Жаңа айдар: Ислам өркениеті
Соңғы кездері асыл дінімізге тіл тигізушілер, ғайбаттаушылар көбейді. Соның бір парасы «Ислам діні бар жерде өркениет дамымайды, бұл қараңғылыққа бастайды» деген қарама-қайшы пікірлер. Ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдағанда ең алдымен оның адам баласына беретін рухани қазынасына, сондай-ақ осы тұрғыда салт-дәстүрлеріміздің, имани дүниеміздің сабақтас екеніне назар аударғанын дінтанушылар кеңінен жазып жүр. Ал өркениетке келсек, басқа-басқа, алдымен тарихқа үңіліңіз. Қаншама ғұламалар, ғалымдар шыққанына, олардың талай ғылыми тамаша жаңалықтар ашқанына қалай көз жұма қараймыз? Өткен және бүгінгі нөмірден бастап осы ғұламалар, ғалымдар жайлы циклды материалдар бере бастаймыз. Бұл танымдық мақалаларды оқыған, қарама-қайшы ойдағы адасқандар көп нәрсеге, ақиқатқа көз жеткізеді деп ойлаймыз.
Тарихқа көз жүгіртсек, 711-714 жылдары Пиреней түбегіндегі Вестгот карольдігіне арабтар өз үстемдігін орнатты. Бұл жердегі арабтарды маврлар деп атады. Себебі, олар Солтүстік Африкадағы Мавритания аймағынан келген болатын. Әмәуилер әмірлігінің астанасы Кордова қаласы Еуропаның аса ірі қолөнер, сауда және мәдени орталықтарының біріне айналып, қалалар дами бастады. Медицина, математика, география ғылымдары дамыды. Арабтар Андалусияда (оңтүстік Испания) көркемөнер мен әдебиетті жандандырған кезде Батыс Еуропа мәдениеті әлі өте төмен деңгейде болатын. Кордовада таңғажайып мұсылмандар мешіті, алгебра сарайы, университеттер бой көтерді. Алты жүз мың кітабы бар кітапханасы болды.
Өркениет пен ғылымның гүлденген орталығы болған шаһарда сол дәуірдің ең ұлы тұлғаларының бірі, хирургияның атасы атанған мұсылман дәрігері өмір сүрді. Ол жаңа операциялық әдістер мен 200-ге жуық хирургиялық құралдар ойлап тауып, медицинаға төңкеріс әкелді. Оның қолданған әдістері әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ…
Әбу әл-Қасым әл-Захрауи – хирургияның атасы
Әбу әл-Қасым әл-Захрауи Кордова қаласы маңындағы Әл-Захра елді мекенінде 936 жылы дүниеге келген. Сол себепті есіміне «әл-Захрауи» деген ат қосылған. 1013 жылы дүниеге салған. Әмәуилер халифатының гүлденген кезеңінде ұзақ жылдар бойы халиф Хакам II мен оның мұрагері әл-Мансурдың сарайында қызмет етті. Ол өмірінің елу жылдан астам уақытын дәрігерлікке және хирургияға арнады. Батыста ол «Abulcasis» деген атпен белгілі және оны «заманауи хирургияның атасы» деп атайды.
Бір таңғаларлығы әл-Захрауи алдына шипа іздеп келген адамдардың әлеуметтік жағдайына қарамастан барлығын қабылдаған, яғни бай-кедей демей, қолынан келгенше әр науқастың ем-домын жасаған екен. Күн сайын көптеген адамдарды қабылдап, олардың ауру тарихын жазып отырды. Осы жазбалар негізінде ол өзінің ұлы еңбегі – «Китаб ат-Тасриф» жинағын құрастырды.

Бес ғасырға азық болған ғылыми еңбек
Оның ең басты еңбегі – «Ат-Тасриф ли-ман ажиза ан-таалиф» атты 30 томдық медицина мен хирургия саласын қамтыған энциклопедия. Бұл еңбек 1000 жылы шамасында жазылып, кейін Еуропада латын тіліне «Liber Servitoris» және «Chirurgia Albucasis» деген бірнеше атпен аударылып, 5 ғасыр бойы хирургияның басты оқу құралы ретінде қолданылған. Ол екі үлкен бөлімнен, әрқайсысы он бес тараудан тұрады. Бұл кітапта алғаш рет хирургиялық құралдардың суреттері мен қолдану тәсілдері көрсетілген. Француз хирургі Ги де Шолиак, итальян ғалымы Парацельс және ағылшын дәрігері Уильям Гарвей оның әдістерін өз еңбектерінде қолданған. Кейінірек «Хирургия» бөлімі жеке кітап болып жарық көрді. Бұл еңбек Батыс Еуропада хирургияның дамуына зор әсер етіп, орта ғасырдың ең құнды еңбектерінің бірі саналды. XII ғасырда бұл еңбекті Жерар де Кремона латын тіліне аударған.
Трактат үш бөлімнен тұрады:
Бірінші кітап – күйдіру (прижигание) әдісіне арналған. Бұл тәсіл үнді медицинасының ықпалымен кең қолданылған.
Екінші кітап – жалпы хирургияға арналған (Павел Эгинскийдің еңбектеріне сүйенеді).
Үшінші кітап – сүйек жарақаттары мен сынықтарын емдеуге арналған.
