Ауылдағы кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» жобасымен 2 пайыздық несие беріп жүргенін, оның тиімділігі туралы жиі жазып жүрміз. Бұл жобаның жүзеге аса бастағанына үш-төрт жылдай болып қалды. Бірінші жылы барлық облыстардағы осы несиені алған кәсіпкерлер ризашылығын білдіріп, шаруаларын жөндеп, қомдап, шала байып қалды. «Бұл несиені келесі жылы да аламыз», – деп қанаттанған оларға кедергі тасқын су болып, мемлекет қаржысының дені соған жұмсалды. Алғашқы жылдағыдай емес, осы жылы несие алғандар саусақпен санарлықтай еді. Әлбетте, бұл несиенің де кемшін тұстары болғанмен, ауылшаруашылығына біраз екпін әкелді.
Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі тағы да бір жап-жаңа несиенің шетін шығарды. Бұл несиенің пайызы сәл-пәл жоғарылау екен. Жылдығы 6 пайыз. Аз ба, көп пе? Мықтылардың пайымдауынша, несие қой мен сиырға арналған. Жоба биылдан басталады, 2030-ға дейін созылады. Аты – «Жайлау». Мал шаруашылығын өркендетудің кешенді жоспарын жүзеге асыру аясында іске қосылмақ. Оның тағы да бір кесімді қоятын талабы бар. Несие кемінде 300 бас сиыр, 3000 бас қойы бар шаруашылықтарға беріледі.
Бұл қандай несие екенін сұрағанымызда, несиеге берілген қаржы базалар мен қашарлар салуға, жылжымалы тұрғын вагондарды сатып алуға, күн панелдерімен қамтамасыз етуге, жайылымдарды суландыру мен қоршауға, ғаламторды қосуға, жұмысшыларға арналған тұрғын үйлерді салуға жұмсалмақ. Идея тамаша. Несиенің қоры да жаман емес. 5 жылға 250 млрд теңге қарастырылған.
Министр Айдарбек Сапаров осы арқылы ауылшаруашылығын кешенді түрде жүргізіп, оны бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтермек. Бірақ осы көп сома айтылғанда, санамызды қамшылаған нәрсе – жемқорлық деген қызыл көз пәле бұл ет бағытындағы жобаны да тас-талқан етпей ме деген ой. Себебі, өздеріңіз білесіздер, соңғы 35 жылда ауылшаруашылығы саласына миллиардтаған қаржы бөлініп, асағанның аузында, тістегеннің көмейіне кеткен жоқ па? Иә, иә, субсидия, несие беретін небір жобалар жасалды, ал нәтижесі – нөл. Бір жағынан экономистер 6 пайыздық несие фермерлерге тиімсіз деп отыр. Бұрында 3, 8, 5 пайызбен берген банктер болған екен. Шаруалар осы пайыздардың өзін көпсініп отыр. Себебі, егіні өспей қалса немесе мал өнімі аяқ астынан арзандап кетсе, олар тақырға отырып қалады. Фермерлердің банктерге берешегі қазір 600 млрд-тан асып жығылады.
Шетелдердің ауылшаруашылығын өркендетуге деген тәжірибелерінен үйрену бізге артық етпейтін тәрізді. Әзірге мамандар да, шаруалар да бұл жобаға күдікпен қарайды. Күдік бар жерде үміт те аз. Ал үмітті жандандыруға Ауыл шаруашылығы министрлігінің күші жете ме, жетпей ме? Ол белгісіз нәрсе.
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ













