Солтүстік қазақыланып келеді

Солтүстік қазақыланып келеді

 

 

10 желтоқсан күні ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде «Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Солтүстік Қазақстан облысының дамуы» туралы облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен баспасөз-конференциясы өтті. Теріскейдегі халықтың әл-ауқаты мен аймақтың жалпы жағдайын жіті назарда ұстап отыратын газетіміз бұл жиынға қатысып, өңір басшысының әрбір мәліметін оқырманға жеткізуді жөн санады.

Халықтың табысы өсіп келеді

Облыс әкімінің сөзіне қарағанда: «биыл 9 айда барлық солтүстікқазақстандықтардың еңбекақысы 178 млрд теңгеге жетті. Былтыр осы кезеңде 151 млрд тг болған еді. Бір жылда еңбекақы қоры 18% көбейді. Облыста орташа еңбекақы 19% өсті. Тиісінше зейнетақы қорына түскен қаржы көлемі 22% ұлғайды» деді. Сондай-ақ Құмар Іргебайұлының айтуына қарағанда, жыл басында жоспарланған 12 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндеті де орындалған екен. Осыған байланысты салық түсімдері де молайған. Айталық былтыр облыс қазынасына 58 млрд теңге қаражат түссе, биыл бұл көрсеткіш 67 млрд теңгеге жеткен. Бұл дегеніңіз жақсы өсім. «Жергілікті бюджет былтырғы жылмен салыстырғанда 323 млрд теңгеден 393 млрд теңгеге дейін немесе 22% өсті. Осының арқасында әлеуметтік маңызы бар көптеген жобалар жүзеге асты», дейді Құмар Ақсақалов.  Сонымен қатар, ауылдардың инфрақұрылымын жаңартуға көп қаржы бөлінген. Бұл туралы нақты есеп бойынша 2021 жылы 132 ауылды жаңғыртуға 22 млрд тг қарастырылған екен. Осының нәтижесінде елді-мекендерде мектептер, емдеу мекемелері, ауыл жолдары және су желілері жөнделген.

Шаруашылығы шалқыған аймақ

«Ауылшаруашылығы Солтүстік Қазақстан облысының дамуының қозғаушы күші. Биыл бұл салаға құйылатын инвестиция 140 млрд теңгеге жетеді. Қазақстанның ауыл шаруашылығына салынған инвестицияның төрттен бірі солтүстік өңірге тиесілі» деді Құмар Ақсақалов. Биыл ауылшаруашылығы саласында 48 млрд теңгелік 34 жобасы жүзеге асырылған екен. Әкімнің есебіне жүгінсек  майлы дақылдар алқабы айтарлықтай ұлғайған. 1990 жылдардың басында облыс бойынша майлы дақылдар егілетін жер көлемі 51 мың гектар болса, қазір 1 млн гектарға жеткен. Бұл жағдай ескеріліп, аймақта Қазақстандағы ең үлкен май зауыт салынып жатыр екен. Жоспар бойынша бұл өндіірс орнында жылына 370 мың тонна өнім өңделетін болмақ. «Бұдан бөлек СОҚ-да 7 астық қоймасы мен тұқым шығаратын зауыт салынуда. 3 мың тоннаға жуық көкөніс өсіретін жылыжайдың құрылысы басталды. Қазақстан бойынша сүт өндірумен 500 шаруашылық айналысса, оның  90-ы Солтүстік Қазақстан облысында, яғни әрбір 5-ші ферма солтүстікте шоғырланған. Біздің облыс ел бойынша  сүт фермаларын салу жағынан көш бастап тұр. Қазақстанда 29 сүт кешені салынуда, оның жартысы біздің өңірде. Биыл 16 шаруа қожалығының құрылысы басталып, жыл соңына дейін 10 кешен іске қосылады, оларда 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа фермалар қосымша 45 мың тонна өнім береді. Осы жобалардың арқасында бір жылдың ішінде сүт өндіру көлемі 598 мыңнан 630 мың тоннаға дейін өседі. Сондай-ақ ет өндірісін 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін көбейту жоспарланған. Осы мақсатқа жету үшін 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы салынуда. Облыста 2 жаңа құс фабрикасының құрылысы басталды. Қой шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы қабылданды. Облысқа 13 мың бас қой әкелінді», деді облыс басшысы.

