Туған жерге жүрегім ғашық әлі

Туған жерге жүрегім ғашық әлі

Бейбітбек Бүркітбайұлы екеуміз бір ауданнанбыз. Ауылдық газетте бірге істедік. Екеуміз де жұмысымызды корректорлықтан бастадық. Ол кездері компьютер түгілі линотип машинасы да жоқ. Әрбір әріпті май-май болып қолдан тереміз. Күннің атысынан түннің бір уағына дейін қолы-бетіміз майланып, әріп теруші қыздармен бірге жүретінбіз. Осылай еңбек жолымызды бастадық. Кейін біріміз әскер қатарына, оқуға дегендей жан-жаққа кеттік. Жо-жоқ, Бекен ағам сол орында табан аудармай жиырма жылдай жұмыс істеді. Корректор, тілші, бөлім меңгерушісі. Біраз жылдар Бейбітбек ағам баспахананың «майын ішкен» хас шебері – бастық болды. Аудандық, одан Қызылорда облыстық баспахананың директоры. Одан соң «Яксарт», «Шырағдан» газеттерінің бас редакторы, 20 жылдай «Құқықтық Қазақстан», «Алтын Орда», «Заң газетінде» және «Қазақстан-ZAMAN» газетінде меншікті тілші болып, қолынан қаламын тастамады. Атақ, марапаты жетерлік:   ҚР Мәдениет қайраткері, «Ақпарат саласының үздігі» т.б. Бұған «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» атағын қосыңыз. Жеңешеміз Күлайша Көшербаева – мұғалім. Бір қыз, екі ұлы, 11 немересі бар. 

Бекең дәл бүгін 70-ке толып отыр. Бақытты болыңыз. Ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз. Бекең – мықты ақын, нанбасаңыз жырларын оқыңыз. Кезекті кітабы шықты. Бүгін біз ақын ағаның өлеңдерінің бір тобын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

АСЫЛ ЗЕРДЕН АРДАҚТЫ

Қиял кештік, сан мәрте көкке өрледік,

Күні-түні бұл тойға жеткер дедік.

Міне, бүгін бақ-дәулет қонақтап тұр

Ауласына інімнің кептер келіп.

 

Көксоқтаға ілесе көктем келіп,

Қыдыр баба сыйымен жеткен желіп.

Көз тартады бұлан жол олар жүрген,

Ебелекте ұшпас жер көкбелденіп!

 

Жауһарланған асылдан жаратылған,

Ыстық – жұлдыз, сондықтан дара тұлғаң.

Жарып шыққан өзекті қос құлының,

Сырқыраса білегі, таңды атырған.

 

Барқыт дала, жартасты баспалдағы,

Қулық сауған, зәндемнен жасқанбады.

Қазан түспей, қуат алып ошақтан, 

Ағайынға жайылды дастарханы!

 

Асыл зерден ардақты өнегесі,

Әсемдікпен жайнаған керегесі.

Озбас балта сабынан дегендей-ақ,

Саф алтындай тектілік – берекесі!

 

Жігер салып, жекжатты сағындырып,

Жұрағатты жүргені бауыр қылып.

Сабындай-ақ қамшының ғұмырында

Бұл пейілі парасат – ақылдылық!

 

Бас байлады, тауқымет мың болғанда,

Шипа болды Астана іңкәр жанға.

Алтын тозбас дегендей асыл айнып,

Дес көргенді кермеде, қиналғанда!

 

Ақ көңілді алаңжар жалғап тұрып,

Осы тойды аңсаумен таң атырдық.

Сырға салып, төс қағысқан ғибрат,

Құтты болсын құдалық он ғасырлық!

  

 

ҚЫШБӨГЕТ

Іш тартатын ауылдың қара шалы,

Өзіне тән тірлігі жарасады.

Бөгеттегі жалғыз үй тірлігіне

Аш қасқырдай үрейлі дала шаңы.

 

Ірге тепкен жұртпенен араласып,

Жауға түскен, қырғында жаза басып.

Көз ілмейді орманшы дала қорғап,

Ысқаяқтау жандармен жағаласып!..

 

Қызылқұмның жаңбыры өткен құйып,

Кемпірқосақ түрленген көктен күліп.

Ақша бұлттар ақшулан нұр сепсе де,

Көрінбейді көзіме көптен киік?!

 

Қажеті не байлықтың, үлде-бүлде,

Шүкіршілік етемін жүргеніме.

Қышбөгетім атқан таңдай, толғауын,

Ілестірген жасампаз күндеріме!

 

Құдіретін ұқтырған маған ардың,

Ақыл қосқан жандарды бағалармын.

Бөгемесең, ағын су бой бермейді,

Үлкен ісі Қышбөгет ағалардың!

 

Ажар беріп бүрі де жарасып тұр,

Сексеуіл де биікке таласып бір.

Құм шаңдағы бораған төбелердің

Астындағы гүлденген қалашық бұл!

 

Ел тарихы осыдан басталады,

Шағыл құмдар бар сырын ақтарады.

Қышбөгеттен өтсең бір әупірімдеп,

Ашылады Қызылдың ақ парағы!

 

Біреулер жүр жорғалап жатқа құрдай,

Дәмеленіп алтыннан ат басындай.

Қойнауы құт ел үшін қымбат құны,

Қызылқұмның Қышбөгет қақпасындай!

 

МИНИСТР  КЕЛГЕН  ЖАЛҒЫЗ ҮЙ

Шапақ шашып зеріндей жаңа күннің,

Тінін ұстап қиялмен жазарымның.

