Көңілі – күн, жаны – шуақ азамат
Шалқар ауылы – Мұғалжар тауының оңтүстік қанатын жалғаған белестің, Шағырай үстірті мен Шошқакөл бұйраты кербездене керіліп жатқан тұсында қоныс тепкен табиғаты әсем, киелі де құнарлы топырақта орналасқан құтты қоныс. Осынау қасиетті өлкеден атынан ат үркетін, есімдері елімізге елеулі талай тұлғалар шыққан. Әрине, олардың бәрін жіпке тізгендей етіп әңгімелеп шығу әсте мүмкін емес. Бірақ әні мен дәні қатар өрлеген, құт-береке дарыған ауылда көненің сарқытындай болған біз тілге тиек еткелі отырған Елемес Жеткерген Данағұлұлы деген атпал азамат кіндік кесіп, ит көйлегін тоздырды.
Жеткерген – «тектен нәр алған тозбас» деген қағиданы ұстанған тегі мықты жігіт ағасы. Жалпы, қазақ халқының танымында өте қадірлі болып саналатын тектілік деген ұғым бар. Өйткені тектілік – адам бойындағы асыл қасиет пен парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін қасиет. Сыпыра жырау:
«Бай баласы байға ұқсар,
Байлаулы тұрған тайға ұқсар.
Би баласы биге ұқсар,
Алты қанат үйге ұқсар,
Хан баласы ханға ұқсар,
Биік-биік шыңға ұқсар.
Құл баласы құлға ұқсар,
Мал таптаған гүлге ұқсар», – деп, тектіліктің түп-тамырын осылай түйіндесе, Жеткерген де осал әулеттің перзенті емес.
Арғы тегін таратар болсақ, Кіші жүзге қарайтын Алты ата Әлімнен соның Жаманағынан тарайтын Айт баласы Тілеу батырдың ұрпағы. Тілеу батыр 1630 жылы дүниеге келген. Алаш жұртына әйгілі Шекті Мөңке бидің әкесі. Күлтөбе Әз Тәукені хан сайлауға, Сұпы Әжіні пір сайлауға қатысып, ұсыныс жасап, сөйлеген Тілеудің Есіркеміс, Алдаберлі, Жолдыаяқ, Жақсымбет, Мөңке (кенжесі) деген балалары болған. Тікелей атасы – Жолдыаяқ батыр. 1681-84 жылдары жоңғарлармен болған Сайрам соғысына Тәуке ханның шақыртуыменен кіші жүз өңірінен 17 мың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ батырды, інісі Қалдыбай батырды ертіп, бастап барып соғысқан. 1684 жылы Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші ұрыста өзі де, баласы Жолдыаяқ батыр да көзсіз ерлік көрсетіп қаза тапқан. Екеуінің де сүйегі Тәуке ханның жарлығымен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Бүгіндегі есімдері кесенедегі ескерткіш тақтада жазулы. Осындай текті бабаның ұрпағы болғанын үлкен мәртебе санайды.
«Билікті би де, құл да айтады, бірақ бидің аузы дуалы», – деген нақылды тура осы Жеткергенге тікелей арнап айтса да артық етпейді. Өйткені ол, шын мәнінде, тілге шебер, даналық әліппесін бойына сіңірген, көсемсөз шебері, білім саласына еңбегі сіңген тағылымды ұстаз. Оның жан-жақтылығын, тереңдігін, кез келген тақырыпқа әңгіме қозғасаң да ағып тұратын салиқалы сөзін, толғамды, қысқа да нұсқа тұжырымдарын, өткір пікірлері мен өтімді ұсыныстарын естігенде еріксіз таң қаласың. Атақты Мөңке бидің ұрпағы болса, басқаша болуы мүмкін де емес қой. Сегіз қырлы, әмбебап. Қазақтың жалпақ тілімен кестелесек, құймақұлақ, рухани жаны терең, жады мықты. Адамдар арасындағы сан қилы қатынастарды, туған жердің сұлулығы мен қымбаттығын, достық пен махаббатты мөлдіретіп сипаттағанда жаныңды баурап, қалай ұйып қалғаныңды білмей қаласың. Өмірдің сан қилы соқпақтарының сәтсіз тұстарын көргенде дүниеде жақсы адамдар аз, жамандар көп деп налитын кездерің де болады ғой. Бірақ Жеткерген секілді тұмасы таза жақсылардың жамандықты жасқап, үнемі игілікке бастап, өмірге нұр шашып жүргенінің арқасында дүние сұлу, өмір көрікті болып кете береді екен.
Құрылысшы алақанының құдіреті
Жеткерген Данағұлұлы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Жаңақоныс кеңшарында агроном болып бастады. «Жол құрылыс» тресіне қарасты «ПМК-3» мекемесінде прораб, мекеме басшысы лауазымына дейін көтерілді. Құрылыс саласында жүріп Мұғалжар, Ырғыз, Шалқар аудандарында 8 мектеп, 2 клуб, 18 тұрғын үй, 1 зауыт салып, халық игілігін еселей түсті. Бұл саладағы еңбегі Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы» деген биік атақпен белгіленді. Аудандық мәслихатқа депутат болып үш рет сайланып, елді көркейту, өңір мәселелерін шешуде де белсенділік танытты. Саналы өмірін туған жерінің гүлденуіне, көркеюіне арнап, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін 49 жыл еңбек етсе, соның 29 жылы басшылық қызметтерді атқаруға арналды.
