Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының маңызды саласы.
Бұл сала халықты түрлі тағам өнімдерімен қамтамасыз етеді. Малдан алынатын ет, сүт, жұмыртқа және олардан өңделген өнімдер тұрғындар үшін негізгі азық түрлері.
Малдардың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында ветеринария саласының атқарып жатқан жұмыстары жетерлік.
Біздің ауданда бұл салада түрлі қауіпті, жұқпалы ауруларға қарсы емдеу, екпе салу, қан алу, бірдейлендіру тағы басқа жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді.
Атап айтқанда, аудан бойынша 2023 жылдың 5 айында 6 бас мүйізді ірі қара, 17 бас уақ мал бруцеллез ауруымен тіркелген.
Сарып ауруына оң нәтиже көрсеткен малдар ветеринариялық пункт мамандары арқылы бөлініп, оқшауланып, мал тұратын қора-жайларға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
2023 жылға жасалған болжамдық жоспарға сәйкес 10000 бас мүйізді ірі қара, 60000 бас қой-ешкі, 1700 бас жылқы, 750 бас түйе малдары және 20 бас шошқа бірдейлендірілуге тиіс болатын.
Жыл басынан бастап 5620 бас мүйізді ірі қара малы, 27091 бас уақ малдар, 10 бас шошқа, 121 бас түйе, 412 бас жылқы малдары чиптелді.
Аудандағы ветеринариялық пункттерде жедел ветеринариялық көмек бұрыштары ашылды.
Ауданда Сібір жарасының 13 ошағы тіркелеген. Сібір жарасы ошағының құжаттары толық рәсімделген. Талапқа сай бетондалып, қоршалған.
3 типтік үлгідегі мал өлекселерін тастайтын қорымдар Жаңаарық, Жаңаталап, Тоғызкент ауылдық округтерінде орналасқан. Талапқа сай жұмыс істейді. Биотермиялық шұқырларға жауапты мамандар бекітіліп, тиісті деңгейде күтіп ұсталуда.
Сонымен қатар, ветеринариялық кәсіпорын теңгерімінде 3 инсенератор (2 стационарлы, 1 жылжымалы) бар. Экологиялық рұқсат құжаттары алынып, пайдалануға берілген.
Қаңғыбас ит-мысықтарды аулап жою «Сарысу ауданының ветеринариялық станциясы» мекемесі арқылы жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда аудан бойынша барлығы – 139 бас қаңғыбас ит ауланды.
Питомникте 25 бас ит оқшауланған. «Таңба» порталы бойынша ит аулаушы тіркеліп куәлік алынды.
Сонымен қатар, 100 дана чипке эмиссиялық нөмірге тапсырыс беріліп, алынды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
«Сарысу ауданының ветеринариялық станциясы» мекемесі келісім-шарт негізінде, 4 ауылдық округке қарасты 7 елді мекенде кенеге қарсы заласыздандыру жұмыстарын жүргізеді.
Тұрғындардың асырап отырған малының саулығы ол отбасының ғана емес, бүкіл халықтың саулығының негізі.
Мал шаруашылығы экономиканы алға сүйрейтін салалардың бірі болғандықтан, ауданның ветеринар мамандары осы саланың ақсамауына, қауіпті ауру түрлерінің тарамауына, мал өнімдерінің таза болуына күнделікті белсенді жұмыс жүргізе береді.