«От көсемес болса деп, көсеу қисық»,

Деген сөзі есімде қазағымның!

 

Жаутөбе деп жырыма жол салғанмын,

Бағындырып алмаққа арман шыңын.

Қыдыр болып түскендей көк аспаннан

Жалғыз үйге төрдегі орманшының!

 

Есіп жатқан дарияның самал желі,

Қарт көшкенмен, ол әлі өзгермеді.

Шоқпар етіп, билігін ықтын-жандар,

Алпыс жылдай өтіпті содан бері!

 

Жүгіреді тақырда ала құйын,

Сағыныштай сарғайған бала күнім.

Талаптандым табанды тасқа тіреп,

Сіңірсем деп жүрекке дала күйін.

 

Қазірде де бұл маңға асығады,

Іңкәрліктің кеудемде тасып әні.

Ырысты бақ алдымнан ашылады,

Туған жерге жүрегіме ғашық әлі!

 

Қызылқұмға іргенек өзі қорған,

Шежіресін ешкім жоқ жазып алған.

Бұқарбайдың ерлігін ұғындырып,

Қышбөгет тұр дәуірдің көзі болған.

 

Жұмысы көп, қарбалас, бәрінің де,

Кімге қажет жат тілі, өлі мүдде?

Адалдық пен әділдік жоғалған соң,

Әкім біткен соқпай жүр әлі күнге.

 

Қазынасын даламның ақтарыпты,

Ұлы дала сырына жат қанықты.

Қышбөгетке министр келген кезең,

Өшпейтіндей жадымда сақталыпты!

 

ЫСҚАУРЫН

Селебені қайтіп мен амалдармын,

Запыс көрдім, күйік боп, қайран қалдым!

Күзер жолда тұрған жоқ оңай болып,

Көлгірсумен жүргені адамдардың.

 

Кесір келін шектесе бала санын,

Киесі бар, бұлыңғыр, болашағым.

Ырылдасып жүргенде ғұмыр қалды

Жұқа жауған қарындай қарашаның.

 

Кесапаттық қанда жоқ қайдан келген,

Өзгермейді, қауқар аз заң дегеннен?

Зауал төнді тіліме, мәңгүрттендім,

Зар күйдемін, жапалы, сайрағанмен!

 

Алмаспайды дүние түңілгеннен,

Жабы – түйе – жан едік мұңын білген.

Ез жандар бар сатқындық еншісі боп,

Аш қасқырдай жазықта ұлып жүрген.

 

Кездерімде зар жұтқан күрсініп тым,

Жалауым боп қиялым тұр үміттің.

Көштен қалып, жандар жүр көсеу мінген,

Толқынында тулаған тіршіліктің.

 

Құрықталды жарбағың епті деген,

Жансебілмін, талай сын өтті менен.

Кебіні жоқ, көрі жоқ пенделерің,

Кеудесіне нан пісіп, көк тіреген?

 

Жағалы жау – кесірді жымдай қылар,

Иман қажет зиятты жебеп тұрар!

Тура жолға салатын надандарды,

Ысқаурыны бабамның керек шығар?!

 

Киіз үйін көненің сағынамын,

Зүрияты шырқайды жалын әнін.

Сыр талынан жасалған асыл өнер –

Сая болар киелі шаңырағым!

 

Зар заманнан құлазып құр жатпады,

Інжуандай шағыл құм сыр сақтады.

 

Түйін түйген ағаштан бабаларды,

Төбесіне көтерер ұрпақтары!

 

ЖАРАСАДЫ ДҮР ТАСЫНДАЙ ҚОС АСЫЛ

Анадолы ұрпағына киелі,

Жатыр мұнда Қорқыт баба сүйегі.

Көк төбесі сөгіліп, моншақтары,

Толған айдай Сырдың жүзін сүйеді.

 

Алтын арай, шапақ шашып сезімге,

Сыр ақтарған ділгір болған кезімде.

Бал орнына уды ішкен шағымда,

Жанын ұрып, Арал тұрған көзімде.

 

Жымияды, күлімсіреп жардан ай,

Куә болған ақтарғанда сыр талай.

Ақ күмістей секіреді шабақтар,

Шағыл күнде, дүррі жауһар сырғадай!

 

Желтоқсанда қалтыратты мұң ызғар,

Тасқа тұяқ соғып алып ұл-қыздар!

Ойға шомсам жағасында дария,

Сәулесімен қайрат берер жұлдыздар!

 

Зымырандар жатса-дағы сан құлап,

Қайсарланып, құлпырады бал құрақ.

Жүн болғанда, жаға-жатық кіреуке,

Байлық асты, жібі жетіп, қонды бақ!

 

Қоңыр төбе, түйе өркеш, байлап сыр,

Аттан салған ғарышқа да аймақ бұл.

Ыстық қоныс, қылауына қыл түспей,

Шырпылмастан шыбығы да жайнап тұр!

 

Күлгірт сағым жоталардың бастары,

Тектес менің ғұмырымның жас шағы.

Сүйегімді балқытып, бой ұйытқан,

Қызылқұмның найзағайлы аспаны!

 

Тянь-Шянь тауы ақ қанжарға сап дәнден,

Алмас жүзі лүпілдейді көргеннен.

Дүр тасындай жарасады қос асыл,

Әму мен Сыр Аралыма сән берген!

Қуат берген, әнін берген, жан берген!!!

 

 

 

 

 

Ертай Айғалиұлы
16.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 138
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 57
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 174
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 53
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 171
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 46
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 138
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 282
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 284
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 500
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 458

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9155
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8554
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11781
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9549
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10762