Желтоқсанның зардабы ұмытылмайды

Желтоқсанның  зардабы ұмытылмайды

Күнде жиналыс. Ұрсады, жылаймыз, жабылған жалаға, айтқандарына келісе қоймаймыз. Біздің топқа «ұлытшыл топ» деген атақ берді, өйткені тобымызда 7 коммунист бар және барлығы да келген адамдардың айтқандарына қарсы шығып, келіспей жатты. 

Желтоқсанның 17-і соңғы сабақ. Сағат 12:00-де аудиторияға  орта бойлы,  арықша келген, қара торы, мұртты жігіт кіріп келді. «Сендер журналистер, алаңда не болып жатқанын білесіңдер ме?» деп сұраулы көзбен қарады.

–  Республикамыздың бірінші хатшысы Д.Қонаевты алып, орнына басқа біреуді тағайындапты. Алаңға халық шығып, наразылық білдіріп жатыр, – деді де, кетіп қалды. Бұрын-соңды алаңға, адамдардың шыққанын естімеген біздер, түгел курсымызбен жатақханаға емес, бірден аялдамаға қарай тартып кеттік. Автобус жоқ, біз жаяу тарттық. Алаңға келсек, халық онша көп емес, көбі өзіміз сияқты жастар. Түстен кейін халық біршама көп жиналды. Алаң толып кетті. Гуля, Меруерт, Арман, Айша, Гүлмайдан, т.б. трибунаның алдына жақындау жерге барып тұрдық. Сапырылысқан жастар. Трибунада бір топ адамдар тұр. Сөйлеп жатыр. «Тарқаңдар!» дейді, оған көнетін халық па? Алаңның екі жағы толы әскери киімдегі кісілер. Біздің комсомол мен партия ұйымының басшыларын да көрдік. Олар ешнәрсе демеді, біз де үндемедік. Бас бұзарлық ешнәрсе байқамадым, бейбіт түрдегі кәдімгі минтингі дер едім. Кеңес Одағында бұндай болмаған, содан қатты қорқып кеткен болуы керек. Оның үстіне Қазақстан халқы көшеге шығып кетеді деп ойламаса керек. Бұл күтпеген жағдай болды. Сол күндері күн қатты ызғарлы суық болатын. 

