Сүлеймен Қарабалаұлы – Таз руының Асан Шарғы бөлімінен тараған, төрткүл жұртқа емшілік қабілетімен танылған әулие адамдардың бірі. Оның ата қонысы – Ойыл өңіріндегі Қаратал, Ақмешіт, Қырықоба, Құмсай елді мекендері. Тегі мен тарихы терең бұл әулеттің арғы атасы Қалабай сынықшы да өз заманында елге аты мәлім, ерекше қасиет қонған адам болған. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, жас кезінде Қалабайдың төс тұсынан мүйіз тәрізді екі кішкентай қалы өсіп шығып, оған ұқсас жіңішке екі жылан оралып жүретін көрінеді. Халық арасында таңданыс тудырған осы туа біткен белгі оның «Қалабай әулие» деген атаққа ие болуына себеп болған. Кереге басында әрдайым ілулі тұратын қара домбырасы да ерекше қасиетке ие болған деседі: жақын маңға науқас жан келе жатса, домбыра өздігінен сыңғырлап, дыбыс шығарып, белгі беріп отырған.
Әулиенің алты ұлы болыпты. Жайлау кезі келгенде үлкен ақ орданы ортасына тігіп, айналасына ұлдарының отау үйлері қонып, бір ауылды құрап отырған. Дертінен айықпай, дауа іздеп келген жандардың тек сынық емес, түрлі сырқаттардан да жазылып кететіні ел арасында аңыз болып тараған.
Сол Қалабайдан тараған ұлдардың бірі – Қарабала. Ол да әкеден дарыған емшілік қасиеті бар жан еді. Біраз уақыт перзент күтумен өткен шаңырақтан Сұлтан, Сүлеймен, Ғаббас атты үш ұл дүниеге келеді. Осы әулеттің қасиеті Сүлейменге де қонып, ол да халыққа танылған сынықшы, емші атанады.
Сүлеймен Қарабалаұлы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Ойыл өзенінің төменгі ағысында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болғандықтан, оны атасы Қалабай тәрбиелеп өсіреді. Атасы 1917 жылы дүние салып, өзі жатқан қорымға жерленеді.
Халық отырықшылыққа көшкен 20-жылдардың соңында Сүлеймен ата-баба қонысы Ойыл өңіріне орнығып, артельдерде, кейін колхозда еңбек етеді. Негізінен тары өсірумен айналысып, маңдай терімен ризық тапқан. Алайда 25 жас шамасында елге кеңінен таныла бастаған қасиеті оның тағдырын күрт өзгертіп жібереді: 1937 жылғы қуғын-сүргін кезінде «халық жауы» атанып, алдымен абақтыға қамалады, артынша Сібірге он жылға айдалады.
Қариялардың айтуынша, Сібір түрмесінде жүрген кезінде бір жолы аттан құлап, бірнеше жері сынған түрме басшысының сынған сүйектерін таңып, емдеп жазып береді. Осыдан кейін ол ауыр қара жұмыстан жеңілдеу шаруаларға ауыстырылған. Жазықсыз айдалғанымен, Сүлеймен жүрек адалдығымен майдандағы жауынгерлерге қолдау көрсетеді: Сібірдің өзендерінде балық аулап, ағаш даярлап, қажет азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысады.
Жазасын толық өтеп, 1947 жылы елге оралады. Қаратал ауылында әртүрлі ауыл шаруашылығы жұмыстарын атқарып, 1950–1967 жылдары бақша звеносының жетекшісі болып еңбек етеді. Еңбекқорлығымен, өсірген мол өнімдерімен ерекшеленгені үшін талай марапатқа ие болады. Айдауда жүріп өкпесіне салқын тигендіктен сырқаттанса да, бойындағы қасиетін тастамай, халыққа сынықшылық, емшілік көрсетуді тоқтатпаған.
Әкесі Қарабала мен атасы Қалабай сынды ол да өмірінің соңына дейін елге пана, сияпат көрсеткен жан ретінде есте қалды. Сүлеймен Қарабалаұлы 63 жасында дүниеден өтіп, Қаратал ауылы маңындағы ата-баба қорымына жерленді. Бабалар зиратының жанында өсіп тұрған саялы бәйтерек пен кесененің қақ ортасынан шыққан жиде ағашы да халықтың әулиеге деген құрметінің белгісіндей. Қасиетке сеніп, шипа іздеп келетіндер әулие жатқан бұл орынды бүгінге дейін киелі санайды.
Кейінірек осы өңірде, Сүлеймен атаның ұлы Сапардың бастамасымен зиярат етушілерге арналған еңселі түнек үйі салынды. Бұл жерге келіп түнеп, дұға жасап, рухани демеу іздейтіндер легі бүгінде де көп.
2007 жылы Сүлеймен сынықшының 100 жылдығына орай ұлы Базарбай Сүлейменұлы «Әкем туралы ақиқат пен аңыз» атты кітап шығарды. Онда Сүлеймен атаның адамгершілігі, елге жасаған ықыласы, көз көргендердің естеліктері кеңінен жинақталған. Өмірден өтерінде әулие адамның «бейітімнің жанынан түнек үйін салыңдар, дауа іздегендер шипа тапсын» деп өсиет қалдырғаны да оның халыққа деген шынайы жанашырлығын аңғартады. Ауруынан айыққандардың, перзентке зар болып жүріп тілегені қабыл болғандардың әңгімелері бүгінде де көп айтылады.
Аудан мен облыс көлемінде атаның 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып, Қазақстанның көптеген өңірлерінен қадірлі қонақтар қатысып, Ойыл бойында ас беріліп, бәйге ұйымдастырылған.
Қаратал ауылы бүгінгі күні – атақты тарышы Шығанақ Берсеев атындағы ауылдық округтің орталығы. Мұнда Сүлеймен атаның ұрпақтары әулие жатқан түнек үйінің күтімін жасап, келушілерге қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде Сүлеймен сынықшыны Қазақстанның түкпір-түкпірінде білмейтін жан кемде-кем.
Бұл әулеттен шыққан көптеген азаматтар облысқа танымал тұлғалар қатарында. Ұлы Базарбай Сүлейменұлы мен немересі Саян Сапарұлы Сүлейменов – елге еңбегі сіңген, халық құрметіне ие болған азаматтар.
2017 жылы Ақтөбе облыстық «Руханият» музейі өңірдегі діни қайраткерлер мен қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуді қолға алып, «Тұран ТВ» арнасымен бірлесіп, бес бөлімнен тұратын деректі фильм түсірді. Оның төртінші бөлімі Сүлеймен Қарабалаұлының өміріне, Қаратал ауылындағы қасиетті орындарға арналған. Бүгінде Сүлеймен атаның келіні Роза Әбенқызы түнек үйінің шырақшысы ретінде қонақтарды қарсы алып, әулие туралы деректерді шынайы ықыласпен жеткізіп келеді. Ол Сүлеймен ата туралы «Халық шипагері – Сүлеймен ата» атты кітап шығарып, ел аузындағы әңгімелер мен ақындар арнаған жырларды жинақтап жарыққа шығарған.
Айбек ОРАЛБАЕВ,
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері















