Бұл киелі кітап өнердегі, өмірдегі сыңары болған Сағатына өмірлік жары Жібектің сомдаған ескерткіші. Сахнаның қасиетін үстеп, даралана көрінген Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Сағат Жылкелдиев пен Жібек Лебаеваның өмір, өнер жолдары туралы жазылған бұл кітап сырласу мен мұңдасу әңгімелерінен тұрады. Нәзік сезіммен өрілген, лирикалық шегіністерге толы Жібектің бұл алғашқы кітабын бастап оқыдыңыз ба, магниттей тартып, сізді тереңіне қарай жетектеп әкететініне сенімім мол. Бұрын Жібек Лебаеваны әртіс деп атайтын болсақ, енді оған жазушы деген атақты осы кітаптан соң ұялмай беруге әбден болады деп білемін. Жазушы көңіл сарайындағы тұнған сан салалы сырлардың бәрін шеберлікпен там-тұмдап, рет-ретімен бірімен-бірін ұштастырып ақ қағаз бетіне түсірген. Осы там-тұмдап жеткізілген жүрек сырларының алтын жібі сағыныш сезімі сарымайдан қыл суырғандай өткен өмірдің шуақты шақтарын шынайы жеткізе білген жазушыға қалай сүйсінбейсің?!
Балалық шақ… бойжеткен мен бозбала… қыз бен жігіттің махаббаты… ұялшақ сезімдер… Иә, иә, қайсар қыздың басын идірген қандай күш? Таудың сұлу қызы Сахараның қара баласына тұрмысқа шығады. Сыр елінің дәстүрлерін бар болмысымен қабылдаған жап-жас келін Қызылқұм шөліндегі киіз үйлі шопан үйіне қалай сіңді? Жібек жазушы осы бір таңғажайып шақтарын нәзік жүрегінің лүпілімен еске ала отырып, қалай шеберлікпен жазған десеңші! Отбасылық өмір. Өнердің қиын да қызық жолдары… есею… таланттардың танылуы… Жалпы, бұл кітап жайлы бір мақаламен толыққанды мағлұмат беру мүмкін емес. Айтпай кетпейтін бір ащы нәрсе бар. Жарты ғасырдай бір шаңырақ астында өмір сүрген, бірі-бірін жанындай сүйіп қос аққудай өнер көлінде бірге жүзген екеудің, махаббат жолының кенеттен ажырауы. Ажал… тағдыр жазмышы.. бұл Жібекке өте ауыр тиді. Бірақ ол есін жиды. Ширықты, шамырқанды. Сағатының қасында жоқтығы жетімсіретіп, жалғызсыратуына қарсы тереңде жатқан алапат махаббат оған қуат берді. Ол қуаттың арқасында осы кітап дүниеге келді. Жібекжан! Басталған жазушылық ғұмырың ұзағынан болғай!
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
Адам деген, бір жағынан алып қарасаң, өте қарапайым, еш алып-қосары жоқ тіршілік иесі сияқты. Енді бір жағынан қарасаң, түсінуің өте қиын күрделі әлем сияқты. Оның ой-өрісінің өз патшалығы, оның қуаныштарының, қайғыларының, қорқыныштарының күш-қуаты, ішкі монологтары, рухани идеалдарының қалыптасуы, айналасын қабылдауы, эмоциялары, өмірлік позициялары жатқан бір космос. Осы космосты игере алған жан нағыз шығармашылық таланттың иесі екені сөзсіз.
Мейлі ол ақын болсын, мейлі жазушы болсын, мейлі актер болсын. Актер дегенде еске өз құрдастарым Сағат Жылкелдиев пен оның жан жары Жібек Лебаева міндетті түрде түседі.
1975 жылдың көктемі еді. Мұхтар Әуезов театрының сахнасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спекталі жүріп жатты. Мен оларды алғаш рет сонда көрдім. Сағат – Қозы рөлінде, Жібек – Баян сұлу рөлінде. Расында сұлу еді ғой Жібек! Дәл осы рөл үшін жаратылғандай. Тура қазақтың аңыз-жырларының бетінен сахнаға түсе қалғандай көрінетін.
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етін көр.
Аппақ қарға қан тамар,
Қанды көр де бетін көр, – деп жырланған қас сұлудың өзі болатын. Екеуі де өрімдей жас, денелері тіп-тік, солқылдаған жас шыбықтай серпіліп тұр. Жүздерінен сол жылдың көктеміндегідей балғындықтың, мөлдірліктің, тазалықтың лебі есіп тұрғандай бейне.
Сахнадан соғып тұрған сол бір леп бізді де шарпып жатты. Біз, көрермендер, оқиға болып жатқан сол заманға қай кезде қалай сүңгіп кеткенімізді байқамаппыз.
Баянмен қосылып шарасыздықтан күңірене жыладық, Қозының қасына барып көмектескіміз келді.
