«ЕКІ ҒҰМЫР» ПРЕМЬЕРАСЫ НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?

«ЕКІ ҒҰМЫР» ПРЕМЬЕРАСЫ НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?

28 қараша күні Астана төріндегі Музыкалық жас көрермен театры «Екі ғұмыр» қойылымының премьерасын ұсынды. «Qazaqstan dauiri» газетінің тілшілері арнайы барып көріп қайттық. Алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Жас актерлардың образға енуі, сөйлеу дикциялары, көрерменді баурап алуға деген құлшыныстары көңілімізді көншітті. Риза болдық. Жиналған көрермендер де дуылдата қол соқты. Ризашылықтың белгісі. Премьера аяқталған соң актерларды сөзге тарттық. Пікір алмастық. Көкейдегі сауалдарға жауап алдық.

Айта кетейік, Музыкалық жас көрермен театры ұсынған «Екі ғұмыр» – бүгінгі қоғамда жиі кездесетін әлеуметтік мәселелерді, отбасының ішкі драмасын және адамгершілік таңдауларын суреттейтін терең мазмұнды драма. Қойылымның авторы – Қолғанат Мұрат деген азамат.

Қойылымда ел алдында сыйлы тұлға Жұмағұл Садуақасовичтің отбасындағы күрделі жағдай суреттеледі. Сол арқылы қоғамдағы өзекті проблемалар ашылады.

Сырт көзге үлгілі көрінетін отбасының шынайы өмірінде ауыр қасірет пен рухани күйзеліс жатқаны алғашқы сәтте-ақ байқалады. Қызының тағдыры мен ұлы Ермектің шындықты іздеу жолы көрерменді адамдық ұстаным, жауапкершілік және рухани құндылықтар туралы ойлануға жетелейді.

Астана қаласы Мәдениет басқармасы 2024-2025 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту аясында жұмыс істеуде. Аталмыш премьера осы орайда жас ұрпақ арасында есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталғаны көрініп тұр.

 

Амандық Айдос Абайұлы, актер:

ҚОЙЫЛЫМДА АСТАРЛЫ ОЙЛАР КӨП

– Театрға жастар көп келе ме? Бүгінгі премьераны көру үшін келген жастар залда лық тола. Үнемі осылай ма? Кәдімгідей қуанып қалдық.

– Өзім де жас болғандықтан айта кетейін, спектакльдерге жастар көп келуде. Бұл –  қуанарлық жағдай. Негізінен, музыкалық жастар театрына, қандай да болмасын спектакльге, қай уақытта да қойылса да, аншлаг болып өтеді. Яғни, ешкімді күштеп, мәжбүрлеп әкелмейді, әр адам өз жүрек қалауымен, өзінің таңдауымен келеді деп ойлаймын!

– Бүгінгі қойылымда сен шетелде журналистік мамандықты оқып келген бай баласы болып ойнадың. Әділдік іздеп біраз шарқ ұрдың. Қарындасың наркоман болып қайтыс болды. Бірақ әділдікті іздеп таба алмадың. Осы жағы психологиялық тұрғыда ауыр болмады ма?

– Мен өз образымды барынша ашуға тырыстым. Ауыр, әрине! Мен қайтыс болған қыздың ағасы ретінде жан ұшырдым. Қиналдым! Шаршадым! Спектакльде де бір сөз бар: «Бұл жүйені бұзу оңай емес, күресу керек! Табандылық керек!» деген. Қойылымның аяғында да сондай режиссерлік бір ой тасталады. Оны кім қалай түсінеді. Мәселе сонда!

Мысалы, жағымсыз кейіпкер Жорабек адамдарды айналдырып әкетеді. Жүрген жері думан. Байқағанға көзінде үрей бар... Бұдан зұлымдық құрған тор ешқашан құрбандықтан босамайды, әлі де жалғасын табады деген емеуірін байқалады. Біз бұл қойылым арқылы көпшілікке бірдей жағамыз деген ойдан аулақпыз, бірақ көріп отырған көрерменнің көңіліне, санасына түрткі болатындай мәселені көтердік деп ойлаймын.

Бұл қойылымда тек қана нашақорлық тақырыбы емес, ата-ананың балаға деген көңіл ауаны, балаларының жүріс-тұрысына көңіл аударуы мәселесі де қозғалған деп пайымдаймын. Себебі қойылымда жасырын түрде, астарлы түрде көп дүние айтылуда. Мысалы, маған (Ермекке), қарындасым Гүлімнің былай деп айтатын сөзі бар: «Әкем тек сені ғана оқытты, саған ғана көңіл бөлді. Менің тәрбиеме немқұрайлы қарады. Қыз тәрбиесін таса да қалдырды» деп жан сырын ақтарады. Ашынады. Бұдан көрермен ой түюі керек. Бұл – әр отбасыда бар проблема.

Қарындасым Гүлім әке мейірімінен қалыс қалғанын, сезінбегенін бір ауыз сөзге сыйғызады. Сол арқылы ойлы адамға ескерту жасайды. Қамығады. Бұл – Гүлімнің балалық травмасы! Күйініші! Өкпесі! Назасы!

Гүлім сол травмамен бойжетті. Өзіне қажетті көзқарасты, әкелік жылуды сезінбеуі, ақырында Гүлімді Наркомафияның қуыршағына айналдырды. Арты өкінішпен бітті.

Гүлім адасты. Онымен анасы да сырласпады. Әкесі дүние – боқтың құлы болды. Өзіне ата-ананың көзқарасын аударту үшін, қаңғырып жүріп жаман жолға түскенін сезбей қалды. Бұдан асқан қасірет бар ма?