Орта ғасырда адам денесін жарып көруге (вскрытие) тыйым салынғандықтан, анатомия мен хирургияның дамуы баяу болды. Бұл кезде медицина саласында жазылған еңбектердің ішінде хирургияға арналғандары өте аз еді. Ол анатомияны терең үйренудің маңызын ерекше атап өткен. Оның айтуынша, хирургтың қолын бағыттайтын – тек анатомиялық білім. Анатомияны білмейтін дәрігердің жасаған операциясы көбіне ауыр зардаптарға әкелгенін мысалдармен келтіреді. Ол сондай-ақ, жас хирургты науқастың жағдайын мұқият бағалап, тек көп тәжірибе жинағанда ота жасауға, пайда үшін емес, шын қажеттілік үшін ем жүргізуге шақырған. Хирургиялық тәжірибені үнемі жетілдіріп отыруды да ескерткен. Кейбір операцияларды тек жоғары білікті мамандар орындауы тиіс екенін айтқан.
Мысалы, бауырдағы іріңді күйдіру арқылы дренаж жасау әдісін ол тек «медицинада мол тәжірибесі бар дәрігер ғана қолдануы тиіс» деп жазған.
Ол операция алдында ісіктің орнын сиямен белгілеген, бұл тәсіл қазіргі хирургияда да қолданылады. Сонымен қатар, операция алдында қауіп-қатерді бағалау, пациенттің жағдайын ескеру сынды қағидаларды ұсынған.
Әр том белгілі бір медициналық бағытқа арналған және барлығы өзара байланысты.
Бірінші бөлімдерде ғалым ауруды дұрыс анықтау тәсілдерін сипаттайды. Ол:
«Нағыз дәрігер науқастың сөзіне емес, өз бақылауына сүйенуі тиіс», – деп жазды.
Бұл тәсіл қазіргі заманғы медицинада да қолданылып келеді. Ол алғаш болып гемофилияны, гидатид кистасын, көз жасы безінің жыланкөзін, құлақ полиптерін және туа біткен гидроцефалияны (бас миындағы сұйықтықтың жиналуы) сипаттап жазған.
Өкінішке қарай, оның кейбір жаңалықтары кейін еуропалық дәрігерлерге телініп, басқа атпен белгілі болды – мысалы, «Вальхер қалпы» (Положение Вальхера) мен «Кохер әдісі»( Метод Кохера) шын мәнінде әл-Захрауиге тиесілі еді.
Әл-Захрауидің жаңалықтары мен ойлап тапқан құралдары заманауи хирургияның негізін қалады. Егер оның еңбектері болмағанда, бүгінгі операциялар әлдеқайда ауыр және қауіпті болар еді.
Ол енгізген ауру тарихын жазу және диагнозды тіркеу жүйесі де қазіргі медицинада кеңінен қолданылады.

Хирургиялық жаңалықтары
Энциклопедияның 30-томы хирургия саласына арналған. Онда әл-Захрауи операцияларды жүргізу әдістерін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Ол хирург, міндетті түрде, анатомияны жетік білуі, жалпы медицинамен таныс болуы, философиялық еңбектерді де оқуы керек екенін айтты.
Әл-Захрауи алғаш рет медицина мен хирургияда көптеген жаңалықтар енгізді:
⁕ Ішкі қан кетуді тоқтатуға арналған арнайы қысқыштарды қолданды;
⁕ Тігіс салуда жібек жіптің орнына малдың ішегінен жасалған табиғи жіпті пайдаланды. (қазіргі «катгут»). Бұл материал ағзада өздігінен еріп кететін болғандықтан, қайта ота жасау қажет болмайтын;
⁕ босандыру кезінде қысқыштарды қолданған алғашқы хирург, бадамша безін алу (тонзиллэктомия) операциясын сипаттаған, жергілікті және ішетін анестезияны қолданған.
⁕ тіс жұлу, сүйек сындыру операциялар үшін арнайы құралдар ойлап тапты. Сонымен қатар буын шығуы, күйікті, бас ауруларын емдеу, сүт безі ісігіне (мастэктомия) көп зерттеу жүргізген. Ол кей операцияларды орындаудан адам өміріне қауіп төнсе, бас тартқан. «Дәрігердің ең басты міндеті – өмірді ұзарту және азапты азайту», – деп есептеген.
⁕ кесар тілігі, ішкі мүшелерге ота жасау, пластикалық хирургия элементтерін қолданған алғашқы дәрігерлердің бірі болған.
Хирургиялық құралдарды (шамамен 200-ден астам түрін) суреттеп, қолдану әдістерін жазған. Ғалым офтальмология, тіс емдеу және жалпы хирургия салаларына ерекше үлесін қосты. Әлемдегі хирургиялық құралдардың бірқатары оның үлгісімен жасалған.
Әбу әл-Қасым әл-Захрауи – тек өз дәуірінің ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы ең ұлы дәрігерлердің бірі. Ол хирургияны дербес ғылым саласы ретінде қалыптастырған алғашқы ғалым, медицинаға ғылыми әдіс, жүйелілік, тәжірибеге негізделген зерттеу және пациентке жанашырлықпен қарау ұғымдарын енгізді.
Сондықтан оны бүгінде әділ түрде «заманауи хирургияның атасы» деп атайды.
Әл-Захрауидің жұмысы ислам ғылымының «Алтын дәуіріндегі» медицина мен хирургияны жаңа деңгейге көтерді. Ол медицинаға «Дәрігердің жүрегі мейірімге, ал қолы дәлдікке толы болуы тиіс», – деп даналық сөз қалдырған.
Оның еңбектері ғасырлар бойы Еуропа мен Шығыс елдерінде медициналық оқулық ретінде қолданылып, қазіргі заман хирургиясының негізін қалады. Бүгінгі таңда да оның жаңалықтары өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Дайындаған – Салтанат БАКЕЕВА















