Сапура — ел рухын көтерген батыр қыз

Сапура — ел рухын көтерген  батыр қыз

Сапура Мәтенқызы -  (1753-1776)

Жаулары өткен жасқанып,

Ел жақсысы қалған екен бас бағып.

Атқа қонып ерлік туын көтерген,

Сапура – ару жиырма екі жастағы.

Ақтөбе өңірі, соның ішінде Қобда ауданы ежелден батырлар мекені атанған қасиетті өлке. Осы топырақтан ел басына күн туған шақта ерлермен  қатар атқа қонған қайсар қыздар да шыққан. Солардың бірі – Сапура (Сапар) Мәтенқызы.

Сапура Мәтенқызы 1753 жылы дүниеге келіп, қысқа ғана ғұмырында халқына адал қызмет етіп, тарихта өшпес із қалдырды.  Оның өмір жолы – қайсарлыққа, күреске толы тағдыр. Еділ мен Жайық арасындағы аласапыран кезеңде жары қаза тауып, жас келіншек ауыр қайғыны бастан кешіреді.  Кейін қазақтың дәстүрі бойынша  әмеңгерлік жолмен қайнысы Жанбалтаға тұрмысқа шығады. Бұл қазақ  даласы үшін ауыр сынақ еді. Пугачев көтерілісі аяқталғаннан кейін Кіші жүз аумағында патша үкіметінің жазалау шаралары күшейіп, халық күйзеліске ұшырады. Осындай қиын-қыстау заманда Сапура Мәтенқызының бойынан ел тағдырын терең түсінетін көрегендік пен қайсарлық айқын көрінеді. 1775 жылдың күзінде Қобда мен Елек өзендерінің бойын жайлаған Табын, Тама рулары көтеріліске шығады. Тарихта  «Көктемір көтерілісі»  деген атпен белгілі бұл қозғалыстың дем берушісі әрі ұйымдастырушысы  Сапура Мәтенқызы болды. Ол халықты жігерлендіріп, еркіндік жолындағы күреске рух берді. Жанында сенімді серігі Жанбалта бірге болады.  Сапура Мәтенқызы – тек батыр ғана емес, ұлт мүддесін терең ұғынған тұлға. Оның ерлігі қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлін айқындай түседі. Ел басына  күн туған сәтте нәзік жандылардың  да қайсарлық таныта алатынын  дәлелдейді. Батыр қыздың ерлігі мен өмір жолы архив деректері арқылы зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілді. Бұл бағытта Ермұхан Бекмаханов, Александр Федорович Рязанов, Нәйля Бекмаханова  сынды ғалымдардың еңбегі зор. Сонымен қатар ақын жазушылар Әнес Сарай, Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаевтың шығармаларына да арқау болған. Олар оның бейнесін көркем әдебиетте сомдап, халыққа кеңінен танытты.

Бүгінде Сапура Мәтенқызының есімі ел жадында жаңғырып келеді. Ақтөбе қаласының жаңа аудандарында және туған елі Қобда аудан орталығында  батыр қыздың атымен аталған көшелер бар. Бұл – тарихи тұлғаға деген халық құрметінің айқын белгісі. Алдағы уақытта батыр қыздың есімін білім беру мекемелеріне беріліп, оның мұрасы одан әрі дәріптеледі деген сенім мол.

2028 жылы Сапура Мәтенқызының 275 жылдығына орай Ақтөбе облыстық әкімшілік, мәдениет басқармасы, тілдер бөлімі тараыпың қолдауымен батыр қыздың өмірі мен ерлігі туралы тереңірек зерттеп, «Сапура жүрген жолдармен» атты экспедициялар  ұйымдастырылып, деректі фильмдер түсіріліп, түрлі тағылымды іс-шаралар ұйымдастыру  жоспарлануда. 2022-2025 жж. аралығында Ақтөбе қаласы С. Жиенбаев атындағы А.С.Пушкин атындағы, С.Бәйішев атындағы кітапханалар осы іс-шараларға белсене кірісіп, қалалық тілдер бөлімі өткізген жыр мүшайраны ерекше атап өтуге болады.   «Көктемір – көркем есім бұл...» жыр мүшәйрасын, студент жастар мен оқушылар арасында жоғары деңгейде жыр сайысы өткенін атап кету орынды.  Алға, Қобда ауданы оқу орындарында, кітапханаларда Сапура Мәтенқызы туралы көптеген іс-шаралар өткізіліп жүр. 

...Қараңғы түнді жамылып,

Қалың қол суыт желеді. (І. Мәмбетов.)

Көкбұқа, қолда пірім! – қолда деп,

Көктемір  батыр желеді.

Күзінде Елек, Қобдадан,

Екі мың қолмен өтіпті.

Көктемінде Көктемір,

Он мыңға қолы жетіпті.

Отарлаушы күш шығып,

Заты әйелден не күтті?

Жары жолға жеткенде,

Қабырғасы көп қолдың,

Сөгітіліп кетіпті.

Сонда Сапар тоқтамай,

Жанбалтасы жанында, 

Ордан орғып өтіпті.

Қаймығып патша әскері,

Қамалын сонда бекітті. (Көкбұқа, Мәтен, Сапар – батырдың жауға шабар ұраны. 

Көктемір – Сапураға халық таңған есім.

Жанбалта  – батыр қыздың жұбайы.

Міне, бұл өткен жылы  қалалық тілдер бөлімінің ұйымдастырған жыр мүшәйрасынан жас таланттардың жырларынан алынып отырған жыр жолдары. Мұндай тамаша шаралар болашақта да бола бермек.  Бұл бастамалар – жас ұрпақты  отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды тетігі. Сапура Мәтенқызының өмір жолы – ерлік пен елдік  рухтың жарқын үлгісі.  Оның есімі мен ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

 

Жібек АБДУЛЛИНА,

 филолог-өлкетанушы,

 Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Руханият»

 танымдық-патриоттық 

клуб төрағасы, 

Ақтөбе қаласы

 

30.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24694
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24359
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41801
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37678
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42094