Иә, Төле биұлы Жолан сол елшілікке Хангелдінің інісі Пұсырманмен барғаны белгілі еді бұған дейін. Сол мәліметті Қытайдан тарихи отанына алып келіпті деп танылған Н. Мұхаметханұлы өз баяндамасында Хангелдіні, яғни Албан руынан шыққан Райымбек батырдың атасы Хангелдінің орнына Қойгелдіні атағанда, таңғалмасқа шарам қалмады. Н. Мұхамедханұлы 2007 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан «Қазақ тарихы туралы қытай деректемелері» атты жинақтың 3-томының 16-23 беттеріне сілтеме жасаған болу керек. Бірақ ол жинаққа кірген сол материалды өзі алып келді емес пе? Және 2016 жылы мен Н. Мұхаметханұлына әділет іздеп барып, өз уәжімді айтқанда, ол: тұпнұсқада Хангелді болған, ал мына жинақта қалай Қойгелді болып өзгеріп кеткенін білмейтінін айтып, ант-су ішкен болатын. Артынан ол Хангелдінің атының Қойгелдіге ауыстырылуына кімдер себепші болуы мүмкін екенін де айтқан. Оның айтуынша, қателікті жіберген – сол топтаманы жинақтағандар. Бұл іске сол кезде өте ықпалды адамдар араласқаны туралы айтты. Атап айтқанда, кезінде қазақ тарихын қолдан жасамақшы болып, 1993 жылы Қазыбек бек Тауасарұлы деген атамның қолжазбасы деп «Түп тұғияннан өзіме шейін» атты аңыз кітапты жарыққа шығарып, оны 300 мың тиражбен таратқан Балғабек Қыдырбекұлы араласқан. Бұл кітап кейін қазақ қоғамында үлкен пікірталас тудырғаны белгілі. М. Мағауин, Қ. Жұмаділовтер бұл кітапқа сыни пікірлерін айтқан. Жалпы бұл кітапқа қазақтың зиялы қауымы түгелдей қарсы шықты. «Қазыбек бегің ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген ғой деймін» деген келемежге ұласады. Аталған қолжазбаңызды көрсетіңіз дегенде түрлі сылтаулар айтып, көрсете алмайды. Сейдәлім Тәнекеұлының «Түп тұғияннан өзіме шейін тарихи дерек пе?» деген, бұл кітаптың өтірік екенін әшкерелейтін концепциясы да жарық көреді. Ең сорақысы – 1994 жылы осы кітапқа қарсылық ретінде жазылған Кәрішал Асановтың Н. Назарбаевтың тегіне байланысты еш айғақ, дәлелсіз оның «қалмақ» екені туралы брошюрасы тарайды. Дәл осыдан кейін-ақ мемлекетіміздің жүрісі шатқаяқтап, ел қаржысы офшорларға жөнелтіліп, ел бюджеті сыртқы қарызға белшесінен бата бастады. 1995 ж. Ассамблея ел Парламентінің төріне қонжиды. Тарих ғылымы мүлде қаржыландырылмайтын күйге түсіп, З. Қинаятұлы сияқтылар қараусыз қалған мекеменің атынан Шыңғыс ханды «моңғол» қылуды жалғастырып, том-том кітаптар шығарып жатты. Кеңес Одағының сиқырымен уланған халық дағдарып, ақыры «Қаңтар оқиғасы» орын алды.
Әр руда кездесетін сіңбе әулеттерді өздеріне қосып, «Шапырашты династиясын» құру қиялынан туған арманын іске асыруға асыққанша, шапыраштыдағы «төре тұқымдарының» түбін зерттетсе, біз осы күні дәл осындай жан-жағымызға кіріптар күйде отырмас едік қой. Б. Қыдырбекұлының Албан руына неге сонша шүйліккенін кейін білдік қой. Осы күні ел ішінде сол кітапты үтір-нүктесіне дейін жаттап алып, насихатын айтып, нәпақасын тауып жүргендер бар көрінеді. Бұл мифке толы кітапқа кейінірек тағы тоқталармыз.
