Қазір өмірде түрлі қиыншылықтарға ұшырап, қағажу көрген жандар қатары көбейіп тұр. Ол тұрмыстағы зорлық-зомбылық, отбасылық кикілжіңдер, ауру-сырқау, күйзелістер, т. б. әртүрлі жағдайлар суицид жасауға итермелеуі мүмкін. Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау (суицид) бүгінгі күнгі күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Статистикалық мәліметтердің дерегіне сүйенетін болсақ, әлемде жылына 1 млн адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Суицид дегеніміз — бұл саналы түрде өмір сүруді тоқтату, яғни осы тұрғыдан қарағанда өзіне-өзі қол жұмсау адамның саналы мінез-құлық актісі.
Қазақстандық жастардың арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың ең көп тараған себептері:
жалғыздық, қажетсіздік сезімі;
психикалық күйзеліс, депрессия;
қаржылық проблемалар;
ата-анамен екі арадағы жанжалдар.
Суицидке көбіне баратындар:
қыздар балалар;
дінге сенбеушілер;
жұмыс істемейтін қала тұрғындары;
жоғары білімі жоқтар;
Жасөспірімдердің өмір сүруге деген ынтасын жоятын біраз себептер бар. Олар қоғамнан көретін қысым, отбасылық кикілжің, күнделікті ата-анадан таяқ жеу, қоғамнан көретін қысым секілді жағдайлар. Нәтижесінде бала өз өміріне балта шабу, өз-өзіне қол салу аталған қиындықтардан құтылудың ең бір оңай жолы деп санайды.
Суицидке апаратын басқа бірнеше негізгі себептер: Тұқым қуалау, оқыс әрекет, тылсым күш, нашақорлық, жауапсыз махаббат, т. б.
Суицид белгілеріне: үнемі мазасыздану, ашуланшақтық, көмектен бас тарту, тұйықталу, еш нәрсеге қызықпаушылық, жаман түстерді жиі көріп бастығырылу, ұйқысыздыққа қарсы дәрілер қолдану жатады екен.
Суицид індетінің терең салдары - бұл тек қана бір адамның жарық дүниемен қоштасуы емес, қоғам үшін де орны толмас әлеуметтік- экономикалық зардап. Балалар мен жасөспірімдердің суициді олардың отбасыларының мүшелеріне өз әсерін тигізеді. Олар қайтыс болған адамға өзін кінәлап, «субъективті» шешім жасайды. Ақыры психологиялық ауруға душар болып, күйзеліс, депрессияға ұшырап, тіпті кейде өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Осылайша жасөспірімдік суицид ересек адамдардың да өз-өзіне қол жұмсауына себепші болуы мүмкін. Иә, ресми деректер бойынша елімізде жылда 200-ге жуық жасөспірім суицидке барады екен.
Суицидтің үш түрі болады:
шынайы суицид (бұнда ауырғандар шынымен өлгісі келіп, көңілсіз жүреді);
жариялық суицид (бұған барғандардың көбісі өлгісі келетінін алдын ала жариялайды);
жасырын суицид (бұл түріне шалдыққандар өзіне-өзі қол жұмсау жақсы нәрсе екенін біліп тұрып өлімге өзін қияды).
Негізінде отбасында ашық та еркін қарым-қатынас болу керек. Біраз балалар мен жасөспірімдер ата-аналарынан сескеніп, кез келген тақырыпта ашық пікірін білдіре алмайды. Жастайынан ата-анасы шектеу жасап немесе салқын қабақ көрсетуі. Сондықтан әрбір ата-ана баласының кішкене кезінен бастап, ойын тыңдап, пікірімен санасуы қажет. Күйбең тіршілік ешқашан да бітпейді, ал баланың тағдыры одан да қымбат. Оларға әркез көңіл бөлуді ұмытпағанымыз дұрыс.
Суицидтің алдын алу шаралары:
суицидтік белгілерді ерте анықтауды;
қол салуға итермелейтін ойлар мен сезімдерді ерте тануды;
баланың проблемасына ерте араласуды не маман көмегіне қалай жүгінуді;
қол салуға итермелейтін ойлар мен сезімдерді ерте тануды;
ықтимал суицидтің ерте алдын алып, көмек көрсетуге үйретеді.
Ата-ана, мұғалім, мектеп қызметкерлері болсын баланың сөзі мен көңіл-күйіндегі өзгерістерді уақытында байқап, сол жағдайға көңіл аударуы керек. Баламен әркез тығыз қарым-қатынаста болып, ата-ана мен психологтар жұмыс жүргізуі қажет. Педагог мамандары да баланың бойында өзгерістер пайда болған кезде не істеу керек екенін білмей, сасып қалатын жағдайлар болады. Сол үшін де мектеп қызметкерлерімен де түсіндіру жұмыстарын жүргізу аса маңызды екенін психолог мамандар ескертеді.
Біз өмір сүріп отырған қоғамдағы ең қымбат қазына ол - балаларымыз. Ал олардың өмірін сақтап, қорғау мемелекетіміздің әлеуметтік саясаты бағыттарының бірі болып табылады. Міне осыған орай суицид мәселесін қоғамда, әсіресе жеткіншектер арасында болдырмауға барынша күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Тек кәсіби мамандар ғана емес, ата-аналар, мектептер мен қоғам бірігіп атсалысқанда ғана біз күткен нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Шаргүл Қасымханқызы
27.03.2026ж.