Алыстан мен мұндалап тұратын ғимараттар, сәулетімен көздің жауын алатын түрлі нысандар, әлеуметтік маңызы бар мекемелер, жайлы тұрғын үйлерде Жеткергеннің қолтаңбасы бар деуге толық негіз бар.
Жеткерген Данағұлұлы – Шалқар ауданының Құрметті азаматы. Ы.Алтынсарин медалінің иегері. Ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын колледжде 11 жылдайдиректор болып, көптеген шәкірттерді оқытып, білікті мамандарды қанаттандырып шығарды. Оның шәкірттері ауданның көптеген кәсіпорындары мен мекемелерінде сәтті қызмет атқаруда. Мұның барлығы елге қызмет етудің ерен үлгісі десек, артық айтқандық емес.
Өмірлік қосағы Нағима Шынықұлқызы 3 бала, 8 немере тәрбиелеп отырған ұлағатты шаңырақтың отанасы. Жергілікті музейдің басшысы. Мұражай жұмысы тек бір аудан көлемінде шектеліп қалмай, Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларынан ғалымдар шақырып, жастар мен аудан тұрғындары арасында алуан түрлі жұмыстарды өрістетіп, жақсы көрсеткіштерге ие болды.
Перзенттері де егемен еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етуде. Құрылыс, білім саласының мақтанышы болған майталман маманның еңбек жолы дара, даңқты жол. Мұндай биіктен көріну, асқар асуларды бағындыру терең білім, зор ізденіс, қайтпас қайсарлық, маңдай тердің арқасында келгені еш шүбәсіз ақиқат.
«Әке көрген оқ жонар»
«Әке көрген оқ жонар» дейді ғой дана халқымыз. Жеткергеннің жеткен биігі әке берген тәрбиенің жемісі деп бағалаған жөн. Әкесі Данағұл ақсақал ел сыйлаған кісі болған. Шалқар ауданының Сарқамыс колхозында колхозшы қызметін атқарған. Ол 1942 жылы соғысқа аттанып, майдан шебінде 918-жеке корпустық саперлік батальоны құрамында болып, елді жаудан азат ету жолында күреседі. Жеңісті жақындату жолындағы қанды шайқастардың бірінде ол қатты жараланады. Сол соғыста өлдіге саналған Данағұлды солдаттар егістіктен тауып алып, емдетіп, қатарға қосады. Оның туған елге оралуы 1946 жылы іске асады. Әкенің соғыста көрсеткен ерлігі «Қызыл жұлдыз», «Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Отан үшін» т.б. медальдармен марапатталды. Данағұл Елемес 1961 жылға дейін «Қызыл жұлдыз» ұжымшарында шопан болып, құлдыраған елдің тұрмысын түзетуге атсалысады. Кейін Тойған есімді қызбен отбасын құрып, 12 бала дүниеге әкелген, оның үшеуі ұл, тоғызы қыз. Сол тумалас 12 баладан бүгінде үбірлі-шүбірлі 5 отау бар. Сол соғыстың зардабы елге келгеннен соң да үнемі сезіліп жүрді, денесінде қалған снарядтың жарқыншағы және пытыралар әсерінен найзағай түсіп, қой бағып жүргенде 1961 жылы өмірден өтті. Ол тағдыр тауқыметін бір кісідей тартқан жан.
Әкеден жастай қалса да, жігерлі жас жігіт зеректігі мен қажыр-қайратының арқасында өмір соқпақтарынан мүдірмей өте білді. Талай қиындықты еңсерді. Асуларды бағындырды. Кез келген іске бас болатын қабілетін танытып, көзге түсе білді, ел алдында жүрді.
Жалпы, Жеткергеннің адамға деген адалдығы мен азаматтығы, қарапайымдылығы мен жоғары парасаттылығы бір төбе. Одан қалды, тұла бойы тұнып тұрған өнер. Ауылда өтетін той-домалақтарға асабалық етіп, көңілді отырыстарды ажарландырып, шыр көбелек айналдырып жібереді. Тойшыл қауымға той тойлау үшін емес, ойлау үшін де керек екенін шұрайлы тілмен ұғындырып отырады. Ауылда өсіп, ауыл топырағынан нәр алғандықтан болар, туған жердің тарихын, сай-саласын жатқа өргізеді.
«Баталы ұлға бақ қонар», – демекші, Жеткерген – ауылдағы батагөй ақсақалдың бірі. Адамдарды батамен сусындатып қуаттандырады, бойына қан жүгіртеді, ырыздығын арттырады. Ақтөбе облысында және ауданда өткен батагөйлер сайыстарында жеңімпаз атанғаны да бар.
Иә, «тұлға болып тумайды, қалыптасады» деген тәмсіл бар. Жеткерген өзінің пайым-парасатымен, ақыл-жігерімен елдің ықыласына, абыройына бөленіп, ел ағасы атанды. Ауылының құрметтісі, зиялысы. Ауылдастарының бәрі ақсақал деп иіліп ізет көрсетіп тұрады. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деп хакім Абайдың өсиетін ту еткен Жекең бүгінде туған жерінде 70 деген жайсаң жасқа шығып, көңілі – күн, жаны – шуақ абызға айналды десек, әсірелегендік болмас.