Халыққа қажетті нысандар

Білім беру саласында да оң өзгерістер көп. Биыл 4 млрд теңгеге 52 білім мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Мектептерді жаңарту жұмысы үшінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Осылайша өңірдегі барлық мектептердің 64% жаңартылды. Балалар мен мұғалімдерге барынша жағдай жасалды. 84 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Облыс орталығында 900 балаға арналған қазақ тілді мектеп ашылды. Ауылдарда тағы екі мектеп салынады. Қалада 1200 орындық мектептің құрылысы  басталады. Жалпы алдағы жылдары өңірде 15 мектеп салынады. Заманауи зертханалары бар оқу-зертхана ғимаратының құрылысы жалғасуда. Әскери институтқа да жаңа ғимараттар құрылысы жүргізілуде. Әлемдегі ең үздік университеттердің бірі – Аризона университетімен келіссөздер жүріп жатыр. Солтүстікқазақстандық студенттер америкалық университеттің цифрлық білім беру ресурстарына қол жеткізе алады. Қос дипломдық білім беруді енгізу жоспарланған. Бұдан басқа, заманауи көп салалы аурухана салынуда. Денсаулық сақтау саласында ауруханалар заманауи МРТ, КТ, ангиограф және рентген аппараттарымен жабдықталған. «Береке» және «Жас өркен» шағын аудандарында жаңа емханалар ашылады. Облысты кешенді дамыту жоспарына сәйкес, ауылдық жерлерде 47 медициналық нысанның құрылысы басталады», деді облыс әкімі.  

Өркендеу жолындағы өнеркәсіп

Солтүстікте ауылшаруашылығы саласынан бөлек өнеркәсіп те даму жолына қадам басқан. Қазіргі таңда құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар мен өзге де тұрмысқа аса қажетті бұйымдар дайындайтын зауыттар бой көтеріп жатыр. Соның мысалы ретінде олбыс әкімі ламинатталған фанера комбинаты мен жұмсақ контейнерлер шығаратын фабриканы атады. «Зауытта ламинатталған фанераға сұраныстың 30%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Қазір комбинат жүктемесі 100%, 3 айға жетерлік тапсырыстар алынды. Бұл инвесторда бөлшектер тақтасын шығаратын зауыттың жобасы бар. Инвестициялар 4 млрд теңгені құрайды. Жаңа жобаны іске қосу өңірдің және елдің жиһаз саласын дамытуға серпін береді. Жұмсақ контейнерлер шығаратын фабрика айналымын ұлғайтуда. Ашылған күннен бастап 1,2 млрд теңгеге 220 мың биг-бег жүргізілді. Кәсіпорынның тапсырыс берушілері «Қазмырыш» және «Қазақмыс» сияқты белгілі компаниялар. Биыл елімізде құрылыс материалдары айтарлықтай қымбаттады, ал біздің облыс оларды сырттан әкеледі. Құрылыс материалдарын басқа аймақтардан тасымалдау оның соңғы бағасына әсерін тигізеді. Бұл мәселенің шешімі – облыс аумағында құрылыс материалдары өндірісін дамыту. Өңірде қазір кірпіш зауытының құрылысы аяқталуда, ол өңірдің кірпішке деген қажеттілігінің 30%-ын жабуға мүмкіндік береді. Сұранысқа ие тағы бір құрылыс материалы – автоклавты газоблок. Жақында облыс орталығында осындай зауыт ашылды. Тағы бір перспективалы бағыт – қағаз өнімдерін өндіру. Петропавлда қағаз бұйымдар фабрикасын салып жатырмыз, ол майлықтар, гигиеналық және кеңсе қағаздарын шығаратын болады. «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы аумағында перспективалы инвестициялық жобалар іске асырылуда: электротехникалық зауыт және «CLAAS» ауылшаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі кәсіпорын. Қағаз өнімдерін өндіру бойынша тағы бір жоба іске қосылмақ», деді облыс әкімі.

