Ибн әл-Хайсам ортағасырлық Шығыстың жарық жұлдызы. Ислам өркениеті – адамзат тарихындағы ерекше құбылыс. Математика, астрономия, медицина, философия сынды ғылымдар қарқынды дамыған бұл кезең көптеген ғұламаларды дүниеге әкелді. Солардың ішінде ең ерекше із қалдырғаны – оптика ғылымының негізін қалаушы Ибн әл-Хайсам.
Ол тек өз дәуірінің ғалымы емес, бүгінгі ғылым методологиясын қалыптастыруға ықпал еткен тұлға.
Басрадан басталған ғылым жолы
Шамамен 965 жылы Басрада дүниеге келген Ибн әл-Хайсам бала кезінен зерек болған. Математика мен жаратылыстануға қызыққан ол Бағдат пен Басра медреселерінде терең білім алды. Ғылымға адалдығы, табиғатты тануға деген үлкен құштарлығы оны әлемге танымал етті.
Мысырдағы жылдар
Қиындық ішіндегі шабыт
Фатимидтер билеушісі Әл-Хаким оны Ніл өзенін реттеу жобасына шақырған кезде ғалымның тағдыры жаңа арнаға бұрылды. Жобаның іске аспайтынын білген Ибн әл-Хайсам билеушіден қорқып, өзін «есі ауысқан адам» ретінде көрсеткені жөніндегі аңыз ел ішінде сақталған. Осыдан кейін ғалым үй қамақта ұзақ жыл отырып, ештеңеге алаңдамай, ғылымға тереңдей түсті.
Қызығы, дәл осы оқшаулану кезеңі оның ең жемісті жылдарына айналды. Ол әлемді таңғалдырған еңбегін дәл осы уақытта жазды.
Ибн әл-Хайсамның ең ірі еңбегі – жеті томдық «Китаб әл-Маназир» немесе «Оптика кітабы»(1). Бұл еңбек тек шығыс ғылымының ғана емес, әлемдік ғылымның даму бағытын айқындады. Кейін бұ кітап физика тарихындағы ең маңызды еңбектің бірі деп танылды

Жарық қалай қозғалады?
Ғалымға дейін Еуропа мен Шығыста «көзден сәуле шығады» деген түсінік басым болатын. Ибн әл-Хайсам осыны түбегейлі жоққа шығарып, көру процесінің шынайы табиғатын дәлелдеп берді:
жарық заттан шығады, түзу сызықпен таралады, көзге түскенде ғана көру пайда болады. Бұл тұжырым қазіргі физика мен биологиядағы көру теориясының ғылыми негізіне айналды.
Ғылыми әдіс – ақиқаттың жолы
Ибн әл-Хайсамның ғылымға жасаған ең үлкен жаңалығының бірі – эксперименттік әдісті қолдануы. Ол бақылау жүргізіп, болжам жасап, тәжірибемен дәлелдеп,
нәтижесін талдап, қорытынды шығару керек екенін ұсынды. Бұл қазіргі ғылымның басты қағидасына айналған әдіс еді.
Ибн әл-Хайсам айна, линза және жарықтың шағылуы мен сынуын зерттеп, камера-обскура (кішкентай саңылау арқылы пайда болатын бейне) құбылысын тәжірибемен дәлелдеді. Бұл жаңалық кейін фотоаппараттардың негізін қалады.
Еуропа ғылымына ықпалы
Ибн әл-Хайсамның еңбектері XII ғасырда латын тіліне аударылып, Еуропада үлкен резонанс тудырды. Оны Роджер Бэкон, Кеплер, Вителло сияқты көптеген батыс ғалымдары оқулық ретінде қолданды. Еуропалықтар оны “Alhazen” деп атаған. Бұл есім ортағасырлық университеттерде жиі айтылатын ғылыми беделге айналды.

Ғалым мұрасы – адамзаттың қазынасы
Ибн әл-Хайсамның еңбектері: заманауи оптика, көз ауруларын зерттеу, телескоп пен микроскоп жасау, фотокамера технологиясы, сәуле физикасы сияқты аса маңызды салалардың дамуына тікелей ықпал етті. Сондықтан оны «әлемдік оптика атасы» деп атау – ғылым қауымдастығының бірауызды пікірі.
Ибн әл-Хайсам – адамзат ойының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға. Ол тек жарық пен көру табиғатын түсіндіріп қойған жоқ, ғылымға жаңа әдіс, жаңа бағыт алып келді. Оның зерттеулері уақыт сынынан сүрінбей өтіп, бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Ғалым мұрасы – тек өткеннің тарихы емес, қазіргі ғылымның да темірқазығы.
Дайындаған – Салтанат БАКЕЕВА