Тоңып кеткесін, Пушкин атындағы кітапханаға барып, жылынып келуге кеттім, өйткені қатты жөтеліп, бронхит болып жүргенмін. Бір бөлмеде тұратын  Гүлнәр Әшімова (Гуля) алаңда қалды. Біраз жылынып алып, алаңға қайта келдім. Бұрынғыдан да адам саны көбейіп кеткен. Гуляны таппай қалдым, сөйтсем ол трибунадағы адамдардың жанына  кетіп қалыпты. Кешке қарай бір кезде су шаша бастады. Тұман сияқты, бір нәрсе жіберді ме, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Сондай бұзақылық жасап жатқан ешкімді көрмедім. Бәріміз бейбіт түрде тұрдық, гимнді айттық. Қас қарая Фурманов көшесінен жүретін №100 автобусқа мініп,  жатақханаға келдім. Жолда автобуста бір ересек жақсы киініп алған кісі маған қарап, алаңға бардың ба, не үшін деп біраз жекіп ұрысып тастады. Бөлмеге келсем,  төсекте оранып Гуля жатыр. Мен келгесін орнынан тұрып, әңгімесін бастады. «Мені кешке қара машина келіп, алып кететін шығар» деді. Айтпақшы, біреулер әдейі ұйымдастырып, алаңға жәшікпен арақтар әкеліп қойған. Тоңған, кейбіреулер содан аздап ұрттаған. Сол күні, әсіресе кешке қарай қатты суық болды. Не деген батырлық, тоңса да, бәрі трибунаға қарап өз талаптарын қойып, кетпей тұрды. Алдыңғы шепте, кілең қыздар тұрмыз, артымызда жігіттер. Алдында ғана Гуля, Тұтқабай ағайға, Өскеменде қазақ балабақша жоқ, құжаттар қазақ тілінде жүргізілмейді деп, облыстағы тілге байланысты проблеманы көтеріп, мақала дайындап жүрген. Гуля трибунаға жақындап тұрса, көбісі «орыс тілінде сөйлегесін, ызаланып кеттім» дейді. «Трибуна маңында тұрған кісілердің біреуі үйіңе қайт деді. Ашу-ызам келіп кетті де, боқтап, айтып салдым: Сіздердің балаларыңыз, қазақ тілінде сөйлемейді, қазақ болғанымыз сол ма? – деп айттым. «Қайда оқисың?»  деп еді, студенттік билетімді көрсеттім. Қайда оқитынымды айттым. Мені естеріне сақтап қалды, енді мені қамайтын шығар» деді. Екеуміз шәй қойып ішіп бола бергенде, бізге ректораттың 15 қабатына келсін деді. Бұрын-соңды ректораттың он бесінші  қабатында болып көрмегенбіз. Түнгі сағат – 00:00. бұрынғы ректорымыз Өмірбек Арсыланұлы Жолдасбековты орнынан алып тастаған, ол кісінің орнына Е.Ерғожин тағайындалған. Төрде ректордан басқа, Мирошников ұмытпасам, тағы Ресейден келген өкілдер болды. Сол күнгі оқиғаны баяндай келіп, ректор Әшімованың фамилиясын атады. Жиын бітті. Марқұм Сатаев Рахым ағаймен бірге, ректордың өзі жатақханаға келді. Біздің бөлменің алдына күзет қойды. Ректордың жылағанын көрдім. Таң ата, сабаққа жиналдым. Сабақ біткесін, Сәтбаев көшесіндегі политехта төменгі курста  оқитын нағашы сіңлім Фарида Бекжігітоваға  бардым, оларда да қатаң күзет қойылыпты. Сыртқа шықсам, Сәтбаев көшесінің бойында алаңға қарай бір топ жас Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін айтып кетіп бара жатыр, кешегідей емес, жолдың екі бойына кілең бас кесер тақырбас, зор денелі жігіттер, қолдарында дубинка, қастарында сары пазик автобустар. Қорқып кеттім. Ана дубинкамен басыңа бір қойса, шаруаң бітті ғой.

Сол күннен бастап, күнде бізге түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады. 

Күнде жиналыс. Ұрсады, жылаймыз, жабылған жалаға, айтқандарына келісе қоймаймыз. Біздің топқа «ұлтшыл топ» деген атақ берді, өйткені тобымызда 7 коммунист бар және барлығы да келген адамдардың айтқандарына қарсы шығып, келіспей жатты. 