Қазір ойласам, олардың актерлік таланттарының күш-қуаты сол балаң балауса кездерінде-ақ көрерменді баурап, өзге дүниені ұмыттыра алатын дәрежеде екен-ау! Олардың жастық жалындары, олардың өзара үйлесім тапқан тән сұлулықтары мен жан сұлулықтары бірігіп, біте-қайнасып біртұтасқа айналғанда жойқын импульс пайда болып, оның көзге көрінбес толқындарының екпіні күллі залды шайқап тебіренткен екен-ау сонда! Сол кезден бері жарты ғасыр өтіпті. Кешегі бозбала Сағаттың кемелденіп кең дарияға айналғанын көрдік, кешегі балауса қыз үлбіреген Жібектің бүгін буырқанғанда көк аспанды тіліп түсер өткірлігін көрдік.
Бәрін айт та, бірін айт десек, олар осылай үнемі бір-бірін толықтырып, біртұтас болып жүруші еді.
Адам психологиясы өте күрделі матрица ғой. Оны қанша танып білдім десең де, қанша белгілі ғой десең де, оқыстан, күтпеген жерден бір мінезі шыға келеді. Сағаттың бір ерекшелігі – аяқ асты пайда болған көңілдің сол бір нәзік ноталарын сезе қоятын, бірден бойына сіңіретін. Сосын терең тамырлы жан толқыныстарын баршаға түсінікті қарапайымдылықпен жеткізетін.
Оның «Таңғы жаңғырықтағы» Бақтығұлы ешкімнің ала жібін аттамаған, ешкімнің маңдайынан шертпеген қарапайым ғана бала еді. Алайда оқиға барысында бірте-бірте еңселеніп, зор тұлғаға айналып, осы тұлғаның қуатты энергиясы залға әсер ете бастағанын сезінеміз. Сағат Бақтығұл образына жай қарапайым қазақы жағынан ғана емес, адам факторының күрделі тұсынан келген.
Жетім бала Бақтығұл өз жұмысына адал болғандығын көреміз, жарын аялайтынын байқаймыз, баласына деген қамқорлығына сүйсінеміз. Інісінің қазасы жанын арпалысқа түсіргенде оның ішкі күйзелісін ең алдымен дауысынан, тыныс алуынан байқаймыз. Жан қиналыстары интонациялармен, шабытқа толы қимыл-қозғалыстармен дәлме-дәл беріліп жатты.
Ауылдағы кәдімгі қарапайым қазақтың жолын жүріп, бірте-бірте оның қалай қатыгез кісі өлтірушіге айналғанын психикалық толқыныстар арқылы, толқыныстар туғызған қимыл-әрекет актілерінен көреміз.
Сағат жайында сөйлесек, ең алдымен оның театр сахнасындағы құбылыс екендігін баса айтқан жөн сияқты. Иә, құбылыс! Себебі үлкен сахнада ән шырқайтын актер өте сирек кездеседі. Әншілілік – жеке тұлғалардың ілеуде біреуіне ғана қонатын жалқы өнер, дара қасиет. Осы дара қасиет құдіреттің күшімен Сағаттың тал бойына біткен таңғажайып құбылыс.
Иә, солай! Әншілік деген құдіреттің жеке тұлғалардың бойына ғана дарытқан ерекше бір сыйы деп ойлаймын. Сағат та осындай уникум еді ғой, шіркін, екі өнерді бірдей бойына сіңірген! Осындайда «Ақын Сара» спектаклі еске түседі. Біржан рөлінде – Сағат. Сахнадан Біржан – Сағаттың дауысы қалықтай көтерілді де, аспанға өрлеп, асқақтай берді. Сиқырлы дауыс жүректерге бойлап кіріп, жүректерді тебірентті. Сахнадағы жанары жарқылдаған сымбатты жігіт өз харизмасымен, ерекше пластикасымен көрермен жүрегінің төрінен өз орнын ойып алды. Зал мен сахнаның рухтары бірігіп, аса керемет атмосфера орнаған сәт болды.
«Дауысым аспандағы құс айналып
Тоқсан екі төңкерілген», – деп Біржанның өзі айтқандай, аспандағы құс айналғандай әсерден зал теңселіп кетті. Толастамаған овация арасынан «Сағат»! «Біржан»! деген дауыстар жаңғырып жатты. Иә, бәрі солай болған еді. Кезінде француздың ұлы жазушысы Флобер өзінің атақты кейіпкері мадам Бовари туралы «Ол менің өзім» деген екен. Сол сияқты, шын Сағат бәлкім, осы ақын Біржан, әнші Біржан, сал-сері Біржан ба екен. Кім білсін...
Адам психологиясының ауыздықтай анатомиясын зерттеген Ф.Достоевский: «Сезім бостандығы деген – сезімді құрсаулау емес, сезімді ауыздықтау», – деген екен.
Сезімдерін құрсаулай да алмаған Естай ақынның осал тұсы да, мықты тұсы да осы жерден бастау алатын сияқты. Оның сезімдері шырқаса шыңға шығып, аспан астын шарлайды, құласа бірден құзға түсіп, еңсесі жерде жатады.
