Әлемдегі ең қауіпті көлеңкелі бизнестің бір түрі – есірткі саудасы. Әрине, көлеңкелі болғасын, оның нақты айналымын дөп басу айту мүмкін емес, дегенмен сарапшылардың болжамына сүйенсек, әлемдегі есірткі саудасының көлемі 800 миллиард пен 1 триллион АҚШ долларының аралығында ұқсайды. Осыншама пайдаға кенеліп жүрген «бизнесмендер» осы заттың кесірінен қаншама тағдырдың опат болып жатқанын ойламайды, әрине. Қалта қампайып жатқанда олардың тағдырына түкіргені бар ма? Ресми емес мәліметтерге сенсек, әлемде 300 миллионға жуық адам есірткі тұтынатыны болжанса, 40 миллионға жуық нашақор денсаулығынан айырылып, есірткіге әбден тәуелді күйге түскен. Әрине, бұл санның артында қаншама отбасының, қаншама азаматтың тағдыры байлаулы екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Есірткінің салдарынан адам құқын таптау, ұрлық, тонау, адам өлімі секілді қылмыстар санының қанша еселеп артып жатқанын бір Алладан өзге ешкім білмейді.
Бұл әлемдік проблеманың Қазақстанды да айналып өтіп жатпағаны белгілі. Қадағалауда қанша жерден қырағылық танытып, тәркілеп жатқанымен, көзін тауып, тасымалданып жатқанына ешкім дау тудыра алмайды. Дегенмен, есірткі бизнесіне тосқауыл қоюда бір сәтке де босаңсуға болмайды. Тәртіп сақшылары бұл мақсатта жұмысын жандандырмаса, бәсеңдеткен емес деп ойлаймыз. Сөзімізге дәлел болар айғақ жеткілікті.
...Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында жергілікті тұрғынның үйінде есірткі затына ұқсас өсімдікті өсіргенін анықтады.
Күдіктінің ауласын тінту кезінде 9 түп есірткі затына ұқсас өсімдік тәркіленді. Сараптама көрсеткендей, бұл өсімдік «сора» болып шықты. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеді. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осыған ұқсас жайт көрші Сарыағаш ауданында да орын алды. Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық шарасы кезінде 2 тұрғынның өз ауласына есірткі өсіргендігін анықтады. Полицейлер күдіктілердің үйіне барып, олардың ауласын тінту кезінде егістік алқаптан заңсыз есірткі затына ұқсас өсімдікті тапты. Оны айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жолдады. Нәтижесінде алынған өсімдіктің 90 түп «сора» есірткісі екендігі анықталды. Сондай-ақ күдіктілер өзгенің егін алқабында жұмысшы болып істейтіндері расталды. Қазіргі таңда күдікті деп танылған 2 ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ, «Қапланбек» шекарасының бақылау бекетінен есірткі алып өтпек болған шетелдікті анықтады. Нақтырақ айтар болсақ, полицейлер Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына өтіп бара жатқан «Man TGX 18480» маркалы автокөлікті тоқтатты. Оны тексеру кезінде «Ачи» атты қызметтік ит белгі беріп, полицейлердің көлік жүргізушісіне деген күдігін күшейтті. Осыдан соң сақшылар тиянақты тексеру барысында жүргізушінің Өзбекстан Республикасының азаматы екенін анықтап, ит белгі берген көліктің тұсын мұқият қарады. Нәтижесінде аталған жүк көлігінің құрал-саймандар салатын жәшігінің ішінен есірткіге ұқсас зат айғақ ретінде тәркіленді. Алынған затқа сараптама тағайындалып, қорытынды көрсеткендей «марихуана» есірткісі болып шықты. Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен «Жібек жолы» шекарасының бақылап-өткізу бекетінен есірткі алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Өзбекстандық тұрғын ел аумағына өтерде «Клементина» атты ит белгі береді. Оқиға бойынша тәртіп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізіп, оның шалбарының оң жақ қалтасынан полиэтилен пакетке салынған есірткі затына ұқсас зат табады. Сараптама шетелдіктен алынған заттың «гашиш» есірткісі екенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Шекарадан осыған ұқсас жайттар жиі кездеседі.
Қазығұрт ауданының тәртіп сақшылары да «Қарасора – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында жергілікті тұрғынның үйінде есірткі затына ұқсас өсімдікті сақтап жүргенін анықтады. Күдіктінің үйін тінту кезінде пакетке оралған есірткі затына ұқсас кептірілген өсімдікті тәркілеп алды. Сараптама көрсеткендей, ол салмағы 80 грамға жуық «кептірілген марихуана» болып шықты. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолында «Ауди С4» маркалы автокөлікті күдікті ретінде тоқтатқан түлкібастық полицейлер тінту кезінде автокөлік салонынан ішінде есірткіге ұқсас заты бар 1 қап пен 1 полиэтилен пакет тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі жалпы салмағы 10 келіден асатын «кептірілген марихуана» екен. Күдікті Жамбыл облысының тұрғыны бұрын да сотты болған, жеке тасымалмен айналысатын жүргізуші екен. Сол секілді кентаулық тәртіп сақшылары жаяу жүргіншіден есірткі затын тәркіледі. Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан келген хабарламада шағымданушының үйінің жанында әлдебіреудің есірткі затына ұқсас затты қолданып отырғаны айтылған. Полицейлер ақпарат алысымен тез арада іске кірісіп, күдіктіні қолға түсірді. Оның жеке басына тінту жүргізу кезінде шалбарының сол қалтасынан пакетке оралған жасыл түсті есірткі затына ұқсас ұнтақ табылды. Ол да «кептірілген марихуана» екен, салмағы 15 грамм.
Қолға түскендердің қатарында есірткі сатумен айналысатын нәзік жандылар да кездеседі. Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткі сатты деген күдікпен әйелді, яғни облыс орталығының тұрғынын ұстады. Басынан баяндар болсақ, полицейлер өткен жылдың желтоқсан айында Сайрам ауданында сезікті әйелдің тұрғындардың біріне «марихуана» есірткі заты бар сіріңке қорапшасын сатқанын анықтаған. Одан әрі жедел уәкілдер күдіктінің Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерінде тінту кезінде синтетикалық «пирролидиновалерофенон» препаратына ұқсас екі полиэтилен түйіншегін тауып алып, тәркілеген. Сараптамаға сәйкес, заттай дәлел ретінде алынған есірткінің салмағы 5 грамнан асты. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу кезінде жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберіліп, нәтижесінде 48 жастағы сотталушы әйелге ҚР ҚК 297-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жалғастыра берсек, мұндай оқиғаларды өте көп кездестіруге болады. Есірткі тұтыну мен сату, саудалауға қатысты қаншама адам сотталып жатса да, бұдан өзгелері өмірлік сабақ алмайтыны өкінішті. Қашанға дейін жалғаса бермек? Бәлкім, Парламенттегі халық қалаулылары бұл мәселеге тереңірек үңіліп, жазаны ауырлататын амалдар қарастыру керек-ау. Әйтпесе, есірткі бизнесінің тағдырларды талқандауды тоқтатпайтыны анық. Өз балаларымызға, бауырларымызға абай болайық, күдікті қадамға барып жүргенін байқасаңыз, алдын алудың қамына ертерек кіріскен жөн.