Бұл спектакль тек қана жасөспірімдерге емес, ересек адамдарға да, ұл мен қыз өсіріп отырған әке-шешелерге де сабақ алатын қойылым! Тәрбиелік мәні өте зор дүние!

 

Әділғазы Бақытұлы Кереев, Ақпарат және қоғаммен байланыс  бөлім басшысы:

ТЕАТР – ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРМЕН ҚУАТТЫ

– Соңғы уақытта қойылып жатқан қойылымдар туралы айтсаңыз. Әңгімені содан бастасақ.

– Біздің театр жастар театры ғой. Сондықтан көп жағдайда жастарға қатысты, қоғамдағы жастарды толғандыратын нәрселер туралы сахналық көріністер көрсетеміз. Онымен ғана тоқталып қалмаймыз әрине, ел назарын аудартатын сүбелі туындыларға да ат шалдырамыз.

70-80 жылдары адамдар алкогольге, арақ-шарапқа жақын болса, қазіргі таңда наркомания, анаша тәрізді дүниелерге әуес жастар көбейіп барады. Қасіретке бастайтын сондай лас нәрселерден жастарды алшақтату үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Адамды есінен айыратын есірткі, тағы басқа да улы заттарға кіретін есік бар да, шығатын есік жоқ, өкінішке қарай. Сосын ата-аналар тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлеміз. Кейде театрға студент жастарды, оқушыларды шақырамыз, көкейлеріне, бойларына ізгіліктің нұры түсе берсін деп. Қойылымдардан үнемі қалмауға тырысатын жастарды көріп қуанамыз. Салауатты өмір салты деп жатамыз ғой, соны жастар театрдан табады. Жақсыны көріп сүйініп, жаманды көріп түңіліп қайтады.

– Соңғы уақытта көрсетілген қандай спектакльдерді ерекше атар едіңіз?

– Бұл – театрдағы 31-қойылым. Жоғарыда айтқанымдай, бұған дейін театрда Шәкәрім атамыз жайлы қойылым көрсетілді. СОС деген спектакль қойылды. «Қоштасқым келмейді», «Гаухартас» секілді көпке танымал пьесалар да көрерменге ұсынылды. Айта кетер нәрсе, Шәкәрім сүйекті, ірі туынды болды. Көптеген актерлар ойнады. Бұл қойылым Шәкәрім атамыздың дүниеге келген күнінен бастап, өмірден өткен уақытын қамтиды. Төрт сағаттан асады көрсетілім. Біздің театрдың биылғы үлкен жеңісі – Шәкәрім деп толық айтуға негіз бар.

– Жастар театрына жастарды жұмысқа қабылдау қалай жүреді?

– Біздерде әр кезде комиссия құрылады. Қазылар алқасы бар. Және әкімдіктен, шығармашылық топтардан адамдар келеді. Солар бос орындарға талантты жас актерларды таңдайды. Өнерлерін қарайды. Дарындарын бағалайды. Біз музыкалық театр болғандықтан, вокалға қатты көңіл бөледі. Ән айта білуі де басты міндет. Тағы басқа да талаптар бар. Сөйтіп, ақылдастар шешім шығарып, жас актерларды жұмысқа қабылдайды. Яғни, талант тас жарады. Өз еңбегімен, бойындағы Алла берген дарынымен өрістейді.

 

Иманғали Ақеділ Бақбергенұлы, актер:

АКТЕР БОЛУ БАЛА КЕЗДЕН АРМАНЫМ ЕДІ...

– Сіз бүгін үлкен бастық Жұмағұл Садуақасовичтің рөлін сомдадыңыз. Ол бай! Ол күшті! Ол адуынды! Образды ашуда қиындық сезіндіңіз бе?

– Актер үшін кез келген рөл маңызды. Образға енуің міндет. Алайда бұл жолы өзіндік қиындығы болды. Жасырмаймын. Менің баламды (ұлымды) ойнап жүрген актердан екі-үш жас қана үлкенмін. Сол кішкене «кедергі» туғызды. Қанша дегенмен қатарлас адам ғой. Шамам келгенше образға кіріп, көз алдыма баланы елестетіп, тығырықтан өзімді алып шыққандай болдым. Негізі, шын актерға бұл алынбас қамал емес. Одан да қиын сәттер кездеседі. Сондықтан бәріне дайын болуымыз керек.

– Жалпы өзіңіз ұнататын, оң жамбасыңызға келетін рөлдер қандай? Әлде бәріне дайынсыз ба?

– Балуан үшін оңы мен солы бірдей дейді ғой. Актер үшін де солай! Қандай рөл тиеді, ойнап шығуға тиіссің! Ең бастысы қай рөлді сомдасаң да жеріне жеткізе білуің керек.

Бүгінгі рөліңізге қарап отырсам, мінезіңізге келетін секілді. Салмақты, тәкаппар байдың рөлін жақсы алып шықтыңыз.

Рақмет. Мен өмірде мүлде басқашамын. Көңілді жүргенді ұнатамын. Байдың образына кіруім керек болды. Сондықтан қаталырақ болып, қабағымды түйіп, жұртқа менсінбей қарауға тырыстым.

– Өміріңізде театрда өзіңіз ойнаған жағдаймен бір мәрте болса да кездесіп көрдіңіз бе?

– Құдай сақтасын, еш уақытта бетпе-бет кездесіп көрмеппін. Бірақ, біз көтерген теманы, тақырыпты пайдаланған адамдарды көрдім. Қасымнан да өтті. Бірге де жүрдік. Тіпті ондай екенін білмеппін де! Өзіңіз білесіз, театрда басты рөлде кімнің ойнап жатқанын білесіз, алайда өмірде бәрі беймәлім. Бәрі жұмбақ. Айырмашылық осы ғана.

Нағашыбай Қабылбек
04.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21149
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20930
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36105
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34559
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38478