Ең сорақысы, бізден бір курс төмен орыс тобының студенттеріне интернационал туралы дәріс оқытты. Факультеттің ғылыми кеңесінде мәселемізді қарады, жетеумізді жеке-жеке ортаға салып сілкіледі.  Сол жиналыста ұстазым Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың мына сөзі есімде жақсы қалды. «Қанша қазақ, орыс оқитынын неге сөз етесіздер, біздер оқыған кезде неге айтылмады? Біз оқыған кезде орыс тобында санаулы ғана қазақтар оқыдық» деп тойтарыс бергені. Сол кездегі ең жанашыр ұстаздарымыз Тұрымтай апай, Айтқазы ағай, тіптен Мамытбек ағайдың бізге жаны ашып жылағанын көрдім. Қожекеев Темірбек ағайды, ол кезде орнынан алып тастаған. Енді бізді партия ұйымының жиналысына сала бастады, Гуляны оқудан шығару туралы шешімге қарсы шыққанбыз. Гуляны оқудан шығарады дегенді естіп, жатақханада тұратын коммунистермен сөйлестім, сонда, өзімізден бір курс жоғары оқитын Рәшқа риза болдым, ол бірден қолдап кетті. Тарих факультетінің ғалымы Жақыпбековтың төрағалығымен университеттің партия ұйымының жиналысында мәселемізді қарайды. Біз төртінші курс оқимыз. «Гуляны шығару керек» деді, мен қарсы шықтым. Сонымен бізге қатаң сөгіс жариялады, кітапшамызға саяси сауатсыз деген жазу жазылды. Жиын соңынан түсініктеме жаздырды, оны да диктовкамен жаздырды. Шаршағам, не жазғанымды да білмеймін, сол сәтте қасыма Айтқазы ағайдың келе қалғаны. Қолымдағы қағаздағы түсініктемені оқып шығып, қайта жаздырды да, Тұрымтай апай екеуі арқамнан қағып: «Бір қатерден аман қалдың. Ана қолыңдағы жазылған түсініктемеңмен онжылды арқалап кете жаздадың» деді. Біздің қарсы болғанымызға қарамай, Гуляны оқудан шығарды. Ауылға телефон соғып, әпкесі Светаға келіп, алып кетуін сұрадым. Себебі  бұнда қалса, сотталып кетуі де мүмкін деді, факультеттегі жанашыр ұстаздар. Гуля кетті, кейін естідім, жолай оған көп қастандық әрекеттер жасалғанын. Қасыма  орыс бөлімінің төменгі курс студенті Маринаны жіберді. Мені тәрбиелеу үшін. Гуля және басқа да оқудан кеткен курстастарыммен хабарласып тұрдым. Мен бронхитпен қатты ауырып, сабаққа бармай емделіп жүрдім. Гулямен хат алысып тұрдым. Кейбір жатақханадағы студенттер маған қорықпайсың ба, әр хатың аңдулы ғой деді. Желтоқсанда, оқудан кеткендермен араласпауға тырысқан студенттерді де көрдім. Студенттер жатақханасының бірінші қабатында КГБ-ның адамдары тұрған екен, кейін естідім. Шақыртып сұрау алды, түсініктеме жаздырды. Бір күні сабақтан келіп, вахтадағы апаймен сәлемдесіп, өтіп бара жатсам, Марат Кәрібайұлы кезекшілікте екен. Мені тоқтатып: «Саған Мәскеудегі курстасыңнан хат келіпті, тексерілді. Абайлап жүр» деп ескертті. Хатты бөлмеге келіп ашсам: «Қазақ жастары, студенттері есірткі шегіп алып, орыс мектептері мен балабақшаларын өртеп жатқаны рас па?» деп сұрап жазыпты В.Светлов деген  МГУ-дің журналистика факультетінде оқитын курстасым. Қай ұлтта болсын неше түрлі адамдар бар. Бала кезден, көпұлтты халықтың арасында өскен маған, ұлтқа бөлініп, бірін-бірі балағаттағаны жаныма батады. Кез келген ұлттың ішінде, жақсы түсінігі бар адам да, жаман адам да бар. Саясатты қарапайым халық жасамайды, екі ортада жүргендер бүлдіреді. Еліміздің тәуелсіздік күні  мерекесі құтты болсын! Жақсы күндеріміз көп, халқымыз аман, аспанымыз ашық, еліміз тыныш, бірлігіміз күшті болсын!

Шарипа Нұржанова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің PhD докторы, аға оқытушы
23.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАР ҚҰРМЕТ ҚҰШАҒЫНДА
Тараз қаласының әкімдігі - 09.10.2024 38
ҚҰДАЙ-АУ, ҚАЙДА СОЛ ШАЛДАР?!
Бауыржан Омарұлы. Онлайн Қазақстан - 09.10.2024 73
 ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ ЕҢ ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНІНЕ ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 09.10.2024 68
КЕНТАУДАҒЫ ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫНДА 4 ҚАЗАНДЫҚТЫ ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 09.10.2024 63
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 09.10.2024 70
Абысын-ажындар сахнада сайысты
Кәмила САПАРХАЙЫР, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы - 25.09.2024 1006
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 846
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 888
530 өлең жолынан  тұратын кітап
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 25.09.2024 823
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 858

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5841
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5284
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8463
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6271
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7481