Тиісті орындардан бұл қателікті түзету үшін жүгіретін жан адам жоқ екенін байқаған Н. Мұхаметханұлы 9 жыл өткен соң, сол сілтемеге сүйенуді жалғастыра түскен. Қойгелді де батыр, дулаттың шымырынан шыққан. Мүмкін, дулат руы саны жағынан басымдау, қызметте істеген, оқыған-тоқығандары көп шыққан әлеумет, соны басты назарда ұстаған сияқты ғалымсымақтарымыз. «Ал албандар XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап-ақ Қытай (1881 ж. Петербург келісімшартымен Шығыс Түркістан толығымен Қытайға берілген) мен Ресей империясының екі ортасында көшіп-қонып жүріп бая-шая болып кеткен халық (1916 ж. ұлт-азаттық көтерілісі, 1928 ж. кәмпескелеу науқанында ары-бері босып жүріп, советтік-қытайлық болып бөлініп, бір-бірінің аяғынан тартып келген осы уақытқа шейін), бізге не береді ғой дейсің?» деген ойлар да мазалауы ғажап емес.
Ал ол мәлімет жаңағы Н. Мұхаметханұлы мен Бақыт Еженханұлынан бұрын-ақ қалың көпшілікке арғы бет, Шығыс Түркістанда өмір сүрген, 1993 жылы тарихи Отанына жұмыс сапарымен келіп, осы жақтан топырақ бұйырған ғалымымыз Нығмет Мыңжани арқылы таныс болатын. Тіпті ол мәлімет туралы жазушымыз Қабдеш Жұмаділов өзінің «Дарабоз» романының «Аттаныс» атты бөлімінде сөз етіп қойған да болатын. 2004 жылы Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры М. Қ. Әбусеитова, Жолан мен Пұсырмандардың 1758 жылы Цин патшасы Цянлунға барып тұрғанда салынған суреттерін Парижден тауып алып келгенде, бұл елшіліктің маңыздылығын зерттеу жаңа, жоғары сатыға биіктеп, суреттері үлкейтіліп салынып, жаңа ашылған Президент мұражайына ең құнды тарихи жәдігер ретінде ілінеді. Мұражайдың ашылуына келген Н. Ә. Назарбаев суретті көріп таң-тамаша боп, суретті айналшықтап жарты сағат уақытының 25 минутын осы суреттің айналасында жұмсапты, көргендердің айтуынша. Осы суретті тауып келген адамға деп өз қалтасынан қомақты сүйіншісін (10 мың доллар) беріп кеткенде, бұл елшіліктің беделі одан да жоғары деңгейге көтеріліп, Жолан баба тұқымдары Шымкент қаласының көрнекті жерінен бабаларына ескерткіш тұрғызып тастайды. Осы күні Жоланның өз кіндігінен тараған ұрпақ 2500 түтіннен асыпты. 2014 жылы бұл жаңалықтың шет жағасын естіп, Жолан ұрпақтарын ұйымдастырушы, жасы 80-ге келген Мүсілім Дайырбековті іздеп тауып жолыққанымда, ол кісі ескерткіштің ашылуына албан руынан Нұрлан Оразалинге, тікелей тұқымы екен деп естіп Есмұқан Обаевтар әулетіне, тағы да басқаларға айтып хабар бергенін, бірақ келген ешкімді көрмегенін айтты. «Әә, кешір, ана бір сенаттағы Әділ Ахметов деген кісі ғана келді», – деді. Ол кісіден Парижден табылған суреттің көшірмесін алып, Пұсырман туралы зерттеу тұжырымдамамды «Қазақстан-ZAMAN» газетінің 2014 ж. 7 тамыз күнгі нөміріне шығардым. Тиісінше «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Жетісу» басылымдарына да басылды. Ескерткіш қоятын жері де белгіленіп, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы аумағында орналасқан Калининнің ескерткіші алынып, сол жерге қою да жоспарланған еді. Көктем шыға ескерткіш қойылып та кетер еді, егер оған белгілі 2 себеп кедергі жасамағанда. Біріншісі – 2015-тің басында «Қазақ тарихы туралы қытай деректемелеріндегі» мәліметті көруім болды. Бұл қателікті қалай түзетудің жолын таппай жүргенімде біраз уақыт өтіп кетіп, екінші себепке жолыққанда, бұл істі кейінге қалдыруға тура келді. Ол – өз әкемнің бұл ісіме деген қарсылығы болды. Өйткені Пұсырман батыр тікелей менің әкемнің нағашы жұртынан болатын. Кім не дегенін білмеймін, кейін ойлаймын, өзінің туған нағашылары бірдеңе деген болу керек. Оның үстіне ол кезде, қағажуды көп көрген албан руынан шыққан сол Пұсырман батырдың арғы атасы Әлмерек абызға да, одан кейінгі айтылатын Хангелді батырға да ескерткіш тұрғызылған жоқ болатын. Тарих сахнасына жаңа шыққан Пұсырманға ескерткіш қоямыз деуіміз ертелеу сияқты көрінгені рас. Осы бірінші себептің кесірінен халқының қамқоршысы болған, жоғарғы мемлекет қайраткері, дипломат, 1731 жылы Ресей патшасына елшілікті бастап барған Хангелдінің аты өшіріліп, Алматыдағы бейітінің басында Н. Назарбаевтың анасы түнеп жүріп Нұрсұлтанды көтерген немересі – әулие, батыр баба Райымбек туралы көп жазылып, насихатталып кетеді. Қалмақтың ұлы ханы Сыбан Раптанға сөзі өткен, баласы Түкені Тұрпан аймағына әкім еткен Хангелді бабамыздың аты сөйтіп, немересі Райымбектің көлеңкесінде қалып кетеді.