Естай ақынның осы құлазыған шағы Сағаттың бейнелеуінде көңілді түсіріп, жаныңа ауыр ахуал орнатады. Алдында саңылаудай да жарық жоқ, еш үмітсіз жан бұрынғы өткен күндердің алыстағы сәулесіне жармасады. Соңғы күшін жинап, оның сүйретілген сүлдесі сол жылуға ұмтылады. Оған енді үстіне не кигені, ел арасы қалай жүргені, кімнің не айтқаны маңызды емес. Сағат-Естайдың сөлбіреген тұрысы, олпы-солпы кір-қожалақ киімі, немқұрайлы қимылдары осыны көрсетеді.
Сондай-ақ Естайдың өмір бойы аңсаған Қорланы да осал жан емес екенін көреміз. Жас кезінде Естайды есінен айырған Қорлан Жібектің бейнелеуінде сыры кетсе де сыны кетпеген ару әйел. Ол баяғыда Естайдың жүрегін ажарымен ғана емес, ақылымен де жаулап алған сияқты. Қырық жылдан соң өзін іздеп келген Естайды көргенде ол ауылдың кәдуілгі қатындарындай ернін сылп еткізіп есіктен төрге қарай қашқан жоқ. Алғашында сенер-сенбесін білмей сәл аңтарылып тұрды да, бірден шешім қабылдады. Күні кеше ғана елдің алақанына салған Естай еді ғой деп, ақынның мұндай бейшара, міскін күйін көргісі де келмей, оның ескі-құсқы киімдерін тастатып, су жаңа киімдер кигізеді, менің емес, халықтың Естайы деп төрт қабат көрпе төсеп, төрге шығарады.
Қорланның асып-саспаған байыпты қимылдары, байсалды дауысы, тіке көзқарасы оның ауылына сыйлы, ел-жұртына әйгілі, айналасына ықпалды бәйбіше екендігін аңғартады.
Өнер деген айналадағы өмірді танытудың бір тәсілі ғой. Нақты өмірде болған нақты бір оқиға біреуге әсер етеді, біреуге әсер етпейді, біреулер бейжай күйі өте береді. Бұл – өмір заңдылығы. Өнер заңдылығы басқа. Нағыз өнер көрермен жүрегінің нәзік қылын шертіп, көзі ілініп кеткен қасиеттерін оятады. Менің спектаклдерімнен шыққан адамдар бір микрон болса да өзгерсінші, жан дүниесінде шөгіп жатқан жақсылықтар оянсыншы деп тұрғандай сезінесің. Сағат сомдаған әрбір образынан «мен тек қана актермін, бірақ әрбір адамның ішінде бұғып жатқан бір жазылмаған жарасының, тасада тығылып жатқан бір жақсылығының дауысымын» деп тұрғандай Сағаттың әрбір ролі.
2022 жылдың көктемі. Мамыр айының 15-і еді. Әріптесінің тойында билеп жүріп, Сағат қолын көтерді, қолын көтерді де, жан-жағына қарап жымиды, көзінде өзіне ғана тән сүйкімді күлкі ойнады. Сосын сол күлімсіреген қалпы ақырын шалқая бастады...
Оны үлкен сахнаға осындай көктем алып келіп еді. Сол алып келген көктем алып кетті...
Сыңарынан айырылған аққудай боп, Жібегі жалғыз қалды. Шығар жаның бөлек болған соң, амалың қанша... амалың қанша...
Сағаты туралы айтқанда Жібек жылап отырып, оны көргендей күлімсіреді, күлімсіреп отырып, қайта жылады.
Қайран Сағат! Жүрген жерін жарқыратып, той-думанға толтырушы еді. Бейжайлықты, тұнжырағандықты суқаны сүймейтін. Ондай жағдай болса, «кеттік» деп Жібегін машинасына салып алып, оның көңілін аулайтын. Сөйтіп Жібегінің жүзіне көлеңке түсірмейтін, үстінен шыбын ұшуға да рұқсат етпейтін.
Жібекке қарай ұшқан оққа кеудесін тосатын адал жары, әріптес досы еді. Сілтесе семсері, қорғанса қалқаны еді ғой Жібектің.
Иә, біз олардың кілең бірге жүргенін көруші едік. Бірінсіз ешқайда бармайтын. Барған думанды кештерде Сағат домбырасын күмбірлете қолға алып, алдымен көзімен Жібекті іздейтін. Сосын Жібекке қарап отырып, әуелетіп ән бастайтын. Оның әні тыңдарманның бойын ала бере, бірте-бірте қалықтай көтеріліп, маңайын ерекше бір салтанатқа бөлеуші еді. Сол сәтте «Бұл кім? Сағат па, әлде баяғы Біржан сал ма?» дейсің.
Жібегінің қасында жүрсе, бүгін маңдайы жарқырап, жетпіске толар еді, ұлан-асыр той жасар еді, арқа-жарқа болып бала-шағасы жүрер еді.
«Әттең!.. Бір кем дүние!» – дедік күрсіне.