылардың айтуынша, мұнда Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышпаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген қазақ зиялылары, ұзын-ырғасы 5 мыңға жуық адам жатыр. Олардың әрқайсысын анықтап, арулап жерлеу – болашақтың еншісінде.
Әзірге көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, дарынды дәрігер, медицина университетінің негізін қалаушы тұңғыш ректоры Санжар Аспендияровқа, Алашорда қозғалысының белсенді мүшесі, дәрігер, КСРО батыры Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметовке, Халық ағарту комиссарлары болған Хансұлтан Сүйіншалин мен Нұғыман Манаевқа, Қостанай облысы обкомының бірінші хатшысы болған 30 жасар Нақысбек Тіленшиевке, Қазақ ССР Халықтың қаржы комиссариатының салық басқармасының бастығы Ердәулет Қарпықовқа, 1930 жылы Матай елінің Бөрібай көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, «үштік» үкімімен атылған би Қали Қырбасұлына, ағартушы, Алаш қайраткері Ықым Байбатырұлы, Ридердің «Жұмысшы» газетінің бас редакторы болған Мақсұт Тайшыбайұлына, жазушы-публицист, Алашорда мүшесі Абдрахман Айсарин т.б. бар-жоғы жиырмаға жуық боздақтарға немере-шөберелері атынан құлпытастар орнатылғанын көрдік.
Ел басына мұндай зобалаң енді қайтып келмесе, қасірет қайталанбаса екен.
Гүлжанат ШОНАБАЙ,
Алматы қаласы