Тарихқа қиянат болмасын деп, «Қойгелді батыр» атты кітапты, Шымыр руының шежіресін тауып, іштерінен Пұсырман аттас ең болмаса бір адам таппадық. Шығыс Түркістаннан тарихи Отанына оралған, Пұсырман батырдың руынан шыққан, бірнеше тарихи романдардың авторы Әскер Тойғанбек деген ағамыз бар еді. Сол кісі Пұсырман батыр туралы жаңа материалдарымен елге оралып, батыр бабасының ары қарай насихатталуына өзі бас ие болатынын білдіріп, бір қуантып еді. Өкінішке орай, 2019 жылы зейнетақысын алуға арғы бетке өткенде, Қытай шекарасын жауып тастап, сол жақта елге келе алмай қайтыс болды. Ол кісінің бір еңбегінде Пұсырманның елшіліктен келген соң Хангелдінің өзі құда түсіп, Наурызбай батырдың қызымен үйленгені, ұлан-асыр құдалық өткені жазылыпты. Ол кейін Совет – Қытай қыспағымен 1933 ж. Қорғас түрмесінде небары 23 жасында өлтірілген батырдың шөбересі Әуесхан Белгібайұлының жазбаларымен дәлелденді.
«Тегімде бір тексіздік болған емес,
Жасаған кіл жақсымен қатынасты,
Шаңқанай ұлы әжемнің бауырлары
Шетінен батыр еді шапырашты», – деп, атылар алдында жазылған тұтас поэмасын Албанның Жарты руынан шыққан Қасым деген кісі ақталып шығып бара жатқанда тығып алып кетеді. Ал енді Хангелді мен Пұсырманның атын жанұшыра жасырған Б. Қыдырбекұлы жаңағы Шаңқанай анамызды өзі шыққан Шапыраштының Асыл тармағына қосып қояды. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданында Шаңқанай атты ауыл бар. Апамыздың бейіті сол жерде. 2014 жылы осы іспен айналысып жүріп, Жолан туралы жазбалардың бірінен аманатта жатқан екеуіне Пұсырманның аталары Жәнібек пен Бабаның барып келіп тұратыны туралы оқып едім, кітаптың авторы аты есімде қалмапты. Аманатта жатқандардың хәлін білуге жасырақтары барса, қалмақтар тисе беретін болғандықтан, әдейі сондай кәрі кісілерді жіберетіні де тәптіштеп жазылған болатын. Жәнібек пен Баба – Әлмерек абыздың үлкен ұлдары, Жәнібектен Байсейіт, одан Пұсырманның әкесі Қонысбай. Жолан кейін ең үлкен ұлына Жәнібек, кейінгі ұлдарының біріне Баба деп ат қояды. Конференциядан кейінгі дастарқанда сол Жоланның ұлдары Жәнібек пен Бабадан тараған ұрпақтарымен бірге отырдым. Жәй ғана сәйкестік деп қалай айтарсың... Енді не істейміз, кінәліні қайдан табамыз? Тұтас бір Албан атты әлеуметтік топты адастырып, рухын өлтірген кінәлілердің өтірігін әшкерелеу үшін жаңағы жаңалықтың түпнұсқасын табу керек қой. Қытаймен екі ортадағы жағдайымыз аса жаман емес. Сұрау салып, Қытай астанасы Бейжіңмен хабарласып, тиісті адамдардан көмек сұрауға мәжбүр болдық. Бейжіңдегі түпнұсқаға қол жеткен күні, яғни газеттің келесі бір сандарында оқырмандармен тағы кездесерміз деген үміттемін. Сонымен қатар, жоғарыдағы албан руына шүйлігудің себептерімен, еліміздегі тарих саласында болып жатқан шикіліктермен бөлісеміз.
Бақытжан МЕРГЕНБАЕВ