            Кәсіпкерліктің де бәсі түгел

Облыс әкімі баяндамасында өңірдегі шағын және орта бизнес саласының да айтарлықтай дамып келе жатқандығын айырықша атап өтті. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер саны 2,7 мыңға артты, 5 жыл ішінде ШОБ өнімдерін шығару 2 есеге өсті, 374 млрд теңгеден 776 млрд теңгеге дейін, бюджеттің кіріс бөлігінде ШОБ-тан түскен салықтар үлесі 49-дан 61 пайызға дейін ұлғайды. Көріп отырғандарыңыздай, жобалар аз емес, бұл көрсеткіштерді жақсартуға берік негіз болады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 360 млрд теңгені құрайды деп күтілуде. Бір жыл ішінде қосымша 45 млрд теңге. Облыс инвесторлар үшін тартымды. Оны көрсеткіштерден байқауға болады. Инвестициялар көлемінің өсімі 12%, 286 млрд теңгеден 320 млрд теңгеге дейін», деді Құмар Ақсақалов.  Бұдан бөлек СҚО – еліміздегі ішкі және сыртқы көші-қонның басты бағыт алатын аймақтарының бірі есептеледі. Қазіргі таңда ішкі көші-қонды жандандыру мақсатында мемлекеттік бағдармалармар мен қоса теріскейге қоныс аударуды дәріптейтін еріктілер де көбейіп келеді. Бұның маңыздылығы жалпыға түсінікті деп ойлаймыз. Кезінде 1 млн-ға жуық тұрғыны бар облыста қазіргі күнде соның жартысы өмір сүріп жатыр. Ақпарат құралдарында айтылып жатқанындай биыл солтүстікке шетелдерден қоныс аударған қандастарымыздың да орналасып жатқаны белгілі. Биыл күзде шетелдерден оралған 25 отбасы Есіл ауданы мен Шал ақын аудандарына табан тірепті. «Олардың барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілген, қазіргі уақытта құжаттар рәсімделуде. 25 отбасының 16-сы Ираннан жақында келгендер, 9 отбасы бұрын Иранда тұрып, Маңғыстау облысына көшіп келген, шамамен бір жыл сол жерде тұрып, бізге көшіп келгендер. Өздеріңіз білесіздер, жұмыс күші артық өңірлерден (Оңтүстік облыстар мен Маңғыстау облысы) қоныс аудару бағдарламасы бар. Адамдарға бір жылға дейін қоныс аудару және жалға алу ақысы төленеді. Бұл тартымды жағдайлар. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы жақсы жерлерімен және жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізу үшін жақсы мүмкіндіктерімен танымал. Кім жұмыс істегісі келсе, жұмыс әрқашан табылады. Бұл бағдарлама өңіріміз үшін өте қажет деп ойлаймын», – деді әкім мырза.

Елді мекендегі атаулар өзгертілуде

Баяндама соңында облыс басшысына көңілде жүрген бір-екі сауалымызды қойдық. Оның бірі солтүстіктегі елді мекендер мен көшелердегі Кеңес одағы отаршылдығынан қалған атауларды өзгерту мәселесі болса, екіншісі Қызылобадан табылған кесенелердің жайы еді. «Біз бұл мәселені назарда ұстап отырмыз. Соңғы кезде санақ жүргізілуіне байланысты ауылдардың, көшелердің аттарын өзгерту жұмысы тоқтап қалды. Мұны қайтадан жалғастырып жатырмыз. Былтыр облыс бойынша 300-ге жуық көше аттары өзгертілген еді. Биыл да 100-ге тарта ұсыныс келіп түсті. Мұның барлығы ономастикалық комиссияда қаралады. Бұл жұмыстар міндетті түрде орындалады. Өйткені оның барлығы кеңес үкіметі кезінен қалған атаулар ғой. Бүгінгі уақытқа, бұлар заманның талабына сай емес.     Ал Қызылобадан Орта ғасырларға тиеселі мазарлардың табылғанын білесіздер. Бұл жұмысқа Торайғыров университетін мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың ғалымдары мен архелогтары кірісіп 3 жыл бойы қазба жүмыстары мен зерттеулер жасады. Пандемияға байланысты аздап саябырлаған еді. Қазіргі таңда табылған дүниелер бүлінбеу үшін төбесіне шатыр орнатылды. Алдағы уақытта Қызылобадан республикалық маңызы бар кешен ашыуды жоспарлап отырмыз. Бұған қажетті өтініштер жоғарыға жолданды», деді Құмар Іргебайұлы.

 

 

 

 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
16.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 102
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 99
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 93
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 82
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 979
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1018
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 993

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5982
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5425
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8609
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6416
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7624