Азаматтық қоғамды дамыту - адам құқы мен демократия көрсеткіші

Азаматтық қоғамды дамыту - адам құқы мен демократия көрсеткіші

Азаматтық қоғам туралы көп айтқанымызбен, оның нақты шарттарына келгенде кібіртіктей беретініміз рас. Себебі азаматтық қоғам- үлкен мәдениет бастауы. Елімізде азаматтық қоғам құру кезең-кезеңмен жүзеге асып келе жатқаны қуантады. 

Соңғы бес жыл ішінде Азаматтық форумның қорытындылары бойынша әзірленген ұсынымдарға сүйене отырып, Қазақстанда стратегиялық маңызы зор бірқатар құжаттар қабылданды. Олардың қатарында «Азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы», «Қоғамдық бақылау туралы» заң, сондай-ақ онлайн-петициялар институтын енгізу жөніндегі заңнамалық түзетулер және өзге де маңызды бастамалар бар.

Сонымен бірге, қоғамдық кеңестердің қызметін реттеу, бейбіт жиналыстар өткізу, қайырымдылық пен волонтерлік қызметті дамыту, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыруды жетілдіру бағыттарында елеулі өзгерістер енгізілді.

Көптеген Батыс ғалымдарының, зерттеушілерінің (екеуі екі ұғым) еңбектерін қарасаңыз, мейлі ортағасырлық болсын, мейлі былтыр жазылсын, олар кез келген мемлекетте азаматтық қоғамның дамуын алғышарт ретінде қарастырады. Оны адам құқығы, демократиямен тікелей байланыстырады. 

Азаматтық қоғам деген не? Сол Англиядағы саяси арпалыс арасынан шыққан Томас Гоббс бұл қоғамды «барлық мүшелері ең жоғары адами қасиеттерге ие болатын жеке тұлғалардың ұжымы» дейді. Мұндай қоғам аяқасты пайда болмайды, оның қалыптасуы ұзақ. Жарқын мысалдар ретінде әдетте Батыс мемлекеттерін келтіреді. АҚШ-тың қазіргі хәліне жетуіне 240 жылдай қажет болды, Франция 5 республиканы басынан кешірді (жақында 6-шысы орнап қалуы мүмкін деп жатыр). Алайда азаматтар мұндай қоғамға неге ұмтылады?

Себебі бұл қауымдастықта әр адамның саяси мүддесі, иелігіндегі заты заңмен қорғалған, көлденең көк атты аяққа таптамайды. Сол заңды шығарушыны өзі сайлайды. Ал заң жазатындар үкіметті бақылайды. Оған қоса, бұл қауымда бай мен кедей арасы алшақ емес, әлеуметтік әділдік қадағаланады. Бірақ масылдыққа да жол жоқ, әр адамның мойында жауапкершілік мол. Еңбек етеді. Еңбегінен түскен табыстан салық төлейді, салығының қайда жұмсалғанын жіті қадағалайды. Яғни, теңдік пен әділдік мінсіз орнамаса да, соған жақындайды. Бұл, өз кезегінде мемлекет экономикасының дамуына жол ашады. Өйткені бизнес тұрақтылық, қауіпсіздік және сенім болған жерде дамиды. Сөз басында айтылған ғалымдардың азаматтық қоғамды насихаттайтын себебі осы. 

Былтыр Республика күні қарсаңында Астанада «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекеттің серіктестігі» ұранымен өткен Қазақстанның XII Азаматтық форумы аясында пленарлық отырыс өтті. Жиын жұмысына 700-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес қауымдастығы, сондай-ақ отандық және халықаралық сарапшылар бар. Сондай-ақ, форумға 38 шетелдік қонақ, оның ішінде 19 елшіліктің өкілдері, 10 халықаралық ұйым және алты елден келген делегаттар қатысты.

Пленарлық отырыс Мемлекет басшысының құттықтау сөзімен ашылды. Президенттің сөзін ҚР Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді.

«Қазір Қазақстанда 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Оларды мемлекеттің сенімді серіктесі деуге толық негіз бар. Шын мәнінде, сіздер еліміздің береке-бірлігін нығайтуға, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыруға белсене атсалысып жүрсіздер. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді. Бес жылда арнайы әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржы екі есеге жуық өсті. Бұл қаражат игі бастамаларды жүзеге асыруға, мұқтаж жандар мен жастарды қолдауға жұмсалып жатыр. Ортақ мүдде жолындағы осындай өзара тиімді ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасын табады.Бүгінгі басқосуда айтылатын салмақты ой-пікірлер мен ұтымды ұсыныстар азаматтық қоғамды дамытуға тың серпін береді деп сенемін», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Іс-шара барысында үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тұрақты даму мен экологиядан бастап, цифрландыру, инклюзия және жастар бастамаларын қолдау сияқты негізгі бағыттар бойынша өздерінің сараптамалық баяндамалары мен ұсыныстарын ортаға салды. Форумға қатысушылар мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы тиімді серіктестік – Әділетті әрі тұрақты Қазақстанды қалыптастырудың берік іргетасы екенін атап өтті.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форум делегаттарына арнаған сөзінде мазмұнды баяндама жасаған барлық қонақтар мен спикерлерге алғысын білдірді. Ол бүгін айтылған идеялар мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты іске асып, қоғамда өзара сенімді, әлеуметтік жауапкершілік пен ашық диалог мәдениетін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Президент өз Жолдауында атап өткен Парламент реформасы – елдің саяси жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі. Реформа заң шығару мәдениетін жетілдіріп, мемлекеттік шешім қабылдау үдерісін ашық әрі әділ етуге жол ашады. Осы ретте барша азаматтық қоғам өкілдерін бұл бастаманы терең талқылап, оның мәнін қоғамға түсіндіруге белсене атсалысуға шақырамыз», – деді министр.

Нағашыбай Қабылбек

 

15.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24694
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24359
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41801
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